IMAGE Twins Hinahima

Бұл жоба аниме өндірісіндегі еңбек тапшылығын шешуді мақсат етеді. Дегенмен аниме фанаттары шынайылығы мен құндылығына күмәнданады.

Жасанды интеллект (ЖИ) көмегіне жүгінбеген сала күннен-күнге азайып келеді. Биыл көктемде ЖИ тіпті аниме индустриясында да жемісті жұмыс атқарып, «TwinsHinaHima» атты алғаш анимесін ұсынуға дайын. Бұл анименің 95%-н ЖИ құралдары дайындайды: фон, анимация, эффектілерді жасап, қайталанатын жұмыстарды жеңілдетеді. Алайда кейіпкерлердің дизайны мен соңғы түзетулерді адамдар атқарады.

Аниме Токио қаласында тұратын, жоғары сыныпта оқитын апалы-сіңлілі Химари мен Хинананың оқиғасын баяндайды. Олар әлеуметтік желілерде танымал болуды армандап, TikTok-та билеп, трендтерді зерттейді.

Бұл – аниме индустриясындағы еңбек тапшылығын шешуге бағытталған қадам. Алайда жоба жетекшісі Йошиказу Йасухико ЖИ-дің шығармашылық процесс пен адам интуициясын еш алмастыра алмайтынын атап өтті. Себебі ол адам шығармашылығын толық алмастыра алмайды, сондықтан да көмекші құрал ретінде қолданылады.

Алайда аниме фанаттары ЖИ көмегімен жасалған жобаға наразылығын білдіріп отыр. «‎Егер анимені дарынды адам емес, ЖИ дайындаса, оның пайдасы көк тиын», – деп шағымданып отыр. Бірақ адам баласы қашанда беймәлім, бейтаныс нәрселерден қорқады емес пе? Нәтижесін көктемде көре жатармыз.