Вонг Карвайдың ғашықтар күніне сыйлығы бар. «In the Mood for Love» фильмі алынып тасталған эпизодтармен толықтырылып, көрерменге қайта ұсынылады.
Премьерасы 25 жыл бұрын өткен фильм бірден көрермендердің ықыласына бөленген еді. Картинаны «Оскар» жүлдесіне ұсынғанымен, шорт-лиске енбеді. Тони Люн Канн кинофестивалінде «Үздік ер адам рөлі» үшін «Пальма бұтағын» иеленді. Ал басты әйел рөлін Мэгги Чун сомдады. Фильмнің Қытайдағы қайта көрсетілімі 14 ақпанға жоспарланған, ал әлемдік премьераның күні әзірге белгісіз.
«In the Mood for Love» – жалғыздық пен некенің қиыншылықтары туралы туынды. Хатшы Су (Мэгги Чун) мен журналист Чоу (Тони Люн) көрші болып тұрады. Екеуінің де жұбайлары үйлерінде сирек төбе көрсетеді. Уақыт өте келе басты кейіпкерлер бір-біріне жақындай түсіп, араларында сезім пайда болады. Фильмнің қайта шығарылған нұсқасына тоғыз минут және тоғыз секунд қосылмақ. Бұл қосымша көріністердің арасында Чоу мен Су арасындағы төсек сахнасы да бар. Фильмнің басты идеясы ақылға бағынған құмарлық пен жоғалған махаббат жайында. Алайда жаңа нұсқа бойынша бұл идея өзгеріске ұшырауы әбден мүмкін.