Қазақ КСР көсемі Дінмұхамед Қонаев пен қазақтың ХХ ғасырдағы ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтің Америкаға сапары
Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаев пен ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің есімі барша қазаққа мәлім. Біреу білсе, біреу білмес, өткен ғасырдың 60-шы жылдары қос саңлақ мұхит асып, Америка жұртшылығын біраз таңқалдырғаны бар. КСРО өкілдері ретінде АҚШ-ты аралап, капиталистердің жүрегін жібітті.
КСРО көсемі Леонид Брежневпен арадағы достығы ерекше әрі Қазақстан экономикасын қарқынды дамытқан тұлға ретінде аты шыққан Қонаев үш апта бойы Америкада қарапайым турист болды. Уолл-стриттегі әйгілі қор биржасына барып, Майамиде дельфин шоуын көріп, Иллинойс штатындағы Авраам Линкольннің қабіріне зиярат етті. Сондай-ақ ол жоғары дәрежелі Кеңес одағының шенеунігі ретінде АҚШ-тың 34-президенті Дуайт Эйзенхауермен Ақ үйде кездесіп, штаттардың губернаторларымен және мэрлерімен бірнеше кездесу өткізді.
Бәлкім, жоғары дәрежелі шенеунік болмағандықтан шығар, Мұхтар Әуезовтің Америкаға сапарында ресми кездесулер аз болды. Ол АҚШ-та әлдеқайда емін-еркін саяхаттады. Аризонадағы америкалық үндістермен танысып, Үлкен Каньонды өз көзімен көріп қайтты. Йосемити ұлттық саябағында алып секвойя ағаштарын тамашалап, Диснейлендтің алғашқы қонақтарының бірі болды. Диснейлендті аралап жүрген Әуезов үш ұйықтасаңыз да, түсіңізге кірмес!.. Кейін ол өзінің күнделігінде әр аттракционды егжей-тегжей сипаттап, он бет қылып жазыпты. Бәлкім, өміріндегі ең бақытты шақтардың бірі болса керек.

Абызға айналған қос қазақ «басты жау» саналған елге қалай жетті, қалайша емін-еркін саяхаттады? 1953 жылы Сталин қайтыс болғаннан кейін, Кеңес одағының жаңа басшысы Никита Хрущёв Қырғи қабақ соғыстың қарқынын бәсеңсіту мақсатында бастама көтерді. 1959 жылы шілде айында ізгі ниет сапарымен америкалық тоғыз губернатордың Кеңес Одағына келуі бірегей оқиға болған еді. Олар Мәскеу, Тбилиси, Ташкент және Алматы қалаларын аралап, қадірлі қонақ болды. Сол кезде Колорадо губернаторы Стивен МакНиколс Алматыда ИЛ-18 ұшағынан шыққан бойда ұшар басын аппақ қар басқан Алатауды көріп, журналистерге: «Тура үйімдегідей ғажап көрініс!» – деп таңданысын жасырмаған еді. Қазақ КСР-нің басшысы ретінде Д. Қонаев америкалық саясаткерлерді Қазақстан астанасында үлкен сый-құрмет көрсетті. Арада бір жылға жетер-жетпес уақыт өткен соң, америкалық саясаткерлер Қонаевқа шақырту жіберіп, АҚШ-қа сапарлап келуін өтінген.