IMAGE Imdb

Бұл туынды ата-аналар мен балалар арасындағы шынайы диалогқа жол ашуы мүмкін.

«Adolescence» (ауд. «Өтпелі кезең») сериалында оқиға басталмай жатып-ақ басты құпия бірден ашылады. Қылмыскердің кім екені әу бастан белгілі болады. Мұнда күтпеген шиеленіс, махаббат хикаясы немесе атақты жұлдыздар жоқ, яғни көпшілікті баурайтын әдеттегі элементтерден ада. Дегенмен титрлерде Брэд Питтің есімі бар. Ол атқарушы продюсер ретінде қатысқан. Ал басты рөлдердің бірін сомдаған әрі жобаның авторы Стивен Грэм өз кейіпкерін – қайғыдан есеңгіреген әкені танымастай етіп алып шыққан.

Қарапайым, тіпті сәл баяу өрбитін оқиға желісіне қарамастан, «Adolescence» қалайша аз уақытта жаһандық танымалдыққа ие болды? Сериалдың өзі 13 наурызда Netflix платформасында жарық көріп, алғашқы аптасында-ақ жеті миллион қаралым жинады. Көп ұзамай басты рөлдегі Оуэн Купер «Wuthering Heights» фильміндегі жас Хитклифф бейнесіне бекітілді. Ал ересек Хитклиффті Джейкоб Элорди ойнайды. Стивен Грэм жобаның жалғасы болуы мүмкін екенін айтып қуантса, Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер сериалды мектептерде көрсетуге арналған арнайы науқан бастауды көздеп отыр.

Айта кетерлігі, жалғасы түсірілсе де, Миллерлер отбасының хикаясы аяқталды. Төрт бөлімнен тұратын бұл туынды тұйық құрылым іспетті. «Оқиға басталған жерде аяқталады», – дейді Стивен Грэм. Кейіпкерлер әбден азап шегіп, ауыртпалықты көп көреді, енді орны толмас жарамен мәңгі өмір сүруге тура келеді. Сондықтан да тақырыпты сағызша созу берудің мәнісі де жоқ.

Tatler Asia

Көрерменнің назарын аударған басты ерекшелік – сериалдың түсірілім тәсілі. Әр эпизод бір ғана үздіксіз кадрмен түсірілген. Жұмыс үшінші эпизодтан басталған. Ол – басты кейіпкер мен сот психологінің арасындағы қызу диалогқа негізделген. Ондайда актерлер қателескен жағдайда барлығын қайтадан бастауға тура келеді. Басты рөлдегі Оуэн Купер түсірілім барысында кездейсоқ есінеп қойғанын, бірақ бұл кадр көпшілікке ұсынылған нұсқада қалғанын айтады. Ол сәтті актриса Эрин Доэрти шебер жалғастырып, «Мен сені жалықтырып жібердім бе?» деген сұрақпен жағдайды тіпті әсерлі еткен.

Оуэн Купер үшін бұл – алғашқы кинотәжірибе. Режиссер Филип Барантини жас актерден бірден болашақ жұлдызды таныған. «Мен актерлік мектепте оқымаған, сахнаға шықпаған табиғи талантты іздедім. Бас-аяғы төрт үміткерді байқап көрдік. Оуэн мәтінді жаттап келіп, сценарийге бірде-бір рет көз салған жоқ», – деп таңданысын жасырмады режиссер.

Сериалдағы тағы бір тың тәсіл – дронмен түсірілген екінші эпизод. Бұл кадр қандай боларын ешкім нақты білмеген. Камераны оқиға орнына барынша жақындату туралы шешім аяқ астынан қабылданған және жүзеге асуы қиын көрінген. Ауа райы мен уақыттың шектеулі болуы түсірілімге әсер етпей қоймаған. Ал нәтиже, Стивен Грэмнің айтуынша, «нағыз олжа».

Tatler Asia

Сюжетінің қарапайымдылығына қарамастан, бұл телехикая көрерменді бірден баурап алады. Соңғы эпизодта көрсетілген қайғы жүректі ерекше ауыртары анық. Экраннан көрінген шындық үрей туғызып, көңілге қорқыныш ұялатады. «Бұл кез келген адамның басынан өтуі мүмкін», – дейді Стивен Грэм. Сериал жарыққа шыққан соң, Ұлыбританиядағы Sky News арнасы 14 пен 17 жас аралығындағы мыңдаған жасөспірімге сауалнама жүргізген. Нәтижесінде, респонденттердің жартысынан астамы күн сайын өз жасына мүлде сәйкес келмейтін ашық сексуалдық сипаттағы немесе зорлық-зомбылықты насихаттайтын контентке тап болатыны анықталған. Филип Барантини осы сериал төңірегіндегі қызу талқыдан үміт сәулесін байқағанын айтады: «Көптеген алғыс хаттар алып жатырмын. Ата-аналар балаларымен ашық сөйлесе бастағанын, бұрын қозғамаған маңызды тақырыптарды талқылай бастағанын жазып жатыр», – дейді ол. Бұл тақырыптар дөрекі маскулиндік, әйелдерді кемсіту (мизогиния), «инцел» құбылысы және буллинг сынды мәселелерге қатысты. Сериал балаларды қатаң бақылаудан гөрі оларға бей-жай қарамауға үндейді.

Темы