Нейропсихологпен бірге синестезияны талдап, синестеттер ұсынған мысалдарды қарастырамыз.

Бейсенбі қызғылт сары болатынын білесіз бе? Ноталар мен сандар да түрлі-түсті болады екен. Сөздер ащы не тәтті болса, есімдерден жемістің дәмі шығатын көрінеді. Синестеттер әлемді осылай сезеді. Синестезия – когнитивтік жүйенің көп міндеттілігіне қатысты құбылыс. Қозуға ұшыраған сезім мүшесі басқаларына әсер етеді. Осылайша ассоциативтік тізбек пайда болады: әріптер, сандар және дыбыстар қандай да бір түске боялса, қозғалыс дыбысқа айналып, сөздердің дәмі шыға бастайды. Ғылыми қоғамдастық бұл терминге күмәндана қарайды. Мәселенің мән-жайын анықтамақ болып, нейропсихолог Зарина Штеермен сұхбаттастық. Instagram-нан синестеттерді іздеп, әлемге олардың көзімен қарауға тырысып көрдік. Зарина бізге синестезия ұғымы және нейропластика жайлы баяндап, осы ерекшелікке ие адамдарға пайдалы кеңес берді.

Сіз синестезияны қалай анықтайсыз?

Көз алдыңызға төрт негізгі әлемді сезіп білу арнасын – көру, есту, сипап және иіс сезу қабілеттерін байланыстыратын сымдарды елестетіңіз. Синестезиясы жоқ адамдардың бойында бұл сымдар бір-бірімен қиылыспайды. Олар, мысалы, қызыл көйлекті жай ғана қызыл көйлек деп, шуды шу деп біледі. Синестеттердің миында бұл сымдар бір-бірімен түйісіп, өзара байланыс орнатады. Олар мұның бәрін ойдан шығарып алған жоқ. Олар шынымен де әлемді ассоциация арқылы сезіп таниды. Синестеттердің сезім арналарының сезімталдығы тұрақты, ал синестезиясы жоқ адамдардың көңіл күйге тәуелді сезіп білу қабілеті эпизодтық сипатқа ие.

Синестезияны қалай дәлелдеуге болады?

Белгілі бір құбылыс адамның өміріне кері әсерін тигізбесе, оны әдетте зерттемейді. Бұрын синестезия психикалық ауытқу делінетін, алайда кейіннен ол Аурулардың халықаралық жіктемесінен алынып тасталды. Синестезияны ауру деуге болмайды, ол – адамның психикалық ерекшелігі. Синестеттер әлемді айқын сезіп біледі. Синестезияның бар-жоғын анықтауға функционалдық магнитті-резонанстық томография, электроэнцефалография және психофизикалық тестілер көмектеседі. Соңғысына әдетте көп уақыт жұмсалады. Зерттеушілер адамнан белгілі бір заттың қандай ассоциация тудыратынын сұрайды. Біраздан соң тест қайта жүргізіледі. Ассоциациялар тұрақталса, адам синестет болып саналады.

Қиял мен синестезияны қалай ажыратуға болады?

Синестезия, негізі, туабітті қасиет, бірақ кей адамдарда уақыт өте келе пайда болады. Синестеттер балалар арасында көп. Олардың нейропластикасы жоғары, сезім арналары арасындағы байланыс күшті. Адам жасы ұлғайған сайын әлсірейтін бұл байланыстар синестеттердің бойында сақталып қалады. Кейіннен пайда болған синестезия, әрине, күмән тудырады. Ми жарақатын алған не психоактивті заттарды қолданған адамдар синестетикалық эпизодтарға шалдығуы мүмкін. Алайда бұл – уақыт өте келе жойылатын жасанды құбылыс. Сондықтан да ассоциациялары эпизодтық түрде ғана келетін адамдарды толыққанды синестет деуге болмайды. Синестезияны жаттығу арқылы дамыту мүмкін емес.

Синестезияның артықшылықтары мен кемшіліктері

Синестеттер шығармашылық мамандықтарды таңдауға бейім келеді. Ерекшелігі пайдаға асады. Синестеттерде сөздік-логикалық ес жақсы дамиды. Ассоциациялар тұрақты байланыс қалыптастырғандықтан, синестезиясы бар адамдар көргені мен естігенін есте оңай сақтайды. Олар әлемді айқын сезіп біледі. Алайда бала кезде қиын болуы мүмкін. Баланың жоғары сезімталдығы ата-анасы мен мұғалімдерді алаңдатып, ерекше қабілет қиялға теңеліп қалуы ықтимал. Айналасында түсіністікпен қарайтын ересек адам болмаған бала қиналуы мүмкін. Сондай-ақ синестеттер ақпараттың көптігінен шаршап жатады. Олар бастыны қосалқыдан ажырата алмайды. Оларға зейін салудың өзі қиынға түседі.

Синестеттерге не істеу керек?

Адам баласы – қандай да бір ортаның мүшесі болуға мұқтаж, әлеуметтік жаратылыс. Сондықтан да синестеттерге тәжірибе, ой бөлісіп, сезімдерін көрсетіп отыруға кеңес беремін. Миды артық дерекке толтырмауға тырысыңыз. Маңызды мен маңызсызды ажыратуды үйреніңіз. Ойыңызды ретке келтіру үшін күнделік жазып жүру пайдалы.

Бізге өзін синестет санайтын адамдар көптеп хабарласты. Олардың ішінен құбылыстың ғылыми анықтамасына сай келетін он адам табылды. Олар, мысалы, ыстық судың түсі қара, ал сенбі сары болады дейді. Синестезиясы ғылыми тұрғыдан дәлелденбегенімен, сезіп білуінде тұрақтылық байқалады. Төрт адамның хроместезиясы, бес адамның графема-түстік синестезиясы бар болып шықты. Біреуі лексикалық-дәмдік синестезияға ие.

Хроместеттер

Хроместезия – адамның санасында дыбыс пен түс арасында ассоциация тудыратын синестезия түрі.

Чихун

Тембрі жоғары дыбыстар ашық түстерге, ал төмен дыбыстар қою реңктерге боялады. Ішекті аспаптарды естігенде жылы сары түсті көремін, ал үрмелі аспаптардың дыбысы көгілдір не күлгін түске боялғандай болады. Хроместезиям бар екенін Буэнос-Айресте тұрғанда байқадым. Танго музыкасын тыңдап отырып, ойымда пайда болған түстерді кенеп бетіне түсіретінмін.

Марк

Хроместезиям басым болғанымен, бойымнан синестезияның басқа да түрлерін байқаймын. Мысалы, сандардың өзіндік түсі болады. «Бір» көк болып көрінеді. Сөздердің әуені болуы мүмкін. Ерекшелігім маған музыка жазуға көмектеседі. Әр нотаның, аккордтың және әуеннің белгілі бір түсі, пішіні, кейде тіпті дәмі болады. Үндестікке қарай, минорлық гармониялар қою қызыл және жасыл болып көрінеді. «Ре» нотасы санамда әрдайым жасыл.

Зарема

Дыбыстардан тітіркенетінмін. Шамадан тыс сезімталдық болар, өйткені мен иіске де, сипап сезу жағынан да өте сезімталмын. Қуат алып жатқан телефонның дыбысы көк түспен, перфоратордың дыбысы кіршең сұрғылт көк реңкпен, быжылдаған дыбыс қызғылт сары, қоңыр түстермен, ал вибрация дыбысы күңгірт қара түспен ассоциацияланады.

Жәния

Бала кезден бастап сандарды, әріптерді және ноталық партитураны түстермен байланыстыратынмын. Мысалы, «тоғыз» саны мен «фа» нотасы мен үшін әрдайым күлгін, «бес» саны сары, ал «соль» нотасы жасыл түспен бейнеленеді. Скрипканың дыбысы түйсігімді пышақтай тіліп өтеді, ал классикалық музыка шарап пен қызыл ағаш түстеріне боялады. Фолк музыка әрдайым жасыл не көгілдір реңктерге ие. Ерекшелігім жұмыс пен шығармашылықта көмектеседі. Кейде жойқын, шамадан тыс сенсорлық жүктемеге тап болатыным да бар.

Графема-түстік синестеттер

Графема-түстік синестезия – адамның санасында әріптер, сандар не сөздер мен қандай да бір түс арасында ассоциация тудыратын синестезия түрі.

Виктория

Бала кезімде менің әлемді ассоциация арқылы қабылдайтынымды ешкім түсінбеді. Буллингіге дейін жететін. Өмірлік оқиғалар мен жеке нәрселерді пішіндер мен түстер арқылы сипаттау маған оңайға түседі. Мысалы, мен үшін жұма шоколад пастасының түсі мен тәтті мақта пішініне ие. Жыл мезгіліне қарай, ол шабдалы түсті түкті кілемге айналуы мүмкін. «Үйде өткен» жайлы жұманы осылай көремін.

Дарья

Әлемді бірнеше сезім мүшесі арқылы сезіп білуім қалыпты жағдайға айналды. Көгілдір түсті дүйсенбіден әрдайым ментолдың иісін сеземін. Бейсенбі қызғылт сары түске боялады. Санамда тоқтаусыз пайда болатын ассоциациялар кейде адамдардың сөзін тыңдауға не зейін салуға кедергі келтіріп жатады. Мектепте оқығанда түнімен ұйықтай алмаған кездер болды. Айналамның бәрі санамды қоздыратын. Мысалы, таза төсек жаймасының өзіндік әні болатын. Қазір үйреніп те кеттім.

Аиша

Мен үшін сезімдер, сөздер, түстер, иістер, дәмдер, сандар және пішіндер өзара байланысты. Бұл – табиғи құбылыс. Жасыл түсті бейсенбіден жаңа орылған шөптің иісі, көкөніс дәмі шығады, ал пішіні шаршы мен «16» санына келеді. «Қазақ» сөзі қоңыр түске боялып, ағаштай қатты болып көрінеді. Дәмі умами іспетті, бу тәрізді сезіледі. Синестезия ойды оңай әрі тез жеткізуге көмектеседі. Мен әрбір сөзді оларды елестетіп, сезіп көруге болатындай етіп жеткіземін.

Даша

Мен үшін әр апта күнінің өзіндік түсі бар: дүйсенбі – Electric Blue, сейсенбі – сары, сәрсенбі – ашық күлгін, бейсенбі – сары, жұма таңқурай түстес. Айлардың да түсі бар: сәуір – жасыл, шілде – көгілдір, тамыз – қызыл. Синестезия эмоционалдыққа әсер етеді. Мен өткен-кеткеннен гөрі сол сәттерге қатысты ассоциациялар мен сезімдерді есте сақтаймын.

Лиза

Кейде ақпараттың көптігінен басым ауырады, бірақ синестезия жұмыста көмектеседі. Апта күндері маған түрлі-түсті болып көрінеді: дүйсенбі – сары, сәрсенбі – күлгін, бейсенбі – қоңыр.

Лексикалық-дәмдік синестеттер

Лексикалық-дәмдік синестезия – адамның санасында сөздер, түстер не эмоциялар мен қандай да бір дәм не иіс арасында ассоциация тудыратын синестезия түрі.

Татьяна

Ерекшелігім әлемді айқын сезіп білуге көмектеседі. Өзімді түсіну үшін дербес зерттеулер жүргізіп, түрлі тестілерден өттім. Маған сөздердің дәмі мен иісі бар болып көрінеді. Мысалы, «Павел» есімін жержаңғақ вафлиінің дәмімен, «Олесяны» попкорнмен байланыстырамын, ал «Даниил» өрік тосабының дәмін еске салады. «Алма» сөзінен дымқыл темірдің иісі, ал «қиярдан» тазалықтың иісі шығады. Синестезияны шығармашылықта тиімді пайдалануға болатын құрал деп білемін.

Темы