Өнер кураторы Меруерт Қалиева арнайы Tatler үшін Ибицадағы жасырын маршруттарын жайып салды
Ибицаның әлемге танымал түнгі клубтары маусымның қызған шағында 20 000-нан астам адамды құшақ жая қарсы алады. Алайда, бұл аралдың сіз күтпеген басқаша бір қыры бар. Ол – тыныш әрі бейбіт өмір салты. Мұнда жабайы жағажайлар, мөлдір тұнық теңіз суы, хиппи базарлары, талғампаз мейрамханалар және қарқынды дамып келе жатқан wellness индустриясы бар.
Франко диктатурасы кезінде Ибица еркін ойлайтын режимге қарсы адамдар үшін бас сауғалап баратын жерге айналған-ды. Бұл шағын әрі кедей арал болғандықтан, оған көп мән берілмейтін де. Бір кездері, Испаниядан және кейіннен бүкіл Еуропадан хиппилер осында ағылып келе бастады. Менің күйеуім париждік хиппилердің баласы болғандықтан, бала кезінен Ибицаға жиі келетін. Тіпті, ол әкесінің мойнында отырып, Боб Марлидің концертін тамашалаған сәттерін әлі ұмыта қоймаған. Өз басым алғаш рет Ибицаға 2012 жылы бардым, және бұл аралға бір көргеннен ғашық болдым.
Бірінші күн
Ибицадағы алғашқы күнді менің сүйікті жағажайларымның біріне барудан бастаған жөн. Туристер кептелісіне тап болмас үшін құм орнына малта тасты жағажайларды таңдаймын. Ол жақтың суы таза, адамдары сирек, атмосферасы тыныш. Менің тағы бір жиі баратын аймағым Es Torrent атты жартастардың арасындағы кішкентай құпия жағажай. Мұнда сіз дәстүрлі испан тағамдарының дәмін татып, күнделікті күйбең тіршіліктен демала аласыз. Бұған қоса аралдың батыс жағындағы кішкентай Cala Gracioneta жағажайы мен Cala Molli жағажайындағы батқан күнді тамашалауға да мүмкіндік туады.
Кешкі уақытта не жеймін деп алаңдамайсыз, себебі мында не көп, мейрамхана көп. Романтикалық демалыс атмосферасын қаласаңыз, Сан-Антонио маңындағы Sa Capella-ға барыңыз. Бұл мейрамхана ескі шіркеуде орналасқан. Егер достарыңызбен бірге аса қатты емес музыкасы бар жайлы жерге барғыңыз келсе, Jul’s – таптырмас таңдау болмақ. Қасымда күйеуім болса, екеуміз қол ұстасып жапониялық Sushi by Walt мейрамханасына ат басын бұрамыз. Бір кішкентай нюанстың барын ескертемін: дәл осы жерге кіреберісті табу оңай емес, жарты сағат бойы кішкентай көшеде сәл-пәл сенделіп жүре тұруға тура келеді. Картамен тапқан мекенжайымызға келгенде айдалада адасып кеткендей әсер алғанымызбен, ескі электр құрылғылар дүкенінің есігі ашылғанда іздеген жерімізді тапқан екенбіз деп жүрегіміз орнына түсті. Одан кейін жапондық нори пердесі пайда болып, Мишелин жұлдызына ие болған аспаздың қолынан дәм тату бақыты басыңызға қонады.

