IMAGE Universal Pictures

2026 жылдың Рождество қарсаңында «Шрек 5» шығатыны мәлім болды

DreamWorks көптен күткен жаңалықты жариялады: 2026 жылдың 23 желтоқсанында «Шрек 5» көрерменге жол тартпақ! Жаңа бөлімдегі басты үш кейіпкерді бұрынғыша Майк Майерс (Шрек), Эдди Мерфи (Есек) және Кэмерон Диас (Фиона) дыбыстайды. Сондай-ақ олардың қатарына Зендаяның қосылатыны мәлім болды. Ол Шрек пен Фионаның қызының даусын дыбыстайды. Голливудтың жоғары сұранысқа ие актрисаларының бірі Зендая үшін бұл тағы бір маңызды рөл болмақ.

Алғашқы фильмнің жарық көргеніне 25 жылдай уақыт өткенін ескерсек, жаңа бөлімде графика сапасының ауыз толтырып айтарлықтай болары таңғалдыра қоймас. Бірақ жанкүйерлердің реакциясы екіұдай: олар сүйікті кейіпкерлерінің өзгерген бейнесін бірден қабылдай алмады.

«Шрек 5» Зендая қатысатын жалғыз жоба емес. Ол алдағы жылдары Кристофер Ноланның «Одиссеясы», «Эйфорияның» үшінші маусымы, «Дюна: Мессайя», сондай-ақ жаңа «Өрмекші адам» фильмінде бой көрсетеді. Бір сөзбен айтқанда, 2025-2026 жылдар Зендаяның ұшпаққа шығар кезеңі болғалы тұр.

Анимация саласындағы технологиялық жетістіктердің арқасында Шрек пен Есек енді біршама «жасарып», жаңа заманға сай сымбатты бола түспек. Алайда бұл өзгеріске қатысты көрермен пікірі әр алуан: бірі «мультфильм дәуірге сай өзгеруі тиіс» десе, енді бірі «Шрек замандастарынан қалыспай, хирургиялық операция мен ботокс жасатып алғандай» деп әзілдеп, бұрынғы сүйкімді, шынайы кейіпкерлерді сағынғандарын жеткізді.