IMAGE Midnight in Paris, 2011 | imdb

Сән мен шабытқа және ерекше киімдерге толы әрі сергек көңіл күй сыйлар фильмдер топтамасын ұсынамыз

Жаңа жылдық мерекелік романтикаға толы «Демалыс» фильмі болсын, сән мен эмоция үйлескен «Бәрі күрделі» болсын, әйтеуір Нэнси Майерстің жеңіл фильмдері әрдайым көңіл күйді көтереді. Жүрегіңізді тоңнан жібітіп, жаныңызды ерітіп, жайлылық сыйлайтын нағыз түйенің жүнінен жасалған жұп-жұмсақ көрпедей әсер етеді. Бірақ көңіл шіркін сонда да шабыт пен жаңа эмоцияларды аңсаса не істемек керек? Сізге арнап сән мен шабытқа, ерекше киімдер мен сергек көңіл күй сыйлар жеңіл фильмдер топтамасын дайындадық. Ендеше шай демдеп, бөлмедегі жарықты қараңғылатып, тамаша кино кешін бастай беріңіз!

1. Funny Face (1957)

Одри Хепберн жеңіл фильмдер тізімінің тұсауын кеседі. Funny Face фильмінде сән журналының редакторы Мэгги көркімен қоса ақылы бар ерекше модель іздеп, кітап дүкенінде жұмыс істейтін Джоға (Одри Хепберн) кезігеді. Джо Парижге аттанып, сән мен музыка әлемінің сиқырына енеді. Ал оның үстіндегі киімдер ше? Хуберт де Живаншидің талғамымен жасалған образдар фильмді сәнқұмарларға арналған нағыз жауһарға айналдырады. 

Tatler Asia
IMAGE Funny Face, 1957 | kinopoisk

2. Working girl (1988)

80-ші жылдардағы іскерлік әлемдегі әйелдер туралы романтикалық комедия. Бұл – арманы асқақ, бірақ әділетсіз ортада құрметке қол жеткізе алмай жүрген қарапайым қыздың табандылығы мен батыл шешімдері жайлы оқиға. Тесс МакГилл – Статен Айлендтен шыққан жас әйел. Компанияда хатшы болып жұмыс істесе де, кәсіби әлемде өз орнын тапқысы келеді. Бастығын алдап, оның беделін пайдаланған Тесс ақырына дейін шындық үшін күресіп, өз жолын табуға тырысады. Мансап, махаббат және өз құндылығы үшін талас. Бұл оқиға сізді алғашқы минуттан-ақ баурап алады.

Tatler Asia
IMAGE Working girl, 1988 | imdb

3. Steel Magnolias (1989)

Нағыз классика! «Steel Magnolias» – күлкілі әзілдермен өрілген және жүрек тебірентер қайғыға толы нәзік әрі мықты әйелдер туралы жеңіл фильм. 1980 жылдардағы Луизианада болған оқиға көрсетілген, басты кейіпкерлері – түрлі сынақтарға қарамастан, бір-бірін қолдап, бірге күліп, бірге жылап, өмірдің ауыртпалықтарына төтеп беретін алты әйел. Фильмде Долли Партон ойнайтын сұлулық салоны қожайыны және Джулия Робертс, Салли Филд, Ширли Маклейн сынды талантты актрисалар орындауындағы шынайы достық пен мызғымас күш бейнеленген.

Tatler Asia
IMAGE Steel Magnolias,1989 | imdb

4. Sabrina (1995)

«Сабрина» – ескі дәуір романтикасы мен cәнге толы нәзік оқиға. Сабрина – Ларраби отбасының қарапайым жүргізушісінің қызы, бойжеткен кішкентай кезінен бері Ларраби отбасының ерке ұлы Дэвидке ғашық. Дэвид – әйелқұмар және жеңілтек жігіт, Сабринаның таза сезіміне еш назар аудармайды.

Бірақ тағдырдың тоғысы өзгереді. Сабрина Парижге аттанып, әлемге әйгілі Vogue журналында тағылымдамадан өтеді. Парижде өткен уақыт оны тек көріктірек, өзіндік сенімділігі мол әйелге айналдырады. Француздың әсем сәні мен мәдениетін бойына сіңген Сабрина Ларраби отбасына қайта оралғанда, бір кездері оны елемеген Дэвид енді Сабринаның сұлулығы мен өзгерісіне тәнті болады. Алайда бір үлкен кедергі бар: Дэвид жергілікті бизнес-магнаттың қызына сырға салып, жақында үйлену тойын жоспарлап қойған. Кино жеңіл болғанымен, Дэвидтің жағдайы ауырлау.

Tatler Asia
IMAGE Sabrina, 1995 | kinopoisk

5. Under the Tuscan Sun (2003)

35 жастағы Фрэнсис күйеуінің көзіне шөп салып жүргенін өзін сынға алған жазушыдан білгенде, өмірі астан-кестен болады. Депрессиядан шығуға көмектесу үшін ең жақын досы Пэтти оны Италияға демалысқа баруға көндіреді. Сапар барысында жаңа ғана ажырасқан Фрэнсис тосын шешім қабылдап, Тосканадағы ескі вилланы сатып алады. Енді ол жаңа өмір бастап жатқанда, сымбатты итальяндық Марчелло кезігеді. 

Tatler Asia
IMAGE Under the Tuscan Sun, 2003 | kinopoisk

6. Julie and Julia (2009)

Бұл жеңіл фильм тағам пісіруге құштар ерекше екі әйел туралы. Эми Адамс сомдайтын Джули – Нью-Йоркте өмір сүретін блогер. Ол өзінің блогында Мерил Стриптің керемет кейіпкері Джулия Чайлдтың «Француз тағамдарын үйрену» атты аңызға айналған кітабындағы 524 рецептіні бір жыл ішінде дайындауды мақсат етеді.

Ал Джулияның оқиғасы бізді 1950 жылдардағы Парижге жетелейді. Ол өзіне жаңа әлем ашу үшін әйгілі Le Cordon Bleu аспаздық мектебіне түседі. Топтағы жалғыз әйел болған Джулия өз арманы үшін күресіп, скептицизм мен қиындықтарға қарамастан, нағыз шеберге айналады. Бұл екі оқиға – тағам пісіру арқылы өрілсе де, шын мәнінде шабыт, табандылық және армандардың орындалуы туралы әңгіме.

Tatler Asia
IMAGE Julie and Julia, 2009 | imdb

7. Morning Glory (2010)

«Morning Glory» – өз армандарын жүзеге асыруға ұмтылған, бірақ жеке өмірін құрбан еткен жаңалықтар продюсері Бекки Фуллер туралы фильм. Рейтингісі төмен таңғы бағдарламаны қайта жандандыру үшін ол әйгілі диктор Майк Померойды жұмысқа алады. Алайда Померой жеңіл тақырыптардан бас тартып, әріптесімен (Дайан Китон) үнемі келіспей қала береді. Сонымен қатар Беккидің жұмыстағы қарым-қатынасы да бұзыла бастайды, есесіне бір уақытта жұмысын, махаббатын және бағдарламасын құтқаруға барын салуға мәжбүр етеді.

Tatler Asia
IMAGE Morning Glory, 2010 | imdb

8. Midnight in Paris (2011)

Вуди Алленнің «Midnight in Paris» фильмі – романтика, өнер, әдебиет және Париждің естен кетпес атмосферасы тоғысқан ғажайып оқиға. Бас кейіпкер – Голливуд сценарисі әрі болашақ романист Гил сүйіктісімен бірге Парижге келеді, бірақ керемет қаланың сүйкімділігі оны өзіне әлдеқайда жақынырақ тартып алады.

Бір түнде Гил күтпеген жерден 1920 жылдарға саяхаттайды. Бұл – Фицджеральдтар, Хемингуэй, Сальвадор Дали және Гертруда Стайн сияқты атақты шығармашылық тұлғалар өмір сүрген алтын дәуір. Париждің кешкі шамдарына оранған көшелерінде өткен мен бүгіннің арасындағы шекара жоғалады. Әсем винтаж киімдер, жазушылар мен суретшілердің әңгімелері таң қалдырады және әрбір бұрылыста ғажайыптар күтіп тұрады. «Midnight in Paris» – Париждің романтикасына, өнерге және уақыттың шексіз құдіретіне арналған туынды. 

Tatler Asia
IMAGE Midnight in Paris, 2011 | imdb

9. About Time (2013)

Бұл жеңіл фильм – уақытты кері қайтарып, өмірдің ең маңызды сәттерін қайта бастан кешуге қабілеті бар Тимнің махаббат пен отбасы жайлы ерекше оқиғасы. Отбасындағы ер адамдарға тән бұл ерекше дарынды әкесінен білген Тим оны байлық немесе атақ үшін емес, шынайы махаббат үшін қолданатын болып шешеді. Сүйіктісіне бұл құпиясын ашпай жүріп, кейін оны бөліскен соң, ол өмірді өзгертудің оңай емес екенін түсінеді. Өткенге қайта-қайта оралып, қателіктерін түзеуге тырысқан Тим шын мәнінде өмірдің әрбір сәттің қайталанбауымен құнды екенін ұғады. «About Time» – өмірдің мәнін бағалап, әрбір сәттен шынайы ләззат алуға үйрететін жүрекке жылы, әсерлі туынды.

Tatler Asia
IMAGE About Time, 2013 | imdb

10. The Hustle (2019)

Бұл фильм – қулық пен күлкіге толы керемет оқиға. Энн Хэтэуэй мен Ребел Уилсон сомдайтын екі алаяқ әйел – мүлдем әртүрлі адамдар. Бірі – талғампаздық пен ақсүйектікке толы әйел болса, екіншісі – дөрекілеу, бірақ тапқыр кейіпкер.

Шіріген бай миллионерлерді алдап-соғуға деген құмарлық бұл екеуінің өмір жолын тоғыстырады. Фильмде олар миға қонбас амалдарға барып, өз шеберлігін шыңдап, керемет жетістіктерге қол жеткізеді. 

Tatler Asia
IMAGE The Hustle, 2019 | imdb

Темы