Қазіргі таңда жаһандық Wellness market бұрын-соңды адамзат тарихында болмаған нәтижеге қол жеткізіп отыр
Сауықтандыру нарығы бүгінде 1,5 триллион долларға бағаланады және бұл сан әрмен қарай өсе бермек. Салаға деген сұраныс жыл сайын 5-10% артып келеді.
Сарапшылардың пікірінше, бұл ретте пандемияның әсері мол. Көпшілік ұзақмерзімді локдаун, жалғыздық, өлімнен қорқу, жақынын жоғалтқаннан қайғы жұту, қаржылық қиындықтар мен болашаққа алаңдаудан туындаған күйзелістерден адамдардың жаны мен тәні біршама әлсіреді. Арада 5 жыл өтсе де, зияны әлі азаяр емес.
Пост-ковид синдромынан науқастарда ұйқысыздық, үрей, күйзеліс пен жүрек-қантамыр және тыныс алу жүйелері сыр берді. Созылмалы аурулары бір мезгілде асқынған адамдардың жағдайы одан әрі ушықты. Тіпті әр мемлекет осының бәрін ескере отырып, кешенді ем ұсынатын арнайы реабилитациялық орталық ашуды да көздеді. Бірақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы пандемия кезінде ресурс тапшылығы үлкен кедергі боларын алға тартты.
Әрине, қазір қай жақтан алып қарасақ та, саналы қоғам қалыптасып келеді. Сол себепті әркім өз жаны мен тәнінің саулығына өзі жауапты екенін ұғынғандай. Бұған жоғарыда айтылған сауықтандыру саласының өсімі дәлел бола алады.
Өйткені Wellness адамның физикалық және психикалық саулығына қызмет ететін құралдар мен терапия тәсілдерін қамтыған. Мысалы, сала нарығындағы өнімдерді тұтынушылар негізгі 6 бағыт бойынша көп ізденеді. Олар: денсаулық, фитнес, нутрициология, келбет, ұйқы және саналылық (Health, Fitness, Nutrition, Appearance, Sleep, Mindfulness).
Денсаулық
«Тәні саудың – жаны сау» деген сөз бар қазақта. Көпшіліктің қызығушылығын оятқан Wellness ұғымы аясында әсіресе деннің саулығын қадағалауға арналған health қосымшаларының алар орны ерекше. Сала қарқынды дамып келе жатқандықтан, жалпылама көрсеткіштерді ретке келтіруге көмектесумен қоса, нақты бір бағытты ұсынатын түрлері де пайда болған. Мысалы, әйелдер денсаулығына бағытталған шешімдер мен стартаптарға арналған технологияларды female technology, яғни, фемтех деп атайды. Олар әйелдер ағзасына тән биологиялық құбылыстардың түр-түрін бақылап отыруға көмектеседі: Clementine women's mental wellbeing support, Glow Ovulation & Period App, Elvie Breastfeeding Trainer. Іздей берсеңіз, барша әлемге танымал жұлдыздар негізін қалаған қосымшаларды да табасыз.
Мысалы, салауатты өмір салты інжілі деп атайтын Goop қосымшасын Гвинет Пэлтроу сауықтандыру саласы сәнге айналғанға дейін шығарған.