IMAGE Miami News

Қазақ КСР көсемі Дінмұхамед Қонаев пен қазақтың ХХ ғасырдағы ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтің Америкаға сапары

Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаев пен ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің есімі барша қазаққа мәлім. Біреу білсе, біреу білмес, өткен ғасырдың 60-шы жылдары қос саңлақ мұхит асып, Америка жұртшылығын біраз таңқалдырғаны бар. КСРО өкілдері ретінде АҚШ-ты аралап, капиталистердің жүрегін жібітті. 

КСРО көсемі Леонид Брежневпен арадағы достығы ерекше әрі Қазақстан экономикасын қарқынды дамытқан тұлға ретінде аты шыққан Қонаев үш апта бойы Америкада қарапайым турист болды. Уолл-стриттегі әйгілі қор биржасына барып, Майамиде дельфин шоуын көріп, Иллинойс штатындағы Авраам Линкольннің қабіріне зиярат етті. Сондай-ақ ол жоғары дәрежелі Кеңес одағының шенеунігі ретінде АҚШ-тың 34-президенті Дуайт Эйзенхауермен Ақ үйде кездесіп, штаттардың губернаторларымен және мэрлерімен бірнеше кездесу өткізді. 

Бәлкім, жоғары дәрежелі шенеунік болмағандықтан шығар, Мұхтар Әуезовтің Америкаға сапарында ресми кездесулер аз болды. Ол АҚШ-та әлдеқайда емін-еркін саяхаттады. Аризонадағы америкалық үндістермен танысып, Үлкен Каньонды өз көзімен көріп қайтты. Йосемити ұлттық саябағында алып секвойя ағаштарын тамашалап, Диснейлендтің алғашқы қонақтарының бірі болды. Диснейлендті аралап жүрген Әуезов үш ұйықтасаңыз да, түсіңізге кірмес!.. Кейін ол өзінің күнделігінде әр аттракционды егжей-тегжей сипаттап, он бет қылып жазыпты. Бәлкім, өміріндегі ең бақытты шақтардың бірі болса керек.

Tatler Asia
IMAGE The Idaho Daily Statesman

Абызға айналған қос қазақ «басты жау» саналған елге қалай жетті, қалайша емін-еркін саяхаттады? 1953 жылы Сталин қайтыс болғаннан кейін, Кеңес одағының жаңа басшысы Никита Хрущёв Қырғи қабақ соғыстың қарқынын бәсеңсіту мақсатында бастама көтерді. 1959 жылы шілде айында ізгі ниет сапарымен америкалық тоғыз губернатордың Кеңес Одағына келуі бірегей оқиға болған еді. Олар Мәскеу, Тбилиси, Ташкент және Алматы қалаларын аралап, қадірлі қонақ болды. Сол кезде Колорадо губернаторы Стивен МакНиколс Алматыда ИЛ-18 ұшағынан шыққан бойда ұшар басын аппақ қар басқан Алатауды көріп, журналистерге: «Тура үйімдегідей ғажап көрініс!» – деп таңданысын жасырмаған еді. Қазақ КСР-нің басшысы ретінде Д. Қонаев америкалық саясаткерлерді Қазақстан астанасында үлкен сый-құрмет көрсетті. Арада бір жылға жетер-жетпес уақыт өткен соң, америкалық саясаткерлер Қонаевқа шақырту жіберіп, АҚШ-қа сапарлап келуін өтінген. 

Ал М. Әуезов ақын-жазушылар делегациясы құрамындағы ізгі ниет елшілерінің бірі болып барды. 1959 жылдың қазан айында Мемлекеттік департамент бағдарламасы бойынша Эдвард Уикс, Пэдди Чайфски, Артур Шлезингер Джуниор және Альфред Казин есімді америкалық төрт жазушы КСРО-ға сапарлап келген болатын. Жарты жылдан кейін АҚШ Білім беру кеңесі төрт кеңестік жазушының Америкаға сапарына демеушілік етті. Кеңес Одағының ең жоғары әдеби марапаттарына ие Мұхтар Әуезовтің бұл сапарға баруы заңдылық-тын. Оған қоса құдасы Дінмұхамед Ахмедұлы да бұл ретте қолдау көрсетсе керек. Алайда олар Америкаға бірге саяхаттаған жоқ. 1960 жылы 18 ақпан күні Қонаев Мәскеуге қайтқалы жатты, ал Әуезов Америкаға енді ғана ұшып келген еді. Сөйтіп, екеуі Вашингтондағы Кеңес Үкіметінің елшілігінде кездейсоқ кездесіп қалады. Қол алысып тұрып, екеуі де күтпеген жерден жолығып қалғанына таңданысып, шүйіркелесіп біраз тұрады. 

Қонаев үш аптаға созылған сапарында Американың түкпір-түкпірін аралайды. Нью-Йорк, Нью-Джерси, Пенсильвания, Колумбия округі, Флорида, Иллинойс, Колорадо, Айдахо, тіпті Солтүстік Дакотаға дейін барған еді. Әуезовпен кенет жолыққан сәтте өзінің көрген-білгендерін ақтарып салуға бар еді. Алайда Нью-Йорктегі Айдлуайлд әуежайынан басталған сапары бір сәтсіз жайтпен басталғаны есіне түсіп кетіп, ойын дереу жинақтай қояды. Себебі әуежайдан күтіп алушылардың қатарында «Қонаев – қанішер» деген жазуы бар қағазды ұстап алып, ұрандатқан адамдар болған еді. 

Tatler Asia
IMAGE The Philadelphia Inquirer

«Тұтқындағы 200 әйелді танкілермен таптаған кім? Қонаев!» Мәртебелі меймандарды күтіп алған бір топ адамның арасындағы әлдекімнің қолында осындай да жазба болған. «1954 жылы Кеңгір көтерілісін басқан кім?» деген тағы бір сұраққа жауап ретінде «Қонаев» деп жазылған және бір плакат болған еді. Америкалық наразылық білдірушілер Жезқазған маңындағы ГУЛАГ-та болған Кеңгір көтерілісі туралы қайдан біледі? Бұл оқиғаны Александр Солженицын өзінің «Архипелаг ГУЛАГ» атты әлемге әйгілі шығармасында жазған болатын.

Бұл демонстранттар 1956 жылғы Венгрия революциясы кезінде Кеңес одағы күштері тарапынан қудаланған Венгрияның Саяси тұтқындар федерациясының он екі мүшесі болса керек. Олар Қонаев пен оның кеңестік әріптестерінің қыр соңынан қалмай, АҚШ-тың шығыс жағалауында орналасқан барлық қалаларда әлгіндей плакаттармен қарсы алған болатын. «Венгриядағы жасөспірімдерді өлтірмеңдер!», «Кеңес одағы – есірткі сатушы ел, еліңе қайт!» деген ұрандармен делегация мүшелерінің құтын қашырған. 

Әйтсе де Американың шығыс жағалауындағы штаттардан басқа аймақтардағы сапар ойдағыдай өтті. Отыздан астам өкілден құралған кеңестік делегация қауіпсіздігін полицейлер толық қамтамасыз етті. Мәртебелі меймандар мінген лимузиннің бірде-біреуі жолынан қалған жоқ. Кеңес одағынан келген құрметті қонақтар алдымен губернатор резиденциясындағы не қала әкімі кеңсесіндегі ресми кездесулерге, сауда палаталары ұйымдастырған банкеттерге қатысты. Аса сыйлы меймандарға экзотикалық жемістер мен тәттілер ұсынылып, ерекше темекілер тарту етілді. Майамиде делегация жетекшісі Дмитрий Полянский сөз сөйлеп: «Қырғи қабақ соғыс салдарынан пайда болған сең бұзылды. Әсіресе Флоридадағы бүгінгі кеш мұз құрсауды тездетіп ерітті!» – деді. 

Tatler Asia
IMAGE Miami News
Tatler Asia
IMAGE Evening Star

Сол банкетте Майами мэрі Роберт Кинг Хайдың темекісін тұтатып тұрып, әлденеге риза болып, күліп тұрған Қонаевты америкалық фотограф суретке түсіріп алады. Алайда көп ұзамай, бір келеңсіз жайт осы бір тамаша атмосфераны бұзады. Төлем жасайтын кез келгенде, америкалық тарап салғырттық танытып, шотты кім төлейтіні белгісіз болып шығады. Әлдебір журналистің айтуынша, округ комиссары Артур Х. Паттен Джуниор 12 «орысқа» арнап тапсырыс жасалған күріш пен үйрек үшін округ бюджеті есебінен 1000 доллар төлеуден бас тартқан. 

Кеңес делегациясы сапар соңына дейін бірнеше мәрте білімсіздік пен мәдениетсіздіктің куәсі болады. Мұрнын тыржитып, жақтырмай тұрғанын жасырмайтындар да жиі кездеседі. Делегация құрамында Халил Жалилов өзбек, Мамед Искендеров әзербайжан, ал Дінмұхамед Қонаев қазақ болса да, америкалық баспасөз оларды «орыстар» деп атайды. Кей басылымдар «қызылдар» деп анықтама береді. Полянский бір журналиске әзілдеп: «Арамызда қызыл түсті галстук таққан адам сіз ғана, бірақ сіз біз жақтан емессіз ғой, солай емес пе?» – дейді. 

АҚШ-тың 34-президенті Дуайт Д. Эйзенхауэр мен Дінмұхамед Қонаев Овал кабинетте емен-жарқын сөйлесіп, бұрыннан бірін-бірі танитын адамдардай әңгімелеседі. Бұл кездесу сапардың шарықтау шегі болған еді. Қазақ көшбасшысы коммунист әріптестерімен бірге Дуайт Д. Эйзенхауэрге кеңестік мұзжарғыштың макетін сыйлайды. Ал Эйзенхауэр Дінмұхамед Қонаевқа піл пішіндес түйреуішті, яғни өзін президенттік дәрежеге көтерген Республикалық партияның нышанын тарту етті. Сый-сияпатқа бірсыпыра тоқталар болсақ, Қонаев Филадельфия мэрінен Бостандық қоңырауының үш дюймдік көшірмесін, ал Иллинойста Авраам Линкольн үйінің ескерткішін сыйға алады. Бұл жәдігерлердің барлығын бүгінде Алматыдағы Дінмұхамед Қонаевтың мұражай-үйінің коллекциясынан тамашалауға болады. 

arrow left arrow left
arrow right arrow right
Фото 1 из 4 The Miami News
Фото 2 из 4 The Idaho Daily Statesman
Фото 3 из 4 The Baltimore Sun | The Bradenton Herald
Фото 4 из 4 The Baltimore Sun

Қонаев тұрған үйден бірнеше көше жоғары, Төлебаев көшесінің сол жағында М. Әуезовтің мұражай-үйі орналасқан. Мұнда Әуезовтің Америкаға сапарынан сыр шертер көрме ұйымдастырылған. Әуезовтің бастан кешкендері мен көрген-білгендері туралы ақпарат көп. Себебі ұлы жазушы «Америка әсерлері» атты қолжазбасы мен әрбір ойын түртіп отырған күнделігін жазып қалдырған. 

Сонымен қазақтың заңғар жазушысы Америка сапарында не істеді? Вашингтонда Қонаевпен қоштасқаннан кейін, Мұхтар Омарханұлы бір күнін толықтай қаланы аралауға арнайды. Капитолий ғимаратында Әуезов делегациямен бірге Сенатта азаматтық құқық туралы заң жобасының талқылауын бақылаған. Конгресс кітапханасында Әуезовке өзінің романдары ұсынылды (Бұл кітапханаға Қазақстаннан жылына елу кітап жеткізілетін). Бірнеше жыл бұрын салынған Ислам орталығында Әуезов имамнан намазға шақыру туралы сұрайды және оның стереомагнитофон арқылы таратылатынын біледі. Әуезов үшін Шекспирдің кітапханасына бару осы сапардағы басты оқиға болады. Оның пьесаларын («Отелло» және «Асауға тұсау») қазақ драматургінің тұңғыш рет қазақ тіліне аударуы, осы еңбектің әлемдегі ең үлкен Шекспир материалдары жинағына енуі – кім үшін де болсын үлкен қуаныш. 

Қай штатқа, қай қалаға барса да, америкалық журналистердің сабырлы да мәдениетті қазақ жазушысына деген ықыласы ерек болды. «Шығысқа тән көңілі кең, жүзі жылы. Нью-Йоркке Америкалық медициналық қауымдастық алдында баяндама жасау үшін Сан-Францискодан келген дәрігер деп ойлап қалуыңыз бек мүмкін», – деп жазады Әуезовті сипаттамақ болған америкалық газет тілшілерінің бірі. Әдеби қауымдастықтың басқосуы туралы тағы бір мақалада басқа бір репортёр: «Қазақтың көрнекті ғалымы және фольклортанушысы Әуезов алманың пішінін талқылау кезінде өзінің әдеттен тыс әрекетінен бас тартып, бағбан сияқты сабырлы көрінді», –  деп жазады. Сөйтіп, болмысы қарапайым ғалым Әуезов америкалық қауым тарпынан ерекше ілтипатқа бөленді. 

Міне, осылайша, тығыз қарым-қатынас кезінде Әуезов пен Қонаев «қырғи қабақ соғыс» салдарымен күресіп,  таптаурындарды бұзды. Осы сапарға дейін америкалықтар қазақтың қос заңғар тұлғасына қатысты «орыстар», «қызылдар» немесе ергежейлілер деген сияқты жаңсақ пікірлер айтатын. Ал Кеңес одағының адамдары зұлымдықтан басқаны білмейтін өзге ғаламшарлықтар ретінде қабылданатын. 

Алматыға қайтып оралған Әуезов Қонаевпен қауышқан кезде, бұл сапардың тарихи оқиға, үлкен жеңіс екенін айтқаны бар. Себебі газетке шыққан жүздеген мақала мен радиодан айтылған әңгімелер америкалықтардың көзін ашып, санасын серпілтті. «Кеңестердің» де әралуан халық екенін ұғындырды десек, артық айтпаспыз. Мейлі, ол орыс болсын, мейлі, қазақ, бастысы, «кеңестердің» де қатарында шынайы да мейірімді адамдардың жетіп артылатынына көз жеткізді. Қонаев пен Әуезов – Қазақстан халқы үшін аты аңызға айналған нар тұлғалар, ал америкалық аудитория олардың қарапайым, мейірімді де шынайы жандар екенін аңғарды. Әлемді шарлап, кедергілерді жойып, әрбір сәтті бағалай білетін қазақтарды көріп, дән риза болды. 

Темы