Неліктен «секс» дегенде ұяламыз, бірақ Google-де «қазақша секс» деп іздегендер саны 40 000-нан асады? Тыйым мен ұяттың салдарын алты адаммен талдаймыз
Қазақтар балалы болуға келгенде белсенді (204 елдің ішінде 56-орында), бірақ жыныстық қатынас туралы сөйлесуге келгенде ауыздарына құм құйылады. Ай сайын Google-де «қазақша секс» дегенді 40 000 рет іздейміз, бірақ бұл тақырыпта дауыстап әңгіме айтар адам мәдени мәңгіріп қалуы мүмкін.
Қазақ тілі тірі, бейнелі, метафораларға бай. Алайда секс тақырыбына келгенде, не биологияға кетеміз, не орыс, ағылшын тілдерінің көмегіне жүгінуге мәжбүр боламыз. «Секс», «оргазм», «либидо», «эрекция» – барлығы кірме сөздер. Әлде «көңіл қосу», «қосылу», «болу», «төсек ләззаты» деген эвфемизмдерге сүйенеміз. Әдемі естілетіні рас, бірақ бұл тым жалпы түсініктер емес пе?
Хандар билік еткен дәуір мен кеңес заманы кезеңіндегі мораль арасында қай кезде тән, құштарлық және ләззат туралы әңгімеміз көмескіленіп кетті? Тіл – қоғам айнасы. Егер қарапайым құбылыстардың мән-мағынасын дөп жеткізер төл сөзіміз болмаса, ойымызды қалайша еркін жеткіземіз?
«Мұның себебі неде?», «Ойды еркін әрі тура мағынада жеткізер сөздердің болмауы бізге қалай әсер етеді?» және «Қазақ тіліне сексуалдықты қайтару мүмкін бе?» деген сұрақтарға жауап табу үшін 28 бен 59 жас аралығындағы алты отандасымызбен сөйлестік.
Секс бар, бірақ ол туралы cөйлесуге болмайды
Тарихи тұрғыда қазақ мәдениетінде секс туралы көзқарас пен оның тіліне ислам, Қазақ хандығы кезеңіндегі дәстүрлер, кейін тіпті Ресей империясы мен кеңестік идеология ықпалы сияқты көптеген факторлар әсер етті. VI-VIII ғғ. ислам толық таралмаған кезде қазақ әйелдері әлдеқайда еркін болған, ал некеге дейінгі қатынас аса таңғаларлық құбылыс болмаған. Қазақ эпостарында арулардың сүйіктісіне бірге таң атыруға ұсыныс жасауы жиі кездеседі. Алайда VIII-IX ғғ. исламның таралуымен жаңа моральдық нормалар қалыптасты. Ислам жыныстық қатынасты жеке ләззаттан гөрі ұрпақ жалғастыру мен отбасылық құндылықтарға бағыттады. Одан кейін XIV-XV ғғ. Қазақ хандығының дәстүрлерінде әйелдің ар-намысы мен пәктігі ерекше мәнге ие болды. XIX ғасырда Ресей империясының құрамында болған қазақ қоғамы еуропалық моральдық көзқарастармен де санасуына тура келді, алайда бұл сексуалдыққа деген көзқарасты либерал етпеді. Керісінше Кеңес Одағында бұл тақырып мүлде жабық болып, «КСРО-да секс жоқ» деген түсінік қалыптасты. Жыныстық қатынас туралы ашық айту ұят, қорқынышты және орынсыз саналды. Осы тарихи кезеңдердің барлығы бүгінгі жағдайды қалыптастырды: қазақ қоғамында секс бар, бірақ ол туралы әлі де ашық айту қиын.
Терапевт дәрігер Ғалияның айтуынша, бұл тақырып біздің мәдениетте әлі күнге дейін табу: «Үйде анамыз «ана жеріңе ие бол» деп, оның не екенін айтпай, ымдап түсіндіреді. Ал мектепте биология сабағында мұғалім бұл тақырыпты «үйде оқыңдар» деп өткізіп жіберетін. Ол кезде интернет жоқ, сонда алып-қашпа әңгіме арасында ғана айтатынбыз», – дейді.
Сексолог әрі Tatler Kazakhstan-ның бас редакторы Анара да осы мәселені көтереді: «Секс – лас әңгіме. Етеккір, ішкиім, лубрикант – бәрі ұят. Ал ұят нәрселер туралы кім сөйлескісі келеді?»
Сонымен қатар психологиялық тұрғыда белгілі бір тақырыпты өз тілінде айту ыңғайсыздық тудырғанда, адамдар басқа тілге көшетіні мәлім. Ғалияның айтуынша, қазақша «жатып шықтың ба?» дегенде өзіңді жеңілтек әйел ретінде сезінсең, орысша «переспала» дегенде кінәлаушылық азырақ естіледі. Мұның себебін психологтар былай түсіндіреді: басқа тілде сөйлесу адамның эмоциясын бәсеңдетіп, ыңғайсыз тақырыптарды ашық айтуға көмектеседі. PR маманы әрі блогер Ұлпан да осы пікірге қосылады: «Кей адамдар белгілі бір нәрселер туралы өз тілінде сөйлесуге ыңғайсызданса, басқа тілге көшеді. Мысалы, біреу өз тілінде «мен сені жақсы көремін» деп айтуға қиналса, ол ағылшынша «I love you» дейді. Басқа тілде айтқанда басқа бір болмысымыз оянатындай. Абай айтқандай, неше тіл білсек, сонша түрлі адамбыз».
Бұл қазақ қоғамындағы жыныстық тақырыптардың тілдік деңгейде де шектеулі екенін көрсетеді. Егер біз өзіміздің тілдік қорымыздан осындай тақырыптарға қатысты сөздерді таба алмасақ, онда оны ашық әрі сауатты талқылау да қиындай түседі.
Сексолог Анельдің YouTube-те 334 000 оқырманы бар. Видеоларының астында өз сұрақтарын қалдыратындардың 70%-ы – ер адамдар. Анельдің ойынша, ер адамдардың бір-бірімен жыныстық қатынас туралы сөйлеспеуі намысшылдықтан, ұялғандықтан не мұсылманға жат деген түсініктен болса керек. Ал Instagram-дағы 120.000 оқырманының көбі – әйел адамдар. Анель қазақша сөздердің «қынап», «жатыр» деген баламалары бар, бірақ олар тым медициналық терминдер болғандықтан, кез келген адам білмеуі ықтимал.
Жыныстық сауат және мәдениет
Бұл бөлімде әртүрлі мамандықтағы алты спикер жыныстық сауаттылық, мәдениет және қазақ қоғамындағы жыныстық қатынасқа байланысты қалыптасқан көзқарастар туралы ойларымен бөліседі:
Қарлығаш, жазушы:
Менің әжем мен атам әңгіме барысында адамдар туралы сөйлескенде, «ұрғашы» мен «айғыр» деген сөздерді еш қысылмай қолданатын. Кейін ғана түсіндім, бұл негізі малға қатысты айтылатын сөздер ғой. Біздің секс туралы естігеніміз, бәлкім, осы ғана болған шығар. Ондай әңгімелерді қалыпты дүние сияқты байыппен, бояуын қанықтырмай-ақ айтатын. Ер адамды опасыздық жасағаны үшін айыптағанымен, анау бір айтарлықтай сөкпейтін. Әжемнің тіпті бірде былай деп айтқаны есімде: «Әрине, түсінікті ғой, ол – айғыр, оның басқа әйелдерге барғысы келеді, ал әйелі – ұрғашы», – деп түсіністік танытқан сыңай білдірді.