IMAGE Фотограф: Аружан Жанова

Алматыдағы ең үздік мұз айдындарына барып демалуды ұсынамыз

Жаңа жыл келіп қойғанымен, мерекелек атмосфера еш кетер емес. Қала толған гирлянд, сүйікті кафелерімізде ыстық сусын жетеді. Ең күштісі, Алматыда наурыз айына дейін ғана жалғасатын коньки тебу маусымы. Сіздерді одан қапы қалдырмаймыз деп жаппай сырғанауға арналған ашық мұз айдындарының топтамасын жинап үлгердің.

VILLA мұз айдыны

VILLA мұз айдыны winter aesthetic жанкүйерлеріне ұнайтыны анық. Айналадағы ғимараттардың қызыл түсті қабырғалары мерекелік атмосфера құрады, ал мұз айдынын жарықтандыратын викториандық стильдегі гирлянд пен аспашамдар. Тоңып жатсаңыз, кіреберісте ыстық сусындар мен хот-дог сатылады.

Мекенжайы: Әл-Фараби даңғылы, 140А.

Esentai Square мұз айдыны

Esentai Square мұз айдынында болып жатқан қызыққа Фернандо Ботероның «Жеміс ұстаған әйел» атты мүсіні тамсана қарап отырады. Мұз мүсіннің айналасына құйылған. Кешке жарықтандырылған мұз беті түрлі түске боялады, ал мұз айдынының үстінде қызыл бант ілулі.

Мекенжайы: Әл-Фараби даңғылы, 77/8.

28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақтағы мұз айдыны

Вознесенск кафедралы шіркеуін тамашалап, коньки тебуге шақырамыз. Біршама көңіл көтергеннен кейін саябақты аралап, жүріп қайтуға болады. Кешке саябақ нағыз ертегіге айналады: шіркеудің күмбездеріне жарық түседі, ал балқарағай мен шырша ағаштарына қонған қар жылтылдайды.

Мекенжайы: Гоголь көшесі, 40В.

Almaty Arena-дағы мұз айдыны

Almaty Arena-дағы мұз айдынында мереке бітетін емес. Аймақ қар ұшқыны бейнелерімен, шырша ойыншықтарымен және гирляндпен безендірілген. Мұздан қорқатындар отыратын орындар бар.

Мекенжайы: Нұркент ықшамауданы, 7.

Көкжиек ықшамауданындағы мұз айдыны

Араларыңызда конькиді қатты тебетіндер болса, Жетісу ауданында жалпы аумағы 1800 шаршы метрді құрайтын, кең мұз айдыны ашылды. Кіру тегін. Конькиді жалға кіреберісте алуға болады.

Мекенжайы: Кокжиек ықшамауданы, 40А/1.

Ғ. Мүсірепов атындағы БЖТ маңындағы мұз айдыны

Балалар мен жасөспірімдер театрының жанында тағы бір мұз айдыны пайда болды. Сыйымдылығы – 150 адам.

Мекенжайы: Абылай хан даңғылы, 381

«Гүлдер» саябағындағы мұз айдыны

Ең көп адам сыятын мұз айдыны Жетісу ауданында орнатылды. «Гүлдер» саябағындағы коньки тебу сеансына 350 адам қатыса алады. Мұз айдынына кіру тегін. Сондай-ақ саябақ ауданында балалар алаңдары бар.

Мекенжайы: Серіков көшесі, 1А/1

Оқушылар сарайы маңындағы мұз айдыны

Мұз айдыны Ғани Мұратбаевқа қойылған ескерткіштің жанына құрылды. Артықшылығы деп орналасқан жерін айтуға болады – мұз айдыны Алтын шаршыға жақын тұр.

Мекенжайы: Сейфуллин даңғылы, 13/1

Мұз айдындарын құруға және оларға қызмет көрсетуге Mega Ice компаниялар тобы жауапты.

Авторы

Фотография  

Аружан Жанова

Темы