Соңғы жылдары Голливудтағы фильмдер жаңа трендті бастап келеді

Жас қыздар мен өмірлік тәжірибесі толысқан ер адамдардың махаббат тарихына көз үйренген жұрт енді жасы 40-тан асқан әйелдер мен 25-26 жастағы жігіттер арасындағы қарым-қатынасты көруде. 2024 жылы әлемдік кино сахнасында танымал болған бірқатар фильм дәл осы тақырыпты көтеріп отыр.


Бұл өзгерісті тереңірек қарастырсақ, әлемдік нарративтің өзін өзгертетін  жаңа бір үрдіс басталғанын байқаймыз. Жаһандық санада 30-дан асқан, балалары бар, ажырасқан әйел «жүгі бар әйел» деген түсінік қалыптасқан. Алайда, қазіргі Голливуд бұл стереотипті жойып, әйелдерге тәуелсіз, тартымды және өмірдің ең қызықты сәттерін бастан өткеретін кейіпкерлер беруде. Жасы кіші жігіттермен қарым-қатынастағы әйелдер тек романтикамен шектелмей, өзін-өзі толыққанды түсіну, өзіне деген сенімділікті нығайту секілді жаңа қырларын аша бастайды. Әлде өзінен 12 жасар кіші Раймға тұрмысқа шыққан Ерке Есмаханнан, не Пугачева мен Галкиннан үлгі алып тұр ма екен? 

Бұл үрдістің жарқын мысалдары ретінде 2024 жылы шыққан бірнеше фильмді атап өтуге болады:

1. «The Idea of You» – Энн Хэтэуэй ойнайтын 39 жастағы кейіпкер өзінің ажырасу күйзелісін ұмытып, 24 жастағы Николас Галицын ойнайтын жас жігітпен махаббатқа беріледі. Бұл фильмде ажырасқан әйелдің қайтадан романтикаға қадам басуы қызықты оқиғамен өрбиді.

2. «Lonely Planet» – Орта жастағы Лора Дерн кейіпкері Мароккода саяхаттап жүріп, Лиам Хемсворт сомдайтын жас жігітке ғашық болады. Сюжет әйелдің алыс сапарында өзіне серік табу арқылы жаңа өмір бастауға ұмтылысын бейнелейді.

3. «A Family Affair» – 18 жастағы қызының жұлдыз бастығына ғашық болып қалған Николь Кидманның тарихы. Зак Эфронның сомдауындағы кейіпкермен романтикасы арқылы әйелдің ішкі сезімдері мен қиялдарына терең үңілу ұсынылады.

 

4.«Babygirl» – Бұл жолы Николь Кидман биылғы жылдың фаворитіне айналған Харрис Дикинспен экранды бөліседі. Осы фильмдегі эротикалық эпизодтар көрермендерге ерекше әсер қалдырды.

5. «Bridget Jones: Mad About the Boy» – Атақты Бриджит Джонс оқиғаларының жалғасында, басты кейіпкер жап-жас Лео Вудалл ойнайтын кейіпкермен қарым-қатынас құрып, өмірге жаңа көзқараспен қарайды.

Бұл фильмдердің тағы бір ортақ ерекшелігі – барлығында романтикалық кейіпкерлер ретінде жас жігіттердің бейнеленуі. Голливуд осылайша female gaze ұғымын жаңаша бағытта көрсетіп, әйелдерге арнап тартымды, сымбатты жас жігіттерді романтикалық бастамаларға ұсына бастағандай.

 

Бұл өзгерісті тек көркем фильмдерден ғана емес, комедия жанрынан да байқауға болады. Мәселен, 2024 жылдың қазанында шыққан Netflix-тің Али Вонгтың «Бойдақ» атты стендап-шоуы көпшіліктің назарын аударды. Али сахнада 40 жастағы әйелдің ажырасудан кейінгі өмірі бұрынғыдан да қызық, әсерлі әрі өзіндік ізденіске толы екенін юмормен жеткізді.

Егер бұрын ер адам әйелді асырайтын, «отбасын қамтитын» қағида болса, бүгінгі күні өзін-өзі асырай алатын, кәсібінде табысты, тәуелсіз әйелдер бұл стандарттардан арыла бастағанын байқаймыз. Ажырасудан қорықпайтын, өз қалауына ашық әйелдер саны көбейіп келеді. Ал мұндай кейіпкерлердің оқиғалары экранда көбейе түссе, шынайы өмірдегі әйелдер де шабыт алар жаңа бағыт табатыны сөзсіз.

Бұл жаңа бағыт әйелдерге кеңірек таңдау мүмкіндігін беріп, оларды тәуелсіз, өмірін басқарып, әрбір сәттен ләззат алатын тұлғалар ретінде көрсетуге арналғаны анық. Сонымен қатар, бұл сюжеттердің танымалдығы тек Голливудта ғана емес, бүкіл әлемде әйелдерге деген көзқарасты қайта қарауға, қоғамның әйелдерден күткен стереотиптерін өзгертуге де ықпал етіп отыр деуге негіз бар. Бұған қоса, қазіргі заманғы әйелдер туралы жаңа түсініктерді қолдаған актерлердің, режиссерлер мен сценаристердің рөлін де атап өткен жөн. Олар әйелдердің жасы мен отбасы жағдайына қарамастан, тартымды әрі бақытты болуға құқылы екенін ашық көрсетіп, кино индустриясына жаңа тыныс әкеліп отыр. Мұндай өзгерістер әсіресе жас ұрпаққа үлгі болатыны сөзсіз. Жастар әйелдердің сұлулығы мен құндылығы тек жасқа ғана тәуелді емес екенін көріп өссе, бұл алдағы уақытта гендерлік теңдікті қамтамасыз етуде де маңызды қадам болмақ.

Темы