IMAGE Фотосуретші: Саша Слива

Фотосуретші Саша Слива арнайы Tatler үшін Бангкоктің 10 «жасырын жұмбақ» орындарына саяхат жасады

«Ақ Лотос» сериалының үшінші маусымынан кейін күллі әлем Таиландқа қарай бағыт алғандай. Ендеше аралдарға тіке тартпас бұрын ел астанасында біраз аялдап, туристерге лық толы жерлерден мейлінше алыс, нағыз қала рухы сезілетін шынайы Бангкокты тамашалап көріңіз.

Atlas Obscura, Royal Geographical Society, Getty Images сияқты беделді басылымдарда шығармашылығымен танылған фотограф әрі неономад Саша Слива 2024 жылдың күзінде Бангкокқа қоныс аударғаннан кейін «Мұнда қай жерлер шынымен қызық?» деген сұраққа жауап іздей бастады. Іздегені алдынан сұрамай-ақ табылды: қызық көкесі – қаланың «жасырын қазыналары», яғни кез келген адамның көзіне түсе қоймайтын барлар, атышулы стрит-фуд және заманауи галереялар. Саша бүкіл Бангкокты аралап шығып, біз үшін ең таңдаулысын топтама етіп ұсынды:

Sam Lor 

Аспаздардың жұмыстан кейін баратын мейрамханасы

Бангкок мейрамханалары жабылған соң, қаланың түкпір-түкпірінен келген аспаздар Sam Lor-да гурмандарға арналған түнгі афтепатиге жиналады. Мәзірдің өзіндік ерекшелігі – фьюжн стиліндегі тай тағамдары: мысалы, француз суфлесінің әдісімен әзірленген тай омлеті немесе «goong chae nampla» – тай асшаянынан салат жапырақтарына орап ұсынылатын севиче. Дегенмен мейрамхананың ең танымал тағамы – тамаринд тұздығында баяу бұқтырылып ысталған шошқа қабырғалары. Sam Lor мейрамханасының Напол Джо Джантракет пен Саки Хошино есімді аспаздары Тай шығанағының балық өнеркәсібіне қолдау көрсетіп, жергілікті және маусымдық өнімдерді пайдалануға ерекше мән береді.

Tatler Asia
Tatler Asia
Tatler Asia
Tatler Asia

Bangkok Kunsthalle

Заманауи өнер орталығы

Бангкоктің Чайнатаун ауданындағы бұрынғы баспахана ғимаратында орналасқан Кунстхалле сәнді жұмыс цехын еске салады. Бұл сәулет өнері, музыка және кино мәдениеті өзара үйлесім тапқан Таиландтың заманауи өнер әлеміне апаратын өзіндік «портал». 2024 жылы суретші Коракрита Арунанондчаяның «Nostalgia For Unity» жобасы кеңістікті руханият пен өтпелі кезеңдердің тақырыптарын зерттеген көп сезімді бастан кешер әлемге айналдырды.

Tatler Asia
Tatler Asia
Tatler Asia

The Warehouse Talat Noi

Бангкоктың шығармашыл жастары бас қосатын мәдени хаб

The Warehouse Talat Noi кеш сайын құбылады. Бүгін галерея, ертең концерт, арғы күні кино көрсетілімдерімен үйлескен шағын базар. Ішінде футуристік мейрамхана, уақытша тамақтану орындары және Clutch Bar – винил күйтабақ топтамалары мен ескі дыбыс техникасын тамашалауға болатын музыка әуесқойларына арналған винтаж бар. Айтпақшы, бұл жерге үй жануарларымен де келуге болады.

Tatler Asia
Tatler Asia
Tatler Asia
Tatler Asia

Commons Thonglor

Бангкоктың шығармашыл элитасының сүйікті қоғамдық кеңістігі

Бангкоктың ең сәнді аудандарының бірінде орналасқан The Commons-қа тәуліктің кез келген уақытында келуге болады. The Commons-та күніңізді Roots-тағы ең жақсы кофемен бастап, күндіз перуан, тай және итальян тағамдарынан дәм татып, кешті SugarRay барындағы ерекше коктейльдермен аяқтай аласыз. Мұнда музыкалық және көркемдік сабақтар, йога курстары және бүкіл отбасына арналған басқа да шаралар өткізіледі.

Tatler Asia
Tatler Asia
Tatler Asia

Mod Kaew Wine Bar

Табиғи шараптар бары

Mod Kaew Wine Bar – табиғи шараптың ең талғампаз білгірлерінің қасиетті мекені. Ерекше жайлылығымен және өндірістің нәзік әдістерін қолданып жасалатын теңдессіз шарап коллекциясымен таңғалдыратын бұл ғажайып бар Испания мен Францияның асыл шараптарымен белгілі. Жоғарғы қабатта орналасқан шарап «жертөлесі» – эстетика мен эксклюзивтің шынайы көрінісі. Мұнда сіз таңдаулы шараптармен керемет үйлесетін дәмді, жеңіл тағамдарды да таба аласыз, ал тұрақты түрде шақырылып тұратын дарынды қонақ аспаздардың арқасында Mod Kaew мәзірі қашан да өзекті әрі қызықты болары сөзсіз.

Tatler Asia
Tatler Asia
Tatler Asia
Tatler Asia

Ann Guay Tiew Kua Gai

Michelin Bib Gourmand белгісімен марапатталған стрит-фуд

Мишлен гиді мойындаған шынайы тай асханасын іздесеңіз, жергілікті гурмандар мен саяхатшылардың көңілін жаулаған орын – осы. Мұндағы ерекше тағам – сұйық жұмыртқа мен тауық еті қосылған хош иісті қуырылған күріш кеспесі. Сонымен қатар шошқа майында қуырылған, тұздығы белгілі бір мөлшерде ғана қосыла отырып әзірленген аты аңызға айналған wok hay кеспесінің де дәмін татып көруге болады. Бұл жер – нағыз гурмандар үшін таптырмас олжа.

Tatler Asia
Tatler Asia
Tatler Asia
Tatler Asia

Local Boys Coffee

Кофехана: Чайнатаундағы үздік кофе

Сіз үшін кофе жай ғана сусын емес, күллі бір дәстүр болса, Local Boys Coffee-ге қош келдіңіз. Мұнда мінсіз Songwat Latte және шынайы тайлық Es Yen кофесі әзірленеді. Local Boys-та кофе сусындарынан бөлек шайдың да түр-түрі бар. Шай құмар жандар үшін бұл жер – нағыз жұмақ. Үй жануарларымен кіруге рұқсат, сондай-ақ бір-екі сағат кітап оқып отырғысы келетіндерге де жағдай жасалған.

Tatler Asia
Tatler Asia
Tatler Asia

J. Boroski

Тек құпиясөз арқылы кіруге болатын коктейль жұмағы

Сәнді Thonglor ауданының қақ ортасында жасырынған, ешқандай жарнама мен мәзірсіз жұмыс істейтін бұл бардың есігі тек таңдаулы қонақтар үшін ашылады. Бұл жердің табалдырығын аттаған жанның әрқайсысына жекелей дайындалған коктейль ұсынылады. Ерекше коктейльдердің авторы – Нью-Йорк тумасы, Таиландтың миксология өнерінің жарқын жұлдызы Джозеф Бороски. Ол Maggie Choo’s, Clouds және The Iron Fairies сияқты барлардағы жұмысымен танымал. J. Boroski-де сусынды таңдамайсыз, оны автор өзі сіз үшін әп-сәтте ойлап тауып, дайындап береді. Барменге қазіргі көңіл күйіңізді сыбырлап жіберсеңіз, алдыңызда бір-ақ минуттың ішінде сізге арнап жасалған керемет коктейль тұрады.

Tatler Asia
Tatler Asia

Polo Fried Chicken

Мишленнің Bib Gourmand марапатына ие болған Бангкок аңызы

50 жылдан астам уақыт бойы қуырылған тауығының дәмі еш өзгермеген мейрамхана. Бүгінде отбасының үшінші буыны басқарып отырған мейрамхана өзі ұсынған тағамның дәмі мен сапасын жіті қадағалайды. Сом там жасыл папайя салаты мен жұмыртқа қосылған күріштің дәмін үйлестіре отырып қуырған тауықты жеп, Таиланд асханасына тән дәмнен ауыз тиер орын бұл.

Tatler Asia
Tatler Asia
Tatler Asia

Samrub Samrub Thai 

Дәстүрлерге авторлық көзқарас

Samrub Samrub Thai жалғыз келгендер үшін де, достарымен бірге келгендер үшін де ерекше кешкі ас атмосферасын сыйлайды. Мұнда әр қонаққа жылы, жайлы және бірегей орта ұсынылған. Michelin жұлдызына ие мейрамхана Asia's 50 Best Restaurants тізіміне енген. Бас аспаз Прин Полсук ежелгі тай рецептілерін қолдана отырып, заманауи талғаммен үйлестіріп, ескі аспаздық кітаптан шабыт алған. Мәзір екі ай сайын жаңарып отырады, тағамдарға маусымға сай ең сапалы ингредиенттер ғана қолданылады.

Tatler Asia
Tatler Asia

Темы