IMAGE Getty Images

Голливудтың әмбебап актерлерінің бірі Николас Холтты сөз қыламыз

Америкалық boygenius тобының Not Strong Enough әнінде былай делінеді: Always an angel, never a god («Періштесі періште, бірақ құдай емес»). Адамның өзін-өзі кем көруін, қайтпас ойларды, құнсыздықты бейнелейтін өлең жолдары. («Періштесі періште, бірақ құдай емес» жолдарын Николас Холттың актерлік жолымен ұштастыруға болады. «Періштесі періште, бірақ құдай емес» пе әлде өз буынының үздік актері ме? Николас Холттың мансаптық жолын талдап, 2024 жылғы өзгерістердің оған қалай әсер еткенін сөз етеміз.

Актердің үлкен экрандағы дебюті 1996 жылы болған еді. Жеті жасар Николас Intimate Relations фильмінде шағын рөлді сомдады. Сондықтан да оның мансабы ресми түрде Хью Грантпен бірге түскен About a Boy картинасынан бастау алады деуге болады. Сыншылар фильмге жоғары баға берген болатын. Осы сәттен бастап жас актердің сансыз номинацияға ілігіп, анда-санда жеңіс тұғырынан көрінетін кезеңі басталды. Бүгінге дейін 44 номинацияға ие Николас тек 14 рет жеңіске жеткен. Онда да аса танымал емес марапаттар. «Алтын глобус» та, BAFTA-ның театр маскасы да, «Оскар» да жоқ.

Tatler Asia
IMAGE About a Boy | imdb.com

Танымалдық пен басты рөлдер – байғұс актерге бұйырмаған қос дүние. Жүрегі меланхолияға толы сыпайы жігіттің образынан арылмақ болып, «ерлер» киносына да бет бұрды. Николас Top Gun: Maverick фильміндегі Рустердің рөліне көз салған еді, бірақ ол Майлз Теллерге бұйырды. The Great комедиялық жобасына байланысты жетінші Mission: Impossible фильміне түсуден де бас тартуға тура келді. Жаңа Бэтменнің рөлін Роберт Паттинсон сомдады. Әлдеқашан қанішер образымен танылған Роберттің жарқанат рөлін сомдауы – орынды жайт. Николас «готикаға» 2023 жылы жетіп, Ренфилд комедиясында қанішердің қызметшісі болды. Бір жылдан кейін «Носферату» хоррорында актер қанішерге қарсы тұрды. Айтпақшы, «Носферату» фильмінің Қазақстанда қызу талқыланғанын айта кету керек. Себеп – жөнсіз цензура. Фильмнен кейіпкерлер шешінбей-ақ түскен жыныстық қатынас көріністері, вампирмен сүйісу және оның бас кейіпкердің жалаңаш төсіне тіс батырған сәттері алынып тасталды.

2024 жылы Николас Холт қатарынан үш блокбастерде бой көрсетті – «Носферату», The Order және Juror #2. Бұл актердің тынысы ашылған кезең еді. Джеймс Ганнның 2025 жылы жарық көретін «Суперменіне» түскені де сол кезде белгілі болды. Басты рөлді көздеген Николас бұл жолы да мақсатына жете алмады. Оған Кларк Кенттің қас дұшпаны Лекс Лютордың рөлі бұйырды. Николас бұл жобаларды «өмірінің тұманды бір тарауы» деп сипаттайды. Себебі түсірілімдер қарқынды әрі ауыр өткен көрінеді. Мысалы, «Носфератудағы» кейіпкерінің шеккен азабын көрсету үшін ол қас-қабағын бақылауды үйренуге мәжбүр болған екен. Режиссер Роберт Эггерс Николас Холттан The Great комедиясынан қалған мимикадан арылуды сұрапты. Бір аптадан кейін The Order фильмінің түсірілімі басталып, актер ниеті түзу бірақ қорқақ риэлтордан лаңкестік ұйымның көсеміне айналды. Түсірілім арасындағы үзілісте Холт «Супермен» фильмінің кастингіне қатысып, артынша қазылар алқасының мүшесі рөліне кірісті. 

arrow left arrow left
arrow right arrow right
Фото 1 из 3 «Носферату» | imdb.com
Фото 2 из 3 The Order | imdb.com
Фото 3 из 3 Juror #2 | imdb.com

Бүгінде жұрт актерді аузынан тастамай жүр. Мысалы, GQ Германия оны «2024 жылғы үздік ер адам» деп таныды. Жаңа ұсыныстар, түсірілімдер және сұхбаттар да аз емес. Танымалдыққа толы жылын Николас Джеймс Макэвоймен бірге талдады. Олар 2011 жылғы X-Men франшизасында Beast және Professor X рөлдерін сомдағаннан бері дос. Сұхбат барысында әдетте екінші пландағы рөлдерді сомдайтын Холттың түсірілім алаңының нағыз көшбасшысы екені анықталды. Сонымен қатар Макэвой досының жан-жақтылығын атап өтті. Николас болса, Джеймстің мына сөзін өз құлпытасына қашап жазуды сұрады: «Оның әмбебаптығына еш күмән жоқ».

Николас Холт бар болғаны 35 жаста. Басты рөлдері мен марапаттарының аз болуының себебі жаңашылдыққа деген ұмтылысында жатыр деген абзал. Холт өз мансабы жайлы былай дейді: «Маған кейіпкерлерді ашу процесі ұнайды. Көрермен қандай да бір кейіпкерді елеусіз не жағымсыз деуі мүмкін. Мендік мақсат – оның басқа жағын көрсету. Қызығы сол». Сонымен «Періштесі періште, бірақ құдай емес» пе әлде өз буынының үздік актері ме?

Темы