IMAGE Instagram @qazaqcoffee

Амстердам, Польша, Чикаго және Лондонда орналасқан қазақ асханасынан дәм татуға болатын мейрамханалар жайлы оқи отырыңыз.

Жыраққа кеткенде әр адам өз Отанының асханасын аңсайды. Әсіресе қазақ тағамдарына үйренген қазақстандықтар үшін ұлттық асханадан алыстау қиынға соғатыны рас. Себебі кез келген жерде қазы-қартасы мол беcбармақ, ыстық бауырсақ пен қаймақ қосылған шай табыла бермесі анық. Біз шетелде орналасқан, қазақтың дәстүрлі тағамдарын ұсынатын үздік мейрамханаларды жинап, мақала жаздық.

Jurta

Мекенжайы: ul. Piramowicza 10, Łódź, Польша 90-254

Jurta – отбасылық шағын мейрамхана, Польшаның Лодзь қаласында орналасқан. Оны 2018 жылы Алматының тумасы Андрей Водопьянов ашқан. Шетелде жүріп, қазақ тағамдарына деген сағынышы осындай кәсіп бастауға итермелепті. Мейрамхананы ашу үшін екі жылдай уақыт қажет болған. Интерьердің көп бөлігі қолдан жасалған, ал ұлттық стильдегі жастықтардың маталары арнайы Қазақстаннан әкелінген. Jurta иелері жобаға жанын салып, жүрек жылуын сіңіргенін бірден байқайсыз. Ас үйдің бас аспазы – Андрейдің әкесі. Ол 1980 жылдары қазақ офицерлеріне тағам әзірлеген тәжірибелі маман. Jurta мейрамханасында сорпа, жылқы етінен жасалған беcбармақ, мәнті, бауырсақ және шығыс тәттілері секілді тағамдар ұсынылады.

Tatler Asia
IMAGE Jurta | Instagram @jurta_restauracja
Tatler Asia

Qazaq Coffee

Мекенжайы: Zeilstraat 45-H, 1075SC, Амстердам

Алматылық Талғат Аубакиров 2022 жылы Амстердамға көшіп, 2023 жылдың маусым айында Qazaq Coffee спешиалти кофеханасын ашты. Бұл жер Амстердам үшін ерекше әрі сирек кездесетін тұжырымдамаға ие. Мұнда қазақ асханасы, қонақжайлығы мен дәстүрі үйлесім тапқан. Кофеханада қазақша шай, кардамон, қалампыр, зімбір және даршын қосылған тәтті шай, қоюландырылған сүт қосылған «жаңғақ» печеньесі мен вафель түтікшелері ұсынылады. Сондай-ақ мұнда QC House Blend арнайы кофесі сатылады, оны әзірлеуге Талғаттың достары көмектескен.

Tatler Asia
IMAGE Qazaq Coffee | Instagram @qazaqcoffee
Tatler Asia

NOWRUZ

Мекенжайы: 41 York Street, Twickenham TW1 3LP, Лондон

NOWRUZ – әйелдер басқаратын кәсіп. Бұл мейрамхана 2024 жылдың маусым айында ашылған. Оның тұжырымдамасы Орталық Азиядағы дәстүрлі шайханалар мен Наурыз мейрамының рухынан шабыт алған. Қожайыны бала кезінен Ауғанстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Қазақстан елдерінде саяхаттап, сол аймақтардың тағамдарына ерекше қызығушылық танытқан. NOWRUZ мейрамханасында қазақ, өзбек, тәжік және ауған асханалары ұсынылады. Мұнда мәнті, өзбек палауы, лағман, кәуап, самса, чебурек секілді тағамдарды табасыз. Сонымен қатар мәзірге бас аспаз әзірлеген арнайы десерттер кіреді әрі олар апта сайын жаңартылып отырады.

Tatler Asia
IMAGE NOWRUZ | Instagram @nowruz.london
Tatler Asia

Tary

Tary – қазақтың ұлттық колоритін сақтаған кофеханалар желісі. Олар Қазақстаннан бөлек, Чикаго, Мәскеу және Ташкентте жұмыс істейді. Қазақтың көне тағам дәстүрлерін жаңғырту және жаңа дәмдер әзірлеу – желінің басты мақсаты. Мысалы, мұнда тарыдан жасалған балмұздақ ұсынылады. Tary мәзірін этнограф-ғалым Әйгерім Мұсағазинова көне халықтық рецептер негізінде әзірлеген.

Бұл кофеханадан таңғы асқа «майсөк» пен мусс жеуге болады, ал жеңіл тамақ ретінде «ми палау», яғни мидан дайындалған палау ұсынылады. Бірінші тағам ретінде ақ сорпа (жылқы етінен дайындалған көже), негізгі мәзірден балғын қуырдақ алуға болады. Десертке ірімшік қосылған кәмпиттер мен вафли түтікшелері ұсынылады. Ал сусындардың ішінде қымыз, саумал, тары қосылған капучино және түрлі жеміс және дәмдеуіштермен дайындалған шайлар бар.

Tatler Asia
IMAGE Tary | Instagram @tar.coffee
Tatler Asia

Темы