IMAGE GPT чаты

Tatler Қазақстанда той қанша тұратынын анықтап көрді: біз тойды ұйымдастырумен, безендірумен, көйлек тігумен және қонақтардың көңілін көтерумен айналысатын мамандармен сөйлестік.

Көктем – тек жаңару мезгілі емес, сонымен қатар үйлену маусымының басталуы. Әр сенбі-жексенбі сайын еліміздің барлық тойханаларында «Той тойға ұлассын!» деген тілектер айтылып жатады. Көшелерде кортеж көбейіп, мейрамханаларда – қызу той-думан, ал Instagram-да ақ көйлек киген қалыңдықтардың суреті қаптай бастайды. Бірақ бұл ертегіге ұқсас көріністің ар жағында қомақты шығын мен ұйымдастырудың әуре-сарсаңы жатыр. Қазақстанда той жасау қанша тұрады? Заманауи үйлену трендтері қандай? Үй болумен қатар үйлену де қиын болып кетті ме? Tatler осы сұрақтарға жауап алмақ болып, той индустриясының әртүрлі саласында еңбек етіп жүрген мамандармен әңгімелесіп қайтты.

Той ұйымдастырушы Светлана, Ido Wedding агенттігінің негізін қалаушы

15 миллион теңгеден бастап

Той ұйымдастыру тек мейрамхана мен безендіруді таңдаумен шектелмейді. Бұл – жұптың мінезі мен махаббат тарихын бейнелейтін атмосфераны құру деген сөз. Ido Wedding агенттігінің айтуынша, шағын (30–50 адам) үйлену тойының ең төменгі бюджеті – 15 миллион теңге. Агенттік гонорары – жалпы бюджеттің 10 пайызы, бірақ кемі 1,5 миллион теңге деп бекітілген. Егер тойдың жалпы сметасы 50–60 миллион теңгеден асса, қызмет ақысы іс-шараның күрделілігіне, ұзақтығына және шақырылатын жұлдыздарға байланысты қайта есептеледі. Бұл сомаға декор, сценарий және барлық ұсақ-түйек кіреді.

Ido Wedding ең алдымен мына үш сұрақты қояды:

  • Қандай тойды елестетесіз?
  • Қонақ саны қанша?
  • Бюджетіңіз қандай?

 

Үнемдеуге болмайтын шығындар мыналар:

  • Локация мен мейрамхана. Жалпы бюджеттің 35–40 пайызынан аспауы тиіс;
  • Декор мен флористика. Тойдың атмосферасын қалыптастырады;
  • Техникалық жабдықтар: сахна, жарық, дыбыс, LED-экрандар.

Ido Wedding мамандары шоу-бағдарлама мен қонақтарға арналған кәдесыйларға біраз үнемдеуге болатынын айтады. Бірақ жүргізуші, фотограф және видеограф – кез келген тойдың ажырамас үштігі, естеліктер соларға байланысты болғандықтан, оларға да жомарт болған жөн.

Tatler Asia
IMAGE GPT чаты

Той дастарханы қанша тұрады?

Алматыдағы премиум санаттағы бірнеше мейрамхананы аралап шықтық. Көпшілігі сұхбаттан бас тартса, енді бірі нақты сандарды айтудан жалтарып жатты. Ең ашық пікір білдіргендердің бірі – Park Hall. Ал Ritz Carlton туралы деректерді Ертысбаев Live YouTube арнасындағы репортаждан алдық.

  • Park Hall залын тегін береді, бір адамға арналған мәзір – орта есеппен 18 000 теңге. Қарапайым арифметика: 150 адамдық той – 3 750 000 теңге. Алкогольді өзіңіз алып келуіңізге болады.
  • Ал әлеуметтік саты бойынша жоғарғы санатта Ritz Carlton тұр. 14 миллион теңгеге есігін айқара ашады (12%-дық ҚҚС соның ішінде). Бұл – тек зал жалдау ақысы. Мәзір бір адамға 65 000 теңгеден басталады. Нәтижесінде, 150 адамға арналған банкеттің жалпы құны кемінде 25 430 000 теңге болады. Бірақ жас жұбайларға люкс санатындағы нөмір сыйға беріледі (алғашқы түнге арналған, бағасына сай).

Үш тілді асаба Дэниел Джеймс

400 мыңнан 1 миллион 200 мың теңгеге дейін

Асабаның гонорары танымалдығы мен тәжірибесіне тікелей байланысты. Жаңа бастаған жүргізушілер 100–300 мың теңге аралығында алса, тәжірибелі мамандардың бағасы 400 мыңнан 1,5 миллион теңгеге дейін жетеді. Ал Instagram-да 2 миллионнан астам жазылушысы бар асаба-инфлюенсерлердің бір кешке алатын ақысы $10–15 мың (шамамен 4 млн 900 мыңнан 7 млн 355 мың теңгеге дейін).

«Ең жоғары гонорарым – $25 мың, Түркияның Измир қаласындағы тойда алдым. Жігіт – Ұлыбританиядан, қалыңдық – Қазақстаннан. Бұл сомаға жеке сценарий, интерактивті ойындар, музыкалық сүйемелдеу мен шоу-бағдарлама кірді. Әр асаба қызмет пакетін өз бетінше жасақтайды, бұл салада бірыңғай стандарт жоқ.

Тойда тосын жағдай жиі болады. Бірде қалыңдық күйеуімен сөзге келіп, қонақтардың алдына шығудан бас тартты. Мен бір сағат бойы түрлі ойындармен қонақтардың көңілін аулаумен болдым. Тағы бір тойда беташар жүргізушісі кешігіп, домбыраны қолыма алып, беташарды өзім өткізуге тура келді. Бірде тойдың қызған кезінде кенет жарық сөніп қалды. Абырой болғанда, мен үнемі өзіммен бірге африкалық барабандарымды алып жүремін. Қонақтарды тыныштандыру үшін шұғыл барабан-шоу ұйымдастырып, қоанқтарды ортаға алып, жарық жанғанша көңіл көтердік», – дейді Дэниел Джеймс.

Tatler Asia
IMAGE GPT чаты

Айгүл, Ivory қалыңдық көйлектері салонының иесі

300 мыңнан 1 млн 460 мың теңгеге дейін

Ivory салонындағы көйлектердің орташа бағасы 400–600 мың теңге, бірақ кейбір үлгілердің құны 1 млн 300 мың теңгеден асып жығылады. Аксессуарлар да маңызды рөл атқарады. Мұнда испандық, классикалық, інжу, моншақ не шілтермен көмкерілген эксклюзив фаталар да ұсынылады. Бағасы 30 мыңнан басталып, 110 мың теңгеге дейін барады, ал басқа әшекейлер 15–50 мың теңгедей болады. Көйлектен үнемдеуге болар, бірақ аксессуарлар мінсіз болуы тиіс. Себебі қалыңдықтың образын толықтырып, ерекшелеп тұратын – сол аксессуар. 

Той фотографы Тайыр

400 мың теңгеден басталады

Фотограф Тайыр Жақановтың айтуынша, бір күндік түсірілімнің бағасы 400 мың теңгеден басталады. Қызмет құны маманның танымалдығы мен кәсіби деңгейіне байланысты. Қазір қайтадан қара-ақ түсті, «тірі» және табиғи кадрлар сәнге айналды. Жас жұбайлардың көбі фото мен бейнероликті бірге алатын толық пакетті таңдайды. Ал бюджеттік, шағын тойларда тек фото және highlight reel деп аталатын қысқаша бейнеролик (3–5 минуттық той ролигі) сұранысқа ие.

Tatler Asia
IMAGE GPT чаты

Something Else декор студиясы: әр деталь өзінше сиқырлы

300 мыңнан 2 млн теңгеге дейін

Something Else декор студиясында 100 адамға арналған тойды рәсімдеу 2 миллион теңгеге шығады. Бұл бағаға қалыңдықтың гүл шоғы, үстелге қойылатын гүл композициялары, қарсы алу баннері, үстелді безендіру, гүл құмыралары, шақыру билеттері және декоратордың қызметі кіреді.

Трендтер: Ұлттық реңкпен толыққан минимализм

Қазақтың тойы ет асу секілді: әр үйдің өз рецепті бар, бірақ бәрі дос-жаран, көрші-қолаң жасаған тойдан асып түскісі келеді. Біреулер люкс көлік кортежі мен жұлдыз асабаларды қаласа, енді бірі тау бөктеріндегі қарапайым кешті армандайды. Бірақ бәріне ортақ бір тілекбар. Ол – «ерекше етіп жасайық, қонақтар сөгіп кетпесін».

Светлана, Ido Wedding:
«Қазақстандық тойлар – дәстүр мен жаһандық трендтердің тоғысы. Кейбірі минимализм мен еуропалық кешкі асты қаласа, енді біреулер сән-салтанаты жарасқан, ұлттық нақыштағы тойды қалайды. Пандемиядан кейін қарапайым һәм талғампаз стильге басымдық беретін болған. Бірақ премиум сегментте жеке сценарий мен ұмытылмас шоуға деген сұраныс әлі де жоғары».

Дэниел Джеймс, асаба:
«Қазір екі-үш тілде жүргізетін асабалар үлкен сұранысқа ие. Тойлардың 50–60%-ы аралас форматта өтеді. Әр аймақтың өз салты бар. Мысалы, Қостанай мен Қарағандыда той кезінде ерекше шай үстелі жайылады – жастар би билеп жатқанда, үлкендер бөлек залда шай ішіп, тәтті-дәмдіден ауыз тие отырып, әңгіме-дүкен құрады. Алматыда шағын, камерлық тойлар танымал. Беташар қысқартылып, артық сөзсіз өтеді. Тойдың бірінші бөлігі дәстүрлі түрде, екіншісі еуропалық форматта ұйымдастырылады.

Тағы бір жаңашыл үрдіс – «қалта шоу». Бұл – үзіліс кезінде тойды ұйымдастырушы жақтың бәйбішесінің бөлек бөлмеде қонақтарға сыйлық тарату дәстүрі. Бұл қуанышты бөлісу ниетінің тағы бір белгісі болса керек».

Park Hall ұжымы: 
«Жаңа түскен жұптың тікелей залға кабриолетпен кіріп келуі. Мұндай көлікті Easy Rent автосалонынан тәулігіне 150–400 мың теңгеге жалға алуға болады».

Айгүл, Ivory салоны:
«Қазіргі қалыңдықтар бір қарағанда қарапайым, бірақ ерекше көйлектерді қалайды: жабық үлгідегі, шілтерлі матадан тігілген, ауқымы үлкен етегі бар түрлері, ойық өрнектер, корсет стилі және гүлді оюлар трендте. Ұлттық образдарға деген қызығушылық та азайған жоқ: айвори түсті камзол, кәжекей, сәукеле – барлығы қымбат матадан тігілген, қолмен кестеленген болуы керек».

Мұндай той қанша тұрады?

Ертегідегідей етіп өткізу қалтаның қалыңдығына тікелей байланысты.

Қарапайым тойдың өзіне 4 млн 850 мың теңгедей жұмсалады. Бірақ егер сіз сахнадағы жұлдыздарды, дронмен түсірілімді, төбеден төгілген раушан гүлін, шоу-балетті армандасаңыз, оған да мархабат. Есте болар бір жайт, мұндай кештің құны 150 миллион теңгеге жетеғабыл болуы мүмкін.

Дегенмен ең керемет тойдың өзі – отбасылық өмірге бастар жолдың алғашқы қадамы ғана. Шын жүректен айтылған тост пен шынайы күлкі – кез келген сән-салтанаттан әлдеқайда қымбат.

Темы