Марстағы жасырын орындар мен жаһандық квесттер: геокэшинг қарапайым серуенді шытырман оқиғалы саяхатқа қалай айналдырады
Бүгінде күнделікті өмірді, саяхаттарды қызығырақ етуге көмектесетін көптеген outdoor шаралары бар. Солардың бірі — АҚШ-тың Орегон штатында пайда болған геокэшинг. Қысқаша айтқанда, геокэшинг — қазына іздеу ойыны, мәні қазынаны жасырып, орнын картада белгілеуде. Қазынаны кез келген адам таба алады, оған тек смартфон мен зерттеу жұмыстарына деген құштарлық қажет. Бұл шараның қызығы қазынаны жасырған адам қалдырған түрлі нұсқаулары мен жұмбақтар. Бұлар, мысалы, шифрлар, координаталары бар карталар, тіпті арнайы механизмдер болуы мүмкін. Қазына ретінде әдетте шағын контейнерлер не кейстер қолданылады. Төменде геокэшинг туралы әңгімелеп, онымен қалай айналыса бастауға болатынын түсіндіреміз.
Жаһандық танымалдық
Алғашқы қазына 2000 жылдың мамырында жасырылған болатын. Сол жылдың қыркүйегінде арнайы веб-сайт құрылып, кейін әлем бойынша жасырылған қазыналар саны 75-ке жетті. Жаңа хобби түрі біртіндеп танымал бола бастады. Алғашқы табысын футболка сатумен тапқан шағын жоба өзіндік миссиясы мен құндылықтары бар, ірі ұйымға, ал хобби қозғалысқа айналды. 2002 жылы Geocaching Cache in Trash Out атты экологиялық жобаны іске қосты. Мақсаты — табиғи аймақтардағы қоқысты жинап, таза әрі қауіпсіз қазына жасырынатын орындар құру. Әлем бойынша ұйымдастырылған 16 000-нан астам іс-шараға 333 000-нан астам адам қатысқан болатын. Геокэшингтің танымалдығы мұнымен шектелмеді: 2008 жылы қазыналардың бірі ХҒС-та, ал 2021 жылдың 18 ақпанында Марста жасырылды. Бүгінде қатысушылар мен жасырын орындардың саны үш миллионға жетеді, ал қозғалыстың өзі 191 елде, тіпті Антарктидада бар.