Табиғи қоспалар мен дәрілер ағзаға пайдалы деп жатады. Шынымен де солай ма? Оны дұрыс қолданбаса не болады? Бүгін осы тақырыпты қаузаймыз.

Әдетте адамдар тек дәрігер тағайындаған дәрілерді ғана ішеді, ал тағамдық қоспаларға немқұрайды қарайды. Корейлік ғалымдардың айтуынша, қате дозалау бауырға зиян. Соңғы 25 жылдың ішінде бір ғана АҚШ-тың өзінде бауыр жеткіліксіздігіне шалдыққан адамдар саны сегіз есе өскен. Нарыққа көз жүгіртіп, биологиялық белсенді қоспалар (ББҚ) туралы әңгімелейміз.

Реттелмейтін нарық

2020 жылы АҚШ-тағы ББҚ сатылымдарының көлемі 10 миллиард АҚШ доллары мөлшерінен асып жығылған. Бұған негізінен COVID-19 пандемиясы әсер еткені анық. Адамдар иммунитетін күшейту үшін тағамдық қоспаларды белсенді қабылдай бастады. Осы орайда ББҚ дәрігердің рецептінсіз босатыла беретінін және сатылымдары табиғи құрамына қарай реттелмейтінін айта кету керек.

2022 жылы әлемдік тағамдық қоспалар нарығы 70 миллиард АҚШ долларына бағаланып отыр. 2031 жылға қарай 400 миллиардқа жетеді деген болжам бар. ББҚ тұтынушыларының 50%-ы Еуроодаққа тиесілі.

Көптеген мәдениеттерде шөппен емдеу дәстүрі бар. Үндістанда, Қытайда, Кореяда және Сингапурда емнің бұл түрі ресми денсаулық сақтау жүйесіне енгізілген.

Көп болған да жақсы емес

«Бәрі — у, бәрі — дәрі, ең бастысы — доза», — деген екен токсикология атасы Парацельс. Тым көп су ішу де интоксикацияға әкеп соғуы мүмкін. Бұл — барлық сусындар мен тамақтану өнімдеріне қатысты қағида. Мысалы, көк шай сығындысы сау адамдардың ағзасындағы бөгде химиялық заттарды бөгесе, семіруге не бауыр дертіне шалдыққан жандарды керісінше улайды.

Қазіргі таңда әлем халқы арасында ең танымал шөптердің бірі — ашваганда не үнді адамтамыры. Онымен артрит, диабет, гипертония және белсіздік сынды дерттерді емдейді. Алайда бұл емді шамадан тыс қолдану адам ДНҚ-ның бұзылуына әкеп соғады. Үндістанның дәстүрлі медицина министрлігі белгілеген дозадан асырмау керек. Мұндай доза ағза жасушаларына табиғи антиоксидант қызметін атқаратын глутатион затын бөлуге мүмкіндік береді.

Tatler Asia

Өнім сапасы бақылана бермейді

Зерттеулерге сенсек, көптеген тағамдық қоспалардың құрамында қауіпті химиялық заттар бар. Арасында фенилбутазон, антибиотиктер, алкоголь, улы өнеркәсіптік еріткіштер мен металдар бар.

Тағамдық қоспалар нарығында өнім таңбалаусыз, дозалау жөніндегі нұсқаусыз және кейінгі бақылаусыз шығарыла береді. ББҚ өндірушілері өнімді клиникаға дейінгі зерттеу жүргізіп, оның қауіпсіз екеніне көз жеткізбей-ақ сата береді. ББҚ-ның танымалдығы артқан сайын тұтынушылар қабылдап жүрген препараттарының дозасы, қарсы көрсетілімдері және тиімділігі туралы білуі тиіс.

Мақала алғашында Creative Commons лицензиясымен 360info сайтында жарияланған болатын. Мақаланы жазуға Доктор Аниндита Чакрабарти, Доктор Гутам Чоудхури және Доктор Шриджита Банерджи атсалысты.

Доктор Аниндита Чакрабарти — Шива Надара университетінің жаратылыстану ғылымдары кафедрасының доценті.

Доктор Гутам Чоудхури — тәуелсіз зерттеуші. Қазіргі таңда Париж-Сакле университетінде жұмыс істейді.

Доктор Шриджита Банерджи — Шива Надара университетінің Жаратылыстану ғылымдары мектебінің ғылыми қызметкері.

Аниндита Чакрабартидің бұл мақаласы ағылшын тілінде 2024 жылдың 24 желтоқсанында жарияланды. Анель Танкибаева оны 2025 жылдың 4 қаңтарында Tatler KZ-ке арнап аударып, жаңартты.

Темы