IMAGE «The White Lotus» сериалынан | HBO

Соңғы үш жылда «The White Lotus» («Ақ лотос») сериалы көрермен назарын жаулап алды. Кейінгі шыққан маусым хикаяларында оқиға қалай өрбігенін талдап көрейік!

Ағылшын тілді желілерде «елдер «The White Lotus» түсіріліміне Олимпиада өткізу құқығына таласқандай ұмтылу керек» деген пікірлер өріп жүр. Бұл сөздің де жаны бар. Себебі Майк Уайттың табиғи локация мен визуалға негізделген түсірілім тәсілі шынымен көптің қызғанышын тудырып, бәлки, сол елдің имиджіне оң әсер етуі бек мүмкін. Бұған дейін аталмыш сериал Гавай аралдары мен Сицилияның Таорминасында түсірілсе, үшінші маусым Таиландқа көшкен. Сериалдың алғашқы эпизоды экранға шыққан сәттен бастап Koh Samui аралындағы Four Seasons пен Anantara қонақ үйлеріне сұраныс күрт өсті. Жанкүйерлер, сериал стиліне еліктеп, тіпті көршілес провинцияларда күніне $10 000 тұратын сьюттерге кезекке тұрып жатыр. Сөйтіп отырғанда, атақты актриса Николь Кидман да үнсіз қалмай, келесі маусымға қатысудан кетәрі еместігін мәлімдеді. Соған қарағанда алдағы маусым «от» болғалы жатқан сияқты.

Уайт басты кейіпкерді таңдауда мүлт кетпеген. Бұл рөл әрдайым курорттың еншісінде. Дәл сол ғимараттың метафоралық кейпі зұлымдықпен астасып жатыр. Себебі мұнда жай ғана джетлагтың өзі өмірлік цугцвангқа айналады. Француздың хат пен сән теоретиктері «Барлық саяхаттың түп мақсаты – өзіңді бір жерде қамап тастау ғана» демекші, сериал бойы әлдебір қақпанның бар екенін сезе қоясыз.

Tatler Asia
IMAGE «The White Lotus» сериалынан | HBO

Үшінші маусым да сол баяғы таныс сарынмен өрбиді: түрлі отбасылар, жасырын гейлер, нимфоман сылқымдар, жезөкшелер, алаяқтар мен ішкі жанжалға тұншыққан бейбақтар… бәрі – құмарлық, маскүнемдік, сексуалдық артықшылық пен психологиялық ауытқулар шырмауында жүр.
Бірінші маусымда кетамин болса, бұл жолы лоразепам.
Дейтұрғанмен, сюжет өзегіндегі ахуалды бір ғана диалог ашып бере алатындай:
– Бұл отбасы түгел есінен адасқан!
– Мұнда есінен адаспаған кім бар дейсің?

Tatler Asia
IMAGE «The White Lotus» сериалынан | HBO

Сатираны терең драмаға айналдыратын – уақыттың өткіншілігі

Бұл маусымда режиссер көркемдік жағынан біраз жаңалық әкелді. Паркер Поузи сомдаған ащы тілді жүйкесі тозған бикеш те, бір-біріне жау бола тұра, бірге жүретін үш құрбы да, Уолтон Гоггинс пен Эми Лу Вудтың жұбы да – түгел мінсіз ойластырылған. Эмидің сәл мазаңды қашыратын, бірақ баурап алатын ұялшақ күлкісі мен «курорттық қабілеттері» көп нәрседен хабар беріп тұрады. Сериал бұл жолы да қоғамдағы стереотиптер мен өзекті тақырыптарды өткір сатирамен келемеждейді.

Tatler Asia
IMAGE «The White Lotus» сериалынан | HBO
Tatler Asia

«The White Lotus» сериалының айтпағын бірінші сериядан-ақ былай тәпсірлесе болады: Адамдар бай және кедей болып бөлінеді. Қонақ үй – өмірдің дәл метафорасы. Біреулер мәңгі қонақ, біреулер – мәңгі қызметкер. Бірақ ең сән-салтанатты қонақ үйдің өзі – уақытша аялдама ғана. Ал осы уақыттың өткіншілігін сезіну сатираны терең сезімге айналдырып жібереді.

Tatler Asia
IMAGE «The White Lotus» сериалынан | HBO

Үшінші маусым – алдыңғы маусымдарға қарағанда баяулау, кей сәттерде қарқын жетіспейді. Бірақ Уайт курорт әлемін шебер құрып алғаны соншалық, енді ол жай ғана бір кейіпкердің виски мен лоразепамды араластырып отырғанын көрсетсе де, көрермен жалықпайды. Өйткені француздың хат пен сән теоретиктері айтқандай: стиль – әрқашан сүттен ақ, судан таза бола қалудың ең мықты түрі болып қала бермек.

Темы