Босанған келіншектің денсаулығын қалпына келтіруді көздейтін қазақтың отбасылық ғұрпына қатысты ғылыми деректерге шолу

Бүгінде ежелгі дәстүрлерге ғылыми зерттеу көп жасалады, осылайша практикалық маңызы анықталады. Жаңа босанған келіншекті қалжалап, ана денсаулығына көңіл бөлетін қазақтың көне ғұрпы — соның жарқын дәлелі. 

Ата-бабаларымыз жаңа босанған әйелге ерекше күтім жасаудың маңызын ежелден түсінген. Жүкті әйелге арнап бір қойды байлап баққан. Оны «қалжа» деп атаған. Келінді босанғаннан кейін сол төлдің етімен сорпалап, ана денсаулығына ерекше көңіл бөлген. Буын-буыны бос, тісі әлсіз, күш-қуаты азайған әйел 40 күн бойы қалжа жеген.  Осылайша, жас ана әл-қуатын, күш-дәрменін тез қалпына келтіріп, сүті молайып, нəресте де тез ширайды деген наным-сенім ертеден қалыптасқан. 

Жас ананың қойдың мойын омыртқасын мүжуі де — өзінше бір дәстүр. Бірінші күні келін қалжаға сойылған қойдың алты буыннан тұратын мойын омыртқасын тісін тигізбей, қолымен мүжиді. Еттен тазарған жұлынды тік таяқшаға кигізіп, «баланың мойны тез қатайсын» деген ырыммен керегенің басына ілген. Ал қазіргі таңда оны кіреберіс есіктің маңдайшасынан да көруге болады. Бір жағынан, бұл бөтен адамдар үшін бір белгі іспеттес, яғни үйде жаңа босанған келіншек бар екенін аңғартып, оған артық салмақ салмауға үндейді.  

Қалжа етін ер адамға жегізбейді, әйтпесе «шашы селдіреп, таз болуы мүмкін» деген ырым бар. «Еркек олжадан, қатын қалжадан дәмелі» демекші, ер адамның ырысын олжа арттырса, әйел адамның қал-жағдайы осы қалжаға тікелей байланысты деген тәмсіл болса керек. 

Бір қызығы, қазақтың қалжасына ұқсас дәстүр әлем халықтарында да бар. Мысалы, Корея, Бутан, Қытай елдерінде де жас анаға сорпа беру ғұрпы бар. Егер бутандықтар босанған келіншекті тауық, қой я ешкінің етімен сорпаласа, кәрістер сиыр етінен пісірілген сорпаға балдыр қосып береді. Ал қытайлар сиыр етінің сорпасына қан құрамындағы қоректі заттар қорын молайту үшін зімбірді, ал сананы сергіту мақсатында бұғы мүйізін ұнтақтап қосады. 

Қалжа мен коллагеннің денсаулыққа пайдасы

Заманауи зерттеулерге сүйенсек, мал етінен дайындалған сорпа коллаген атты ақуызға бай. Ол тері, сүйек және буындарымызды қалпына келтіреді. Ағзамыздағы маңызды «құрылыс материалдарының» бірі болып табылатын коллаген медицина мен косметологияда кеңінен қолданылады. Зерттеулер көрсеткендей, коллаген созылмалы жараларды, күйіктерді, веноздық және диабеттік жараларды емдеуде, сондай-ақ пластикалық және реконструктивтік хирургияда, гинекологияда, урологияда, стоматологияда, нейрохирургияда, офтальмологияда және басқа да медицина салаларында тиімділігін дәлелдеген. Косметологияда терінің серпімділігін сақтау, қартаю үдерісін бәсеңсіту сияқты бағыттарда коллаген көптеп қолданылады. 

Жас ұлғайған сайын ағзамыздағы коллагеннің табиғи түрде түзілуі төмендеп, терінің серпімділігі жоғала бастайды, сүйекпен қоса буындар да әлсірейді. Осы ретте қалжа дәстүрінің маңызы зор екенін атап өткен жөн. Себебі табиғи коллагенге бай сорпа тіндерді қайта қалпына келтіріп, теріні жақсартады, сондай-ақ сүйек массасының нығаюына зор ықпал етеді. 

2023 жылы ғалымдар 26 түрлі зерттеуге метаанализ жасай отырып, коллаген қоспаларының теріні біршама ылғалдандыратынын растады. Алайда сорпаның түріне қарай коллаген қоры мен сапасы әр алуан келетінін де  ескерген жөн. Мысалы, сиыр сүйектерінен қайнатылған сорпа әлдеқайда сапалы. Тауық немесе қой етінен жасалған бір шыны сорпада шамамен 11 грамм ақуыз болса, сиыр сүйектерінен қайнатып жасаған сорпадағы ақуыз мөлшері 15 грамға жуықтайды. 

Мұны денсаулық және косметология саласындағы әлемдік деңгейдегі сарапшылар да растап отыр. Huberman Lab подкастында танымал биолог Эндрю Хуберман мен дерматолог Тео Солеймани «Ең тиімді коллаген қайсы?» деген сұраққа жауап іздейді. Талқылай келе, «ең дұрысы — сүйек сорпасындағы гидролизденген коллаген» деген тоқтамға келеді. Арнайы өңдеудің арқасында бұл коллагенді ағзамыз оңай сіңіреді, сондықтан да оның бізге берер пайдасы ұшан-теңіз.

100 грамм сүйек сорпасында тағы мынадай қоректі заттар болады:

Кальций: 91,1 миллиграмм 
Темір: 4,2 миллиграмм 
Магний: 36 миллиграмм 
Фосфор: 131 миллиграмм 
Калий: 506 миллиграмм 
Мыс: 0,3 миллиграмм
Марганец: 0,3 миллиграмм 
Селен: 11,6 микрограмм. 

Tatler Asia

Қалжаны үйде қалай әзірлейміз?

Құрамы:

1 кг қой еті (сүйекпен)
2-3 литр су
1 орташа пияз
2-3 сәбіз
2-3 картоп
1-2 ас қасық тұз
Бұрыш (дәміне қарай)
Дәмдеуіштер (лавр жапырағы, сарымсақ, т.б.)

Дайындау әдісі:

Қой етін жуып, сүйектерді шабыңыз. Пияз бен сәбізді ұсақтап тураңыз.
Сорпаны дайындау: Үлкен кастрюльге қой етін, туралған пияз бен сәбізді салыңыз. Суды мөлшерлеп қосып, қайнатыңыз.
Пісіру: Сорпа қайнағаннан кейін отты азайтып, 1,5-2 сағат бойы баяу отта пісіріңіз. Сорпаға дәм беру үшін дәмдеуіштерді қосыңыз.
Көкөністерді қосу: Картопты турап, сорпаға салып, тағы 30 минут пісіріңіз.
Ас тарту: Сорпа дайын болған соң, оны шұңғыл тәрелке не көже кесеге құйып, аскөк турап, безендіріңіз.

Ата-бабаларымыздың денсаулықты сақтаудың осынау тиімді тәсілін интуитивті түрде тапқаны қызық. Ал қазіргі ғылым оның қаншалықты адам ағзасы үшін маңызды үрдіс екенін растап отыр. Қазақ отбасыларында ғасырлар бойы дайындалып келе жатқан сүйек сорпасының негізгі компоненті — гидролизденген коллаген бүгінде медицина мен косметологияда must-have дүниеге айналған. 

Темы