IMAGE Фото: Астана Балет | astanaballet.com

Астанада қыстың сиқырлы атмосферасын сезінуге болатын ерекше орындар

Астананың «Әлемдегі ең суық астаналар» рейтингінде екінші сатыға жайғасқанын ескерсек, бұл нағыз қыс мезгілі салтанат құратын шаһар екенін ұғасыз. Қарашаның ортасынан сәуірдің басына дейін мұз құрсауында жататын Есіл өзенінің жағасындағы жазық далада ауа температурасы -35°C дейін аяз болуы мүмкін. Қылышын сүйреп келер қыстың да қаһарлысы осы өңірде болса керек. Демек, аталған мезгілдің өзіне ғана тән ғажаптың бәрін өне бойыңнан өткізіп, сезінуге таптырмас жер де осы – Астана.

Қалаға ат басын тіреген адамға St. Regis Astana, The Ritz-Carlton, Astana, Hilton Astana, Radisson Astana, Sheraton Astana сынды жоғары санатты қонақ үйлер мол. Бірақ Ramada by Wyndham қонақ үйінің ғимараты сәулет ескерткіші ретінде ерекше күйге бөлейді. Бұл жерде кезінде «Ишим» аталатын Целиноградтағы тұңғыш қонақ үй болған. Мұнда көрнекті саяси және қоғам қайраткерлері қонақтаған. Wyndham Hotels & Resorts халықаралық қонақ үй операторының басшылығымен қазіргі таңда нөмірлер мен тұтас кеңістік халықаралық стандарттарға сәйкес жаңартылған. Бұл сондай-ақ әлеуметтік желіде «brat summer» трендін алмастырған, «Anna Karenina winter» эстетикасына бойлататын көркем локация емес пе?! Әсерін арттыра түсу үшін театрға бару ғана қалғандай...

Astana Ballet

Аса күрделі сценографиялық шешімдерге ыңғайлы заманауи архитектуралық стильдегі алпауыт ғимараттың өзі мұз сарайын еске салатын өнер ордасы қара суықта жан дүниеңізді жылытар мекенге айналары сөзсіз. Ең бастысы, мұнда барша әлемнің өнерсүйер қауымы үшін сиқырға толы қыс мезгілі мен Жаңа Жыл символы іспетті «Щелкунчик» балеті қойылады.

Мариус Петипа либреттосына жазылған Пётр Чайковскийдің екі актілі балеті мереке қарсаңында көрермен көзайымына айналады. Қойылым жер-жаһандағы үздік театрларда  бірнеше күн бойы қойылады. Бұл үрдіс Astana Ballet үшін де таңсық емес. Биыл Ballet Globe халықаралық би фестивалі аясында әлемдік балет жұлдыздарын бір сахнада тоғыстырған Василий Вайнонен интерпретациясындағы нұсқасы ұсынылады.

Грузин ұлтының бесік жыры, араб сазының әуезді үні мен неміс билерінің ритмикасы сынды әлем халықтарының тарихын тоғыстырған балет қойылымынан кейін ғажайыптың барына сенбеу қиын.

arrow left arrow left
arrow right arrow right
Фото 1 из 2 Астана Балет | astanaballet.com
Фото 2 из 2 Астана Балет | astanaballet.com

Барыс Арена

Ал мәдени шаралардан гөрі қысқы спорт түрлерін тамашалағанды жақсы көретіндер Барыс Арена трибуналарына жайғаса алады. «Барыс» хоккей клубының аренасында баскетбол, волейбол, мини-футбол, бокс сынды ойын түрлері де өткізіледі. Тіпті су добы және синхронды жүзу түрлерінен жарыстар да ұйымдастырылады.

11 мың адам сыйып кететін кеңістікте көрермендерге мейлінше жағдай жасалған. Қандай көріністің куәгері болсаңыз да қақ ортада орналасқан видеокуб жақыннан тамашалау мүмкіндігін сыйлайды.

Спорттық кешенде мәнерлеп сырғанау өнері жұлдыздарының шоуларымен бірге эстрада әртістерінің концерттері де өтіп жатады. Сондықтан алдын ала афишаларды шолып шығыңыз.

Tatler Asia
IMAGE Барыс Арена | hcbarys.kz

Хоббит үйі

Сарыарқа төрінде отырып Скандинав елдеріне ғана тән қысты сезінгісі келетіндер Esil Camp алаңындағы Хоббит үйіне ат басын бұрса игі.

Ағылшын жазушысы Джон Толкиннің балалар әдебиетінің классикалық туындысына айналған шығарма желісі бойынша құрылған нағыз фэнтези әлемге бойлау арқылы өзіңізді ертегі кейіпкеріндей сезінесіз. Хоббиттер елінің тұрғындарына қосылып, «Эльфтер алқабына» барып, «Тролльдер апанындағы» кедергілерден өтіп, «Тұзақтан» құтылу жолдарын іздеп, шытырман оқиғаға толы сапарға аттану мүмкіндігі бар. Қаланың күйбең тіршілігінен демалып, ішкі жай-күйіңізге бір сәт үңіліп, Бильбо сияқты өз-өзіңізді тануға талпынып көрерсіз, бәлкім? Себебі бұл саяхат сізге шаттықпен қоса, өміріңізге мән-мағына сыйлауы бек мүмкін. Келер жылға, тіпті өміріңіздің соңына дейін мүмкіндіктер есігін ашар даналық кілтін табарсыз?

Ойын-сауық кеңістігі хаскиге жегілген шанада сырғанау, самаурыннан ыстық шай ішу сынды қыс мезгіліне тән қызықтарға толы.  

Ботаникалық бақ

Қысқы серуен жасау үшін Ботаникалық баққа аттаныңыз. Мұнда Германия, Мексика, Израиль сынды әлемнің түкпір-түкпірінен әкелінген өсімдіктерді тамашалаумен қатар, қысқы фестивальдерге де қатыса аласыз. Мұнда мерекелік алып шырша да орнатылады, қала тұрғындары жасаған аққала аймағы да пайда болады.

Суықта сәл жылынып саялайтын жер іздесеңіз, жылы аймақтарға тән өсімдіктер мекеніне бас сұғыңыз. Жылыжайдың ішінде термометр бағаны әрдайым 18-20 градус шамасында болады. Сондай-ақ онда гүлдердің жүздеген түрі өседі. Нағыз тропикалық аралға тап боласыз. 

Зеренді

Астанадан 3 сағаттық жерде сізді бейнебір қылқалам шеберінің қолынан шыққан өнер туындысындай зерлі Зеренді қарсы алады. Ну орман, айдын көл, мөлдір бұлақ, сылдырап аққан сарқырама суы. Ажарлы өлке талғамы биік туристің өзін осы бір көз тоймайтын сұлулыққа тәнті етіп, таңдай қақтырады. Тылсым сырға тұнық табиғатының емдік-сауықтандыру қасиетімен қоса бұл аймақ мәдени-танымдық оқиғаларға қанық. Қысы-жазы жолаушы арылмайтын өңірде тас дәуірінен бастап, беріге дейінгі тарихты қамтитын жиырмаға жуық тарихи-мәдени мұра бар. 

Ал бетіне мұз қатқан күміс көл мен хош иісті қарағай біткен қырат хас аскеттерше тынығуды мақсат тұтар жанның да көңілінен шығары сөзсіз. Ұлы классик «Ербең етер тіршіліксіз салқын бедірейген қарлы адырлар ұлы өмір шуылынан бейхабар» демекші, үлкен қаланың тынымсыз тіршілігінен сананы сілкір сапар көздесеңіз, Зерендіге жол жүріңіз. 

Қырбастың қызылынан басталып, кіші шілдеге ұласып, ақыры ақпанның ат құлағы көрінбес борандарымен аяқталатын қыстың да біле-білгенге өз қызығы бар. Бәлкім, қыста қалың күртік көрмесек, жазда жасыл желектің қадірі болмас па еді?!. 

Темы