Кітапхана туралы көзқарасыңызды өзгертетін 7 футуристік ғимарат
Бұрын кітапханалар жай ғана жан азығы сақталатын киелі орын болса, қазір олар сәнді және инновациялық ғимараттар мен мәдени хабтарға айналған. Жай ғана кітаптар жинағы емес, бұл ғимараттар – нағыз шабыт көзі. XXI ғасырда кітапханалар тек оқу мен білім алу орталығы ғана емес, подкаст жазатын студиялар мен түрлі шеберлік сабағы өтетін көпфункциялы кеңістіктерге айналды. 2016 жылы Pew Research Center өткізген сараптамаға сәйкес, миллениалдар қоғамдық кітапханаларды басқа ұрпақтарға қарағанда жиірек пайдаланады. Сондықтан әлем жаңа сұраныстарға бейімделіп, кітапханалар қазір қайтадан «sexy and cool» форматта жаңарып жатыр. Тарихшылар XVII ғасырды «кітапханалардың алтын дәуірі» деп атаса да, төменде атап өтілген ғимараттар өзіндік ренессанс дәуірін бастан кешіріп жатыр. Төменде сізді таң қалдырып, кітапханалар туралы көзқарасыңызды түбегейлі өзгертетін 7 футуристік ғимарат туралы баяндаймыз.
Хельсинкидегі Ооди кітапханасы
Ашылған жылы: 2018
Финляндия өзінің көрнекті кітапхана мәдениетімен танымал. Хельсинкидің қақ ортасында орналасқан Ооди ғимараты – футуристік сәулет өнерінің шедеврі. Жергілікті дизайн мекемесі ALA кітапхананың шатырын айсбергке ұқсатып жасаған. Оны да кітапхананың қасында орналасқан айсберг пішінді Finlandia Hall ғимаратымен үйлестіргені анық байқалады. Бір қызығы, кітапханадағы кітаптардың көп бөлігі тек жоғарғы қабатта орналасқан, ал төменгі екі қабатта 3D-принтерлер, подкаст студиялары, театр, тіпті балалар ойын алаңдары бар.
Жергілікті тұрғындар Оодиді «қоғамдық қонақ бөлме» деп те атайды. Финдердің саунаға деген махаббаты ерекше, кітапхананың бастапқы жобасына сауна қосу туралы ой да болған.
Сонымен қатар Оодиде кітаптарды сұрыптайтын роботтар да бар. Заманауи кітапхана деп осыны айт.

