Жігерлі әйелдер образын ашатын қазақ фильмдері туралы сөз қозғамақпыз

Олар батыл әрі нәзік, ал кейде бірбеткей, қателікке бой алдырады. Олар өздерінің күші мен ақиқатына адалдығы және бүкіл әлем қарсы болса да, төтеп берер қайтпас қайсарлығымен шабыттандырады. Қай-қайсысы да жай кейіпкер емес, біздің арман, қорқыныш пен үмітіміздің жиынтығы іспетті. Тағдыры да ешкімді бей-жай қалдырмайды. Күлесіз де, жылайсыз да, ызаланып, тітіркенесіз де. Сонымен қаһарман да, бүлікші де, ана да, жауынгер де бола алған әйелдер туралы бес фильмді назарларыңызға ұсынамыз. 

«Жол түйісі» (1963)

Режиссёрі: Шәкен Айманов

Сюжеттің негізі — жазықсыз адамның кінәсі, заң мен ар-ұжданның бір-біріне кереғар болатын тұстары және ізгі ниетті құқық бұзушылық ретінде қарастырмау сияқты мәселелер аясындағы этикалық пікірталас (кеңестік Қазақстанның атақты да көп жанрлы режиссёрі Аймановтың «Берегись автомобиля!» фильмі режиссёрінің алдын орап, дәл сол ойтолғамдарды ортаға салғаны таңқалдырады). Ең қызығы, мұнда режиссёр қоғамда елеусіз қалған матриархал күшке де мән береді. Фильмнің бас кейіпкері — билеп-төстеуге және дау-жанжалға бейім келіншек, оның кескін-келбеті гонконгілік ақсүйек отбасынан шыққан әйелге ұқсайды. Ол қызын жалғыз өзі тәрбиелеп, шын әкесінің кім екенін айтпай өсіреді. Себебі қыздың әкесі — ішкілікке құмар әрі декадент (Владимир Сошальскийдің теңдессіз рөлі) бола тұра, «адамға сену — кез келген дінмен өз-өзіңді алдау» деген сияқты пәлсафалық ойларды ортаға салады. Ал Ғалияның ештеңеге қарамастан жолға шығу туралы шешімі адам өліміне әкеледі. «Жол түйісіндегі» ер кейіпкерлер лауазымы мен мамандығының маңызды болғанына қарамастан, қоғамда тек белгілі бір міндеттемелерді орындайтын, шынайы әлем заңдылықтарының бетпердесі ғана екені көрсетілген. Әлбетте, олар көлік тізгіндеп, ұрпақ санын көбейтуге атсалысады, сотқа төрағалық етеді, бірақ өмірдің даңғыл жолдары түйісетін тұстарында барлық мәселені шешетін әйелдер болып шығады. 

Tatler Asia
IMAGE «Жол түйісі»

«Мәншүк туралы дастан» (1969)

Режиссёрі: Мәжит Бегалин

Фильм жиырма жастағы алматылық пулемётші, аға сержант Мәншүк Мәметованың (Наталья Аринбасарова) майдандағы өмірінің соңғы күнін суреттейді. Қолына әйелдерге арналған сағат таққан қылжақбас барлаушы лейтенант Ежов (Никита Михалков) қыр соңынан қалмай қырындайды. Кинокартинада әскери бейнетке толы күндер Мәншүктің бейбіт өмір кезіндегі естеліктері мен қазақша әндер және ажал алдындағы елестер мен аяндар біте қайнасып жатыр. Классикалық кеңестік киноны қайта көруге маңызды үш себеп бар.

Біріншіден, мұндағы соғыс алаңындағы көріністер шынайы. Сарбаздарын шыбын құрлы көрмейтін взвод командирлері, басшылыққа наразы әскер, қауіп-қатерге толы өмірде тіпті жауынгерлік ерлік бағаланбайды деген сияқты ойтолғамдарға итермелейтін жаттанды сахналардан ада. 

Екіншіден, соғыс жағдайында әрі ерлер үстемдік ететін ортадағы сержант әйелдің таза гендерлік катаклизмі сипатталады. Жауынгерлердің бірі Мәншүкті «қыли» деп келемеждесе, енді бірі «қарғыс атқан қыз» деп атайды. Ал командирлер жап-жас қыздың майданға аттанғандағы мақсатын күн ұзаққа талқылаумен болады: бірі «әйелге тән қасиетті жою мақсатында» дегін пікірді ұстанса, кейбірі керісінше «ана болуға ұмтылыс» деп біледі. 

Үшіншіден, дәл осы картинадан қазаққа ғана тән қасиеттерді көруге болады: бір сахнада қойдың төлдеуі өзінше бір қасиетті оқиғаға айналса, киноның тағы бір жерінде Мәншүк майдандастарына бір жәшік Алматының апортын тарту етеді; жүрегі де, санасы да кіршіксіз қыз үшін айналадағы барша заттың, тіпті «Максим» пулеметінің де жаны бардай көрінеді. 

Tatler Asia
IMAGE «Мәншүк туралы дастан»

«Стриж» (2007)

Режиссёрі: Абай Құлбаев

Стриж деген лақап атпен танымал жоғары сынып оқушысы Айнұр (Инесса Кислова) оқуын тастап, үйінен кетіп қалып, еңбек мигранттарымен бірге қосалқы бөлмелерде түнеп жүреді. Өгей әкесі күнде ішеді, анасының аяғы ауыр, айналадағылардың бәрі Стрижді ұры, нашақор не еркекшора деп атайды, алайда мұның ешқайсысы шындыққа жанаспайды. Ол — ештеңеге мойымаған, жалғыздық та, зорлық-зомбылық та, бетпе-бет жүйткіген көлік те жасытпаған жұмсақ күшке теңестірілген кейіпкер. Сюжет желісі ауырлау болғанымен, коммуналды квазиәлеуметтік оқиғаның артында нәзік лирикалық фильм жатыр. Ол үшін кинодағы сынған қолға маникюр жасау сәті, шампанды бөтелкеден сылқылдатып ішкені немесе жартылай қиылған шашпен шаштараздан жүгіріп шыққаны (лақап аты осыдан шыққан) сияқты сахналарға мән беру маңызды. Ал анасының өлімі туралы өтірік айтқан жері, әлбетте, Франсуа Трюффоның «400 соққысына» сілтеме деуге болады. Қысқасы, «Стриж» — сыртта болып жатқан мән-жайлардан гөрі ішкі әлем өзгерістері әлдеқайда маңызды екенін меңзейтін поэтикалық кинодәстүр жалғасы. Көктөбедегі аспалы жолдың астында тұратын қыз ол жолмен бірде-бер рет жүріп көрмеген. Күндердің бір күні қаланы төбеден тамашалауға мүмкіндік туғанда, онысы тиісінше төрт жүз бірінші соққы болады. 

Tatler Asia
IMAGE «Стриж»

«Мәриәм» (2021)

Режиссёрі: Шәрипа Оразбаева

Мәриәмнің (Меруерт Саббусинова) күйеуі әрі төрт баласының әкесі жоғалып кетеді. Енді оған өлместің күнін көру үшін оған асыраушысынан айырылғаны туралы анықтама керек. Полиция қызметкері болып істейтін сыныптасы әдепкі жемқорлық схемасы бойынша сыйақыға өлім фактісін тіркеуге көмектесетінін айтады. Бір күні күйеуі жоғалу себебін түсіндірместен, кенеттен үйіне қайта оралады. Демек, керек-жарағына жаратып тастаған жәрдемақыны қайтаруға тура келеді. Басқа фильм болса, бұл жағдай бір водевильге арқау болары сөзсіз, ал мұнда нағыз трагедияға айналады. Киноның атауы Трумен Капотенің «Мириам» деп аталатын әңгімесімен аттас келеді, бірақ луизиандық классиктің қиялынан туған сұмдықтар аппақ жібек көйлек кисе, Оразбаеваның картинасындағы маңызды ой «Сен енді өліксің» деген бір ғана сөйлеммен берілген. 

Шәрипа Оразбаева — әйел адамның күнделікті өмірін асқан шеберлікпен жеткізетін жан («Қызыл анар» атты фильмін де көруге кеңес береміз). Апрымовтан Қарақұловқа дейінгі жаңа толқын өкілдерінің аскеттік минимализмін ұстанатыны сөзсіз, бірақ оған ақыры фатум мен мифке пара-пар боямасыз әлеуметтік әсер қосады.

«Қайда болдың?» деп күйеуінен бірнеше рет сұрағанымен, «Маңызды емес» деген жауап алған соң, бейтарап аспан астындағы қардың бетінде сұрақ белгісі секілді бүк түсіп жатып қалады. 

Tatler Asia
IMAGE «Мәриәм»

«Томирис» (2019)

Режиссёрі: Ақан Сатаев

Әлдекімдер болашақ Томирис (Альмира Тұрсын) ханшаның әкесін, массагеттер көсемін қызының көзінше өлтіреді. Тапсырыстың Хорезм жақтан (мұнда саудагерлер ешкімге бағынбайтын әрі тонаушылыққа бейім көшпенді халықтың жауы ретінде көрсетілген) келіп түскені айтылады. Қыз орманға қашып құтылып, кейін нағыз жауынгерге айналады. Содан кейінгі сахналар (Геродоттың нұсқасына негізделген) бүге-шігесіне дейін ойластырылған өш алу актілерінен тұрады. Алдымен, Томирис әкесі үшін, содан кейін күйеуі үшін кек алады. «Бұл — кек емес, әділ жаза» деген Томиристің түсіндірмесі фильмге кітапта жазылған шығармадай асқан шешендік пен монументалды сипат береді. 

Бір жағынан, Томирис парасатты, эмпат (құрбандық шалуды тоқтатады), сондай-ақ еркін, себебі шаман мен тайпа көсемдеріне қарсы келіп, ұрыс жоспарын өзі әзірлейді және Кирге әйел болғаннан гөрі оны өлтіргенді жөн көреді. Екінші жағынан, Томирис ұйқы мен тылсым күшке толы ғажайып әлемге жиі енеді, өйткені оған бала кезден қанаты бар от құбыжық (Дэн Симмондстың «Террор» фильміндегідей, бірақ далалық лебі бар) елестейтін. Сонымен қатар Томирис мыңдаған миль қашықтан күйеуінің қазасын алдын ала сезіп, біліп отыратын қасиетке ие. Демек, бұл ұлттық болмыстың қалыптасуы туралы ғана емес, өлімге байланысты сұмдықтарды ұғынуға бейімделген рух пен жан хақындағы фильм деуге әбден болады. 


Материал Максим Семеляктың мақаласын негізге ала отырып дайындалды

Tatler Asia
IMAGE «Томирис»

Темы