Анасы дайындаған спагеттиден бастап, балмұздақ қосылған көкжидек бәліші: тәбет ашар фильмдер топтамасы
Тамақ аспаздың ғана емес, кинорежиссердің де махаббат тіліне айналғаны қашан. «Достар» сериалындағы Алғыс айту күніне арналған жып-жылы дастарқан көрінісі, Уэс Андерсонның «Ғажайып мистер Фокс» фильміндегі зімбір мен алма қосылған печенье немесе «Сенбілік түннің қызуы» туындысындағы Тонидің анасы әзірлеген спагетти. Мұның бәрі буырқанған эмоцияны да жеткізеді, кейіпкерлердің болмысын да ашады, тіпті экранның екі жағында да ерекше атмосфераны қалыптастырады. Бұл, әрине, көрерменнің жадынан да ойып тұрып орын алады.
Біз дайындаған кинолардың гастрономиялық топтамасы көңіліңізді көтеріп қана қоймай, тәбетіңізді де ашары анық! Себебі онда тағам басты рөл атқармаса да, оқиғалар мен сюжетке лейтмотив ретінде зор әсер етеді.
Fantastic Mr. Fox (2009)
Режиссер: Уэс Андерсон (Fantastic Mr. Fox / Бесподобный мистер Фокс)
Уэс Андерсонның осы бір анимациялық туындысы қоңыр күздің қара қазанынан біраз сыр шертетіндей. Неге дейсіз ғой? Себебі фильм жыл мезгілдерінің ішіндегі ең жылы әрі жайлы кездің сиқырына толы: ағашынан қимастықпен үзіліп түскен жапырақ, күзгі салқында жаныңды да жылытатын дәмді тамақ пен сусын – қос жанарыңыз бен асқазаныңыз арасында ерекше байланыс орнатары хақ. Бұл туындыда мүкжидек соусын қосып пісірген күркетауық етінен бастап, паштеті бар қызыл қоңыр эклерге дейін түгел көздің жауын алады. Қуыршақ анимация тағамды шынайы етіп көрсеткені сонша, экранды тесіп кіріп, дәмін татқыңыз келіп кетеді! Ал басты кейіпкер – Мистер Фокс есімді түлкі – авантюристің нақ өзі. Ол үш бірдей фермердің азық-түлік қоймасын тонап, жақындарына ұлан-асыр той жасауды жоспарлайды. Фильмді көргеннен кейін сіз де Мистер Биннің жеке рецепті бойынша зімбір мен алма қосылған печенье пісіріп, оны сидр сусынымен бірге қытырлатып жеп отырғыңыз келетініне кепілдік беремін.
