Фудзи тауының вирустық сипатқа ие болған бір ғана кадры туристердің қаптауына себеп болып, жергілікті биліктің наразылығын тудырғаны туралы әңгімелейміз.

Шетелде жүрген қазақстандықтардың хикаяларын ұйып тыңдаймыз, иә. Мұның себебі мақтанышта не ұсақ ел комплексінде жатыр ма, кім білсін... Әйтеуір тағы бір қызық сюжет тауып қойдық. Алматыдан шыққан фотограф Санжар Нұқасов Жапонияны қатты жақсы көреді. 2023 жылы Күншығыс еліне алғаш рет барғанда Санжар айбынды Фудзи тауын және оның бөктерінде орналасқан Lawson дүкені мен екі тибеттік монахты фотоға түсірген болатын. Кадр лезде интернетке тарап, дүкен туристерді тартатын магнитке айналды. Бұған Фудзи тауының ғажап көрінісі де, дүкеннің пойыз стансасы мен автобус аялдамасына жақын орналасуы да себеп болды. Бір кезде жағдай шектен шыға бастады. Ұқсас кадр жасағысы келген туристер жолдың бойына жүгіріп шығуды шығарды. Жапония билігі жағдайды түзейміз деп Фудзидің көрінісін алып қара дуалмен жауып қойды. Мұның пайдасы болмады. Ең бір бетпақ деген туристер дуалды тесе бастады, ал тапқыштар өздерімен бірге асылмалы басқыш әкелуді шығарды. Ақырында жолдағы хаосты тоқтату үшін кішігірім қоршаулар қойылатын болды. Жапония, әсіресе Фудзи тауы, шамадан артық туризмнен азап шегеді. Биылдың өзінде туристердің жалпы саны 36,9 млн адамға жетті. Үш метрлік дуал радикал шешім болып көрінгенімен, оны жергілікті тұрғындардың жан тыныштығын сақтауға бағытталған әрекет деп түсінген жөн.