Соңғы зерттеу бойынша қант алмастырғыштардың да адам ағзасына зияны бар екені мәлім болды
Қант – күнделікті өміріміздің ажырамас бір бөлігі, алайда оны шамадан тыс тұтыну семіздік, диабет және жүрек-қан тамырлары ауруларының басты себептерінің бірі саналады. ДДСҰ (Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының) ұсынысы бойынша, әйелдер күніне 6 шай қасықтан, ал ерлер 9 шай қасықтан артық қант тұтынбауы керек. Алайда шынайы өмірде бір адам орта есеппен 17 шай қасық қант тұтынады. Осыған байланысты соңғы жылдары қант алмастырғыштарға деген қызығушылық арта түсті. Бірақ ол да қаншалықты қауіпсіз?
Қант алмастырғыштар дегеніміз не?
Қант алмастырғыштар – тағамдарға тәтті дәм беру үшін қолданылатын, бірақ калориясы төмен немесе калориясы мүлде жоқ заттар. Олар екі түрге бөлінеді:
- Жасанды тәттілендіргіштер – зертханалық жолмен алынатын химиялық қосылыстар (аспартам, сахарин, сукралоза).
- Табиғи тәттілендіргіштер – бал, қарақұмық шәрбаты (меласса), құрма, кокос қанты және агав шәрбатынан алынатын табиғи заттар (стевия, монашақ жемісі сығындысы).
Жасанды тәттілендіргіштер кәдімгі қанттан 200-700 есе тәтті болуы мүмкін, бірақ олардың құрамында дәрумендер, минералдар, талшықтар немесе антиоксиданттар сияқты ешқандай қоректік заттар жоқ.
Қант алмастырғыштар арықтауға көмектесе ме?
Бірқатар зерттеулер қант алмастырғыштардың артық салмақтың алдын алуға көмектесетінін айтады. Өйткені олар калориясы жоғары қанттың орнын басып, жалпы калория тұтынуды төмендетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар олар тіске зиян келтірмейді, сондықтан тәтті сусындар мен тағамдарға жақсы балама ретінде қарастырылады.
Дегенмен бірнеше күн бұрын жарияланған зерттеулердің нәтижесі керісінше болып шықты. Кейбір қант алмастырғыштар ағзадағы инсулин деңгейіне әсер етіп, аштық сезімін күшейтуі мүмкін. Бұл адамдарды артық тамақтануға итермелеп, салмақ қосудың алдын алмақ түгілі, керісінше семіздікке әкелуі мүмкін деген болжам бар. Сондықтан бұл мәселе бойынша нақты ғылыми консенсус әлі қалыптаспаған.
Денсаулыққа әсері қандай?
Қант алмастырғыштардың денсаулыққа әсері әлі де зерттеліп жатыр, бірақ кейбір негізгі қауіптерге назар аударған жөн:
- ішек денсаулығы: кейбір зерттеулер жасанды тәттілендіргіштердің ішек микрофлорасына кері әсер етуі мүмкін екенін көрсетеді. Мысалы, сахарин мен сукралоза ішек бактерияларының әртүрлілігін төмендетіп, метаболикалық бұзылуларға ықпал етуі мүмкін. Дегенмен бұл әсерлердің ұзақ мерзімді салдары туралы әлі нақты қорытынды жоқ;
- жүрек-қан тамырлары және диабет қаупі: кейбір бақылау зерттеулері қант алмастырғыштарды тұрақты түрде тұтыну жүрек-қан тамырлары аурулары мен 2-типті диабет қаупін арттыруы мүмкін екенін көрсетеді;
- асқазан-ішек жүйесі: кейбір адамдарда сахарин сияқты тәттілендіргіштерге аллергиялық реакция немесе ас қорыту жүйесінде жайсыздық сезімі пайда болуы мүмкін;
- қатерлі ісік қаупі: аспартам сияқты кейбір қант алмастырғыштардың қатерлі ісік қаупін арттыруы мүмкін деген пікірлер айтылған.
Ескере кетер жайт: 2024 жылы жаһандық қант алмастырғыштар нарығының құны шамамен $25-31 миллиард деп бағаланды. Болашақта бұл нарық айтарлықтай өседі деген болжам бар. 2030 жылға қарай $42 миллиард жетуі мүмкін. Бәлкім, сол себепті де қант алмастырғыштар туралы нақты зерттеулер шықпай жатқан шығар. Қалай болғанда да, нутрициологтар мен дәрігерлер қант пен қант алмастырғыштардың орнына жеміс жеген жөн дейді.