Йель университеті профессорларының зерттеулеріне сай, анда-санда шынайы бақытты баристадан іздеген жөн

Көзіңізді жұмып, бақыт туралы ойлаңызшы. Ойыңызға алдымен не келеді? Сән-салтанат, шексіз байлық па әлде күн сәулесіне малынған жағажайдағы сәнді вилла ма? 2010 жылы Принстон университетінде жүргізілген зерттеу бойынша, егер жылдық табысыңыз $75,000-ға (шамамен 40 миллион теңге) жетсе, одан артық ақшаның бақыт деңгейіне аса қатты әсер ете қоймайтынын анықтаған. Бірақ 2023 жылы бұл шек өзгеріп, жылына $90,000 (шамамен 47 миллион теңге) табыс бақытты болуға жеткілікті деп көрсетілген. Ғалымдар бұл сұрақтың жауабы әлдеқайда күрделі екенін айтады. Табыстың өмір сүру сапасын жақсартатыны сөзсіз, бірақ ол ұзақмерзімді шынайы бақыттың кілті емес. Біз Lumos Psychology мекемесінің психолог-консультантымен сөйлесіп, бақыттың неге қатысты екенін талқыладық.

Lumos Psychology мекемесінің әлеуметтік психологі Динара Түсіпқалиева:

«Табыс деңгейінің көрсеткіші ретінде материалдық жетістіктер адамның әлеуметтік иерархиядағы орнын жақсартып, бақыт сезімін арттыра алады. Демек, кімде-кім әлеуметтік-экономикалық жағдайын өзгерте алатынын білсе, олар бұдан ерекше қанағат табады. Ақша өмірдің күйзелісін азайтып, белгілі бір еркіндік берсе де, нағыз бақытқа бөлей алмайды. Ұзақ мерзімді әл-ауқат үшін материалдық байлыққа қарағанда, басқа факторлар маңыздырақ».

Сондай факторлардың бірі – әлеуметтік қарым-қатынастар. Осы орайда Йель университетінің профессоры Лори Сантостың зерттеулері ерекше маңызды. Оның айтуынша, бақытты болу үшін сәнді көлік немесе бренд киімдерден бұрын адамдармен қарым-қатынас маңыздырақ.

Лори Сантостың The Happiness Lab подкастында айтылғандай, таңертең кофеханада баристамен жылы сөйлесу, көршіңізбен аз да болса әңгіме-дүкен құру немесе кешке достарыңызбен кездесу сіздің бақыт деңгейіңізді арттырады. Әлеуметтік байланыстар – күнделікті күйбең тіршілікте байқалмайтын, бірақ бізге қуаныш сыйлайтын маңызды аспект.

Tatler Asia

Динара Түсіпқалиева да бұл ойды былай деп толықтырады:

«Әлеуметтік байланыстар бақыт деңгейін арттыруда маңызды рөл атқарады. Бұл достармен, отбасымен немесе әртүрлі әлеуметтік іс-шараларға қатысумен орнайтын қарым-қатынастарды қамтиды. Зерттеулер көрсеткендей, отбасының, достардың және қоғамдастықтың (көршілер, әріптестер және т. б.) қолдауы адамдардың өздерін бақытты сезінуіне көмектеседі. Себебі соның арқасында адамдар өзін қауіпсіз әрі қоғамның ажырамас бөлшегі іспетті сезінеді».

Соңғы бақытты сәттеріңізді есіңізге түсіріңізші. Сол сәттерде қасыңызда біреу болды ма? Жақын досыңызбен жайлы кешкі ас, отбасы мүшелерімен шүйіркелесу немесе бірге саяхатқа шығу секілді сәттер сізді шынымен қуанышқа бөлеген шығар? Мұның бәрі кездейсоқ емес. 2014 жылғы зерттеудің қорытындысы мұның әбден шындыққа жанасатынын дәлелдеген. Әлеуметтік байланыстардың болмауы жалғыздық сезімін күшейтеді және өмірге деген құлшыныс деңгейін төмендетеді.

«Қарым-қатынастар бойынша жұмыс істеген маңызды. Олар кездейсоқ емес, саналы түрде ұйымдастырылуы керек. Әлеуметтік байланыс өздігінен орнамайды, оған күш жұмсау қажет. Smalltalk-тың маңызы зор. Онлайн өмірдің үлесі көп болғаны сонша, біз көшеде бір-бірімізге жымиюды азайтып, қысқа өзара әрекеттесуді ұмытып барамыз», – деп Динара өз ойын  қорытындылады.

Tatler Asia

Пандемия кезеңі көрсеткендей, оқшаулану – адам үшін үлкен қауіп. Алуан түрлі мета-анализдер дүниежүзінде пандемия кезінде күйзеліс, үрей, жалғыздықтың күшейгенін атап өтті. Туыстарымен кездесе алмаған, той-мерекелерден шет қалған адамдар әлеуметтік байланыстың құндылығын жаңа қырынан түсінді. Технологияның артуы онлайн қарым-қатынасты жеңілдеткенімен, бетпе-бет әңгімелесудің орнын толтыра алмады. 

Сонымен шынайы бақытты сезіну үшін не істеу керек? Біріншіден, жақындарыңызбен жиі кездесу үшін уақыт бөлу маңызды. Достармен аптасына бір рет кездесуді жоспарлау, көшеде көршіңізбен әңгіме-дүкен құру сияқты қарапайым әрекеттер бақытқа бөлену мүмкіндігін арттыра алады. Сондықтан телефоныңызды шетке қойып, достарыңызды кешкі асқа шақырыңыз, ал таңертең кофеханадағы баристамен күліп амандасып, қал-жағдай сұрасыңыз. 

Tatler Asia

Темы