Талайдың арманына айналып келе жатқан актрисаның Голливудтағы сара жолы жайлы мақаламыздан оқи отырыңыз.
Наурыз айының соңында Сидни Суини жеті жыл кездесіп, екі жыл бойы сөз байласып жүрген продюсер Джонатан Давиномен ара-қатынасын үзгені белгілі болды. Бұдан кейін актрисаның әріптесі Глен Пауэллдің әпкесінің үйлену тойына қатысуы екеуінің арасында романтикалық қарым-қатынас бар деген қауесетті күшейтті. Сидни мен Глен 2023 жылы шыққан Anyone But You фильмінің түсірілімінде танысқан. «Романтикалық комедияны сатудың екі тәсілі бар – күлкі мен химия. Біз Сиднимен түсірілім алаңында жақсы тіл табыстық, бұл экранда да көрініс тапты», – деп мәлімдеді қауесеттерге нүкте қойған Глен Пауэлл.
Актрисаның жеке өміріне қатысты дүрмек көбіне оның кәсіби жетістіктерін тасада қалдырып жатқандай. Google-дағы ең танымал сұраулар тек оның сырт келбетіне қатысты, мысалы: «Сидни Суинидің күйеуі бар ма?», «Ол қашаннан бері қарым-қатынаста?», «Суинидің дене бітімі», «Сидни Оземпик қолдана ма?» және тағысын тағы. Сидни Суиниді көпшілік жиі сексуализациялайды, тіпті сұлулығы үшін сынға алып та жатыр. Көгілдір көзді, аққұба келген, дене бітімі құмсағат пішінді аруды кейбіреулер гендерлік, нәсілдік және әлеуметтік дискриминацияға аса мән беретін woke-мәдениетке қарсы символ ретінде қабылдап жатыр. Көпшілік оның сыр-сымбатын Мэрилин Монро мен Скарлетт Йоханссон сынды секс-символдарға ұқсатады. Алайда актрисаның өзі бұл сыннан шошынбайды: ол эротикалық көріністерде ойнап, Instagram-ға ашық фотолар жариялауды жалғастырып келеді.
«Менің «тәнім мен жаным – егіз ұғым» деп қарастырылмаса екен», – дейді Сидни. Мектепте ол өз дене бітімінен ұялатын. Кеудесінің үлкендігі мен безеулерге қатысты көп сөз естіген жас қыз спортқа ден қойған: гольф, софтбол, футбол, шаңғы, велосипед және аралас жекпе-жекпен айналысқан. Сабақта үлгерімі де жақсы болған, сондықтан да мектеп бітіру кешінде үздік оқушыларға ғана тән қоштасу сөзін сөйлеу мәртебесі бұйырған. Қазір Сиднидің винтаж көліктерді жөндеп жатқанын жиі көруге болады. Ол тіпті TikTok-та арнайы аккаунт ашып алды: «Қыздар асқақ армандарға еш қысылмай, зор сеніммен ұмтылғанын қалаймын. Бұл хобби олардың жаңа нәрсеге батыл қадам басуына шабыт береді деп үміттенемін. Әйелдер ер адамдардың үлесі басым салаларда да өз жолын тауып, мықты маман бола алатынын дәлелдегім келеді».