IMAGE Ritz-Carlton, Астана

Астананың ең үздік спаларын кішігірім топтамаға жинадық

Астанадағы ауа райының шашқа, теріге, иммунитетке және менталды денсаулыққа теріс әсері мол. Боран, аяз, құрғақ ауамен күресудің бірден-бір жолы — спаға бару. Жылынып, балдыр жамылып (теріні ылғалдандыру мақсатында), қысқа мерзімді цифрлық детокс жасауға болатын жерлер туралы әңгімелейміз.

The Ritz-Carlton, Astana отеліндегі спа

The Ritz-Carlton, Astana-дағы спа орталығы биыл сауықтыру туризмі саласындағы жетістіктері үшін бір емес, екі түрлі сыйлыққа ие болды. Атап айтсақ, Marriott International мен Kazakhstan’s Best Hotel SPA 2024. Ерекше көзге түсетіні, әрине, қызмет сапасы. Тіркеу аймағында жылы шыраймен қарсы алады, ем-шара бөлмесінде қажет заттың бәрін береді, сондай-ақ сонша температурасын қадағалап отырады. Мұнда массаж түрлері де көп. «Маттерхорн шыңы» массажын алып көруге кеңес береміз. Мастер денеңізді ақырын ғана уқалап, теріңізді тартып, оның күшеюіне септігін тигізеді. Атауы La Maison Valmont косметикалық брендінің отаны Швейцариядағы тауға нұсқайды. La Maison Valmont өнімдері, Espa және Thalgo косметикасы процедуралар барысында шешуші рөл атқарады. Құрамы табиғи болғандықтан, бұлардың кремдері мен сарысулары тері жасушаларын жаңартып, қоректендіреді.

Iridium Spa

Iridium қаланың қарбалас өмірінен қашып құтылуға мүмкіндік береді. Спа велнес-ретритке көбірек ұқсайтындай көрінеді: мұнда сергіткіш массаж да, хаммам-ритуал да, лимфа жүйесін күшейтетін терапия да бар. Күн жылыда қонақтар таза ауаға шығып, йогамен айналысады, қыста саунаға не бу бөлмесіне кіріп демалады. Спа The St. Regis отелі аумағында орналасқандықтан, бассейнде жүзіп жүріп, Есіл өзенін көруге болады. Қазіргі таңда «Шоколадты гоммаж» (екі сағаттық теріні қабыршақтандыру терапиясы және массаж) сынды кешенді қызмет түрлеріне сұраныс артып келеді. Процедура шай салтанатымен аяқталады. Мұндай демалыс біразға жететін жеңілдік пен қуат беретіні анық. 

Tatler Asia

Sheraton Astana отеліндегі Spa & Fitness

Жаңа жылдың келуіне аз ғана уақыт қалды, яғни мейрамға дайындықты әзірден бастау керек. Sheraton-да аквааэробика және жүзу сабақтары күн сайын өтеді. Жаттығудан кейін, әрине, саунаға баруға болады, ал толық релаксқа бөленемін десеңіз, «Анар түсін» көруге кеңес береміз. Бұл кезең-кезеңмен жүретін процедураға ароматерапия, скрабтау, орау және массаж кіреді. Бір ғана сеанстың өзі анар, манго, ваниль және қырмызыгүл сығындыларының арқасында теріні антиоксиданттармен байытады. Бірнеше адам болып барсаңыз, «Әйелдерге арналған ретрит» бағдарламасын қарастырып көріңіз. Бір күнге созылатын бағдарлама пилинг пен массажды қамтиды.

Eforea Spa

Eforea — Hilton Worldwide желісінің халықаралық бренді. Мұнда негізінен құрамы зат алмасу процестерін жеделдететін FABBRIMARINE косметикасы қолданылады. Балдырға орау, теңіз тұзымен скрабтау және шөп салынған дорбалармен жасалатын массаж сияқты процедуралардан кейін рахаттанып, жаңармау мүмкін емес. Сонымен қатар ескіше демалғанды ұнататын жандарға да жағдай жасалған. Кешен аумағында тұзды бөлме де, бассейн де, сауна да бар. 

SOBO SPA

Аралға барып демалғыңыз келе ме? Тропиктер Астанада да бар. Ботаникалық бақтың маңында. SOBO-ның ерекше атмосферасының сыры бамбук ағаштарында, көк интерьерінде, жарығында және хош иісті майшамдарында. Орталық өзін-өзі велнес кеңістігі деп атайды. Физикалық тұрғыдан да, рухани жаңару үшін де баруға арналған жер. Мұнда ритуал түрі көп. «Алынбаған қоңырау» ритуалы бірден көзге түсті. Ритуал аясында сіз гаджет қолданудан өз еркіңізбен бас тартасыз. Осы аралықта сізді булап, денеңізге пилинг пен майлы массаж жасап, бетіңіз бен шашыңызға маска жағып, соңында шай салтанатына шақырады.

Темы