Қазіргі қазақ әйелдері дәстүр мен заманауи талаптарды қалай ұштастырады?
Қазақ даласының таңғы жұмсақ алтын сәулесінде қалжаның (қой етінен дайындалған дәстүрлі сорпа) хош иісі мұрын жарады. Бұл ежелгі тағам босанған аналар үшін арнайы дайындалады, денесін ғана емес, жанын да жылытатын қамқорлық пен сүйіспеншіліктің символы. Бірақ бұл қасиетті дәстүрлер қазіргі заманның қарқынды талаптарымен қалайша жанасады?
Алматыдағы пәтерінде 30 жастағы Әйгерім баласының жөргектерін ауыстырып отырып, Инстаграмды парақтайды. Босанғаннан кейін «тез қалпына келу», «мінсіз формаға жету» туралы кеңестерден басы айналады. Ал анасының «демалу мен дәстүрдің маңызы» туралы айтқан ақылдары оған алыстағы әлемдей көрінеді. Ол қарапайым әрі тыныштыққа толы күндерді қайта аңсайды. Бірақ заманауи өмір аналардан көп нәрсені талап етеді.
Босанғаннан кейінгі күтімнің жағдайы
Әлемнің түкпір-түкпірінде босанғаннан кейінгі күтім – әйелдің өміріндегі ең маңызды уақыт. Бірақ ол көбіне назардан тыс қалады. Жаһандық деңгейде психологиялық денсаулық пен өзін-өзі күтудің маңызы көбірек айтыла бастағанымен, қазақ дәстүрлері ананың қалпына келуін қамтамасыз ететін қауымдық тәсілге негізделген.
Қазақстанда босанғаннан кейінгі күтім бұрыннан бері ананың күшін қалпына келтіріп, оны сыртқы стрестерден қорғауға бағытталған. Талқаннан пісірілген быламық ботқасы секілді нәрлі тағамдармен қатар, босанғаннан кейінгі 40 күндік күтім сияқты дәстүрлер ананы физикалық аурудан, эмоционалды күйзелістен, тіпті рухани зияннан қорғауға арналған.
Дегенмен қазіргі қарқынды өмір бұл дәстүрлерді не өзгеріске ұшыратты, не мүлдем жоғалтып жіберді. Бүгінде жұмысқа ерте оралу, сыртқы келбетке көңіл бөлу және «бәріне үлгеру» сияқты қазіргі заманның талаптары аналар үшін жаңа қиындықтар туғызып жатыр.
Дәстүрлі күтім құралдары
Бұрын босанған әйелді жақындары мен туыстары 40 күндік күтіммен қоршап, үй шаруасынан босатып, оған тек өз денсаулығы мен баласына көңіл бөлуге мүмкіндік беретін.
Сонымен қатар қазақ әйелдерінің босанғаннан кейінгі денсаулығын қалпына келтіруге көмектесетін ежелгі дәстүрлерінің бірі – ішті таңу. Бұрын ішкі ағзалардың дұрыс орналасуын қамтамасыз ету үшін белді арнайы матамен таңатын.
Қазіргі кезде бұл дәстүрдің заманауи нұсқасы Қазақстанда бенкунг деген атаумен танымал болып келеді. Бұл – Оңтүстік-Шығыс Азиядан (әсіресе Индонезия, Малайзия, Сингапурдан) шыққан іш таңу әдісі. Әйгерімнің білгені бойынша, Қазақстанда бұл қызметті доулалар ұсынады. Олар босанған ананың үйіне келіп, бенкунг әдісімен белін таңып береді. Бұрын белгілі бір мәдениетке тән болған бұл әдіс енді қазақстандық әйелдер арасында Инстаграм сияқты әлеуметтік желілер арқылы таралып, танымал болып жатыр. Осы доулалар тек Әйгерімнің ішін таңбай, сонымен қатар массаж жасайды әрі эмоционалды қолдау көрсетеді.
Бүгінде дәстүрлі қолдау түрлері жаңаша сипатқа ие. Қауымдастық тек отбасы мүшелерімен шектелмей, үй тазалаушылар, психологтар және доулаларды да қамтиды. Олар аналарға массаж жасап, психологиялық қолдау көрсетеді, сондай-ақ күнделікті тұрмыстық міндеттерді жеңілдетуге көмектеседі. Сонымен қатар көптеген аналар өздерін жалғыз сезінбеу үшін WhatsApp топтарынан қолдау табады. Батыста және Африкада «Баланы өсіру үшін ауыл керек» деген сөз бар, бұл қазақтарда әзілмен айтылатын «Бір кемпір бала бағамын деп өліп қалған» деген сөзбен үндес. Осыдан-ақ, бала тәрбиесіне қоғамның қатысуы бұрыннан маңызды болғанын көруге болады.
Қазіргі аналардың заманауи қиындықтары
Қазіргі қазақ аналары үшін босанғаннан кейінгі кезең – үлкен сынақ. Қалада тұратын Әйгерім ауылда тұратын әйелдерден әлдеқайда өзгеше жағдайға тап болады. «Анам менімен бір аптадай бірге болды, содан кейін мен жалғыз қалдым, – дейді Әйгерім, – қалжа немесе қырық күндік күтім туралы ойлануға уақыт та болмады».
Жұмысқа тез оралу, әлеуметтік белсенді болу және босанғаннан кейінгі дене пішінін қалпына келтіру секілді талаптар аналарға жаңа сынақтар жүктейді. Осындай қиындықтарға тап болған Әйгерім былай дейді:
«Басында босанудан кейін өзімді бірнәрседен қалып қойғандай сезіндім. Әріптестерімнің мансап жолында тез ілгерілеп жатқанын көрдім, ал мен жай үйде отырдым. Басында «мәңгі бақи осылай отырып қаламын ба?» деген ой маза бермеді, сондықтан балам ұйықтап жатқанда психологтардың дәрістерін тыңдай бастадым».
Бүгінде урбанизацияланған қазақ әйелдерінің арасында психологиялық денсаулықтың маңызы туралы түсінік артып келеді. Психологқа бару бұрынғыдай ұят нәрсе емес және көптеген жас аналар эмоционалды өзгерістерді жеңу үшін терапия сеанстарына қатысып, арнайы дәрістерді тыңдап жүр. Бұл – ана денсаулығына психологиялық және физикалық қалпына келуді тең дәрежеде қарастыратын кеңірек үрдістің бір бөлігі.
Негізінде аналар үшін жоғарыда аталған өмір салтының бірде-бір нұсқасы толық сәйкес келмейтінін атап өту керек. Дәстүр мен қазіргі заманның арасында әйелдер өзін-өзі қолдаудың жаңа жолын тауып келеді. Ең бастысы – аналарға өздеріне қажет кеңістік, түсіністік пен қолдау беру.