Актерлер, режиссерлер, фильмдер мен сериалдар арасында осы бір жүлденің үміткерлер қатарына ілінбегендерді тізіп шықтық.
Голливудтың Шетелдік баспасөз өкілдері қауымдастығы «Алтын глобус» сыйлығының үміткерлер тізімін жариялады. Дәстүрлі 82-ші марапаттау рәсімі қаңтардың бесі күні өтеді. Көркем фильмдер арасында француз режиссері Жак Одиардың «Эмилия Перес» туындысы 10 номинациямен көш бастап тұр. Сериалдар санатында өткен жылы төрт «глобус» арқалаған атақты «The Bear» (бес номинация) хикаясы – көшбасшы. Актерлер арасында Кейт Уинслет, Себастиан Стэн және Селена Гомес екі номинациядан иеленуі мүмкін.
«Алтын глобус» сияқты кез келген басқа жүлде субъективті бағалануы мүмкін. Номинациялар мен марапаттар Голливуд журналистерінің дауыс беру нәтижелері бойынша беріледі. Сондай кезде лайықты жобалар мен актерлердің біразы назардан жиі тыс қалады. Біз «Алтын глобус» номинациясына ілінбесе де, ерекше назар аударуға лайық үміткерлердің тізімін дайындадық.
Үздік фильм (драма)
Furiosa: The Mad Max Chronicles
Джордж Миллердің «Furiosa» фильмі «Mad Max» әлемін кеңейтіп қана қоймай, кейіпкерлердің өр рухы мен кеңістік ауқымын сақтай отырып, жаңа деңгейді көрсетсі. Режиссер тағы да көрерменді ерекше экшн көріністермен таңғалдырып, жан-жақты ойластырылған кейіпкерлер мен Том Холкенборг (Junkie XL) жасаған саундтрек арқылы шеберліктің жоғары деңгейін паш етті.
