IMAGE FOMO клубының негізін қалаушы Рамин мен Анастасия Хаджиевтер | FOMO

Әзербайжанның ең ірі клубы FOMO-ның негізін қалаушылар Рамин мен Анастасия Хаджиевтер Бакудегі түнгі өмір жайлы ой бөлісті.

Қазақстандағы түнгі өмірді алып қарасаң, бізде барларда өтетін шағын жергілікті кештер мен ZVUK сияқты ірі фестивальдер ғана бар. Berghain, Haçienda сынды аты аңызға айналған клубтар, жүздеген музыка сүйер жанның басын қосатын орын жоқ. Ал Бакуде ондай жер бар. FOMO клубы аяқасты ашылып, көп ұзамай беделі артып, әлемдік деңгейге көтерілді. Британдық DJ Mag журналы былтыр оны әлемдегі ТОП-100 клубтың қатарына қосқан болатын. FOMO-ның негізін қалаушы Рамин мен Анастасия Хаджиевтермен Бакудегі клуб мәдениеті, консерватизм және олардың табысының сыры туралы сөйлестік.

FOMO және Бакудегі түнгі мәдениет

Бакудегі түнгі өмір Қазақстандағымен ұқсас келеді. Жас мемлекет, жаңа қоғам, консервативті көзқарас. Би – көзі ашық жандардың ермегі. Ондаға жағдай тек FOMO сияқты ауқымды жобаның келуімен ғана өзгеруі мүмкін. Рамин мен Анастасия ә дегеннен әңгімені мынадан бастады: «FOMO бір жылдың ішінде Әзербайжандағы түнгі өмірді түбегейлі өзгертіп, жаңа деңгейге жеткізді. Бұрынғы нарықта рэп, R&B, 1990-шы жылдар музыкасы мен орыс эстрадасын тыңдағысы келетін адамдар баратын жерлер басым болды. Электрондық музыка тек жергілікті жобалар аясында тіршілік етті. Оған ешкім инвестиция салғысы келмеді, сол себепті деңгей де төмен болды». FOMO пайда болғалы бұл деңгей еуропалық стандартқа жетті. Бұған Adriatique, Baltra, Âme, Monkey Safari сынды арнайы шақырылған халықаралық диджейлер дәлел. Алайда клубтағы ең маңызды дүние – дыбыс пен жарық. Тіпті қараусыз қалған ангардың өзін керемет алаңға айналдыруға болады. Ондай жерлердің қаншалықты ұсқынсыз екені тек жарық жанғанда белгілі болады. Дәл осы дыбыс пен жарық FOMO-да әлем бойынша үздіктер қатарында.

Tatler Asia
Tatler Asia

– Әуелгіде бұл менің идеям болды, – дейді Анастасия.

– Әрине, жұбайымның идеясы. Мен үшін мұның бәрі табысты кездейсоқ жайттар тізбегі болды деп ойлаймын, – деп қостайды бұған дейін де клуб ашуға тырысып, сәтсіздікке ұшыраған Рамин. 23 жаста мұндай мәдениет мүлде жоқ елде тауашалық салаға көңіл бөлу шын мәнінде қиын. – Қазір қарасам, сәтсіздікке ұшырағанымның өзі жақсы болған екен. Қала да мұндайға дайын емес еді».

– Сен электрондық музыканы тыңдамайтын да едің ғой... – дейді Анастасия, – Бакуде бір күшті, еуропалық деңгейдегі орын ашқым келді. Бастапқы жоспар бойынша кішігірім, дыбысы сапалы, музыкасы заманауи бар ашу болды. Бірақ уақыт өте келе ұмтылысымыз күшейе түсті.

Хаджиевтердің некесі FOMO-ның негізі болды деуге болады. Көпті көрмей, жақсы жоба істеу мүмкін емес. Олар әлемнің түкпір-түкпірін аралап, үздік клубтардың тәжірибесін бойына сіңірді. Рамин атап өткендей, кез келген табысты жобаның негізі – мықты команда. Бұл жерде испандық тәжірибенің (испан тілінің де) рөлі зор болды. FOMO-ның дыбыс жүйесінің авторлары – Ибицадағы атақты Pacha клубының командасы (Испаниядағы бұрыннан бар суперклубтардың бірі – Tatler).

Tatler Asia
IMAGE FOMO клубының негізін қалаушы Рамин мен Анастасия Хаджиевтер | FOMO

FOMO-ның әсері

FOMO-ны коммерциялық жоба деу қиын. Анастасия оны тіпті «ағартушылық функциясы бар орын» санайды.

– Еуропада бұл мәдениет ондаған жылдар бойы дамыды, ал мұнда ондай орын мүлде болмаған. Еуропада адамдар үздік диджейлерді демалыс сайын тыңдай алады. Бакуде ондай мүмкіндік болған жоқ. Жергілікті тұрғындар Black Coffee не Solomun сынды супержұлдыздарды ғана білетін. Алайда әлемде танымал, бірақ мұндағы адамдарға бейтаныс дарындар көп. Осы жағдайды түзеуге, яғни аудиторияны жаңа есімдермен таныстырып, осы мәдениетті дамытуға ұмтыламыз.

– Лайн бойынша жұмыс қызу жүріп жатыр. Оған жағаласпаймын, онымен жұбайым айналысады, – дейді Рамин. Анастасияға лайн-ап құруға диджей-резидент Peredel көмектеседі. Мұнда оның EleveN деп аталатын жеке кештер сериясы да бар. 

Техникалық айырмашылықтарға келсек, Батыста кештер әлдеқайда кеш басталады. Лондон не Нью-Йорк клубтарына түнгі сағат бірде барсаң, олар әлі жартылай бос болып тұрады. Бакуде кештер ерте басталып, ерте аяқталады. Адамдарды 23:00-де кіргізе бастасақ, прайм-тайм, яғни кештің шарықтау шегі 00:30-дан 02:00-ге дейін жалғасады. Ел-жұрт түнгі үшке қарай тарай бастайды. Раминнің айтуынша, халық ұзақ билеуге дағдыланбаған. Алайда FOMO пайда болғанға дейінгі жағдай одан да нашар еді. Түнгі екінің шамасында адамдар жарты сағаттың ішінде үйді-үйге тарқасып кете қоятын. Ал FOMO ашылғалы бері әлгі әдет жойыла бастады.

Tatler Asia

«Пандемия да айтарлықтай әсер етті. Баку клубтары оған төтеп бере алмағандай болды. Eleven Club, Pacifica және Energy сынды клубтар әп-сәтте жабылып қалды. Қала қаңырап қалды», – дейді Рамин. Адамдар үйде отырғанға үйреніп қалып, сыртқа шыққысы келмей қалған шығар. FOMO ашылғалы бері бұл тренд те жайында қалды. 

FOMO-ның сыры неде?

Көптеген клубтық жобалар идеядан басталады, иә, бірақ олар нарықтың қаталдығына төтеп бере алмай қалады. «Біз клубты пайда табу мақсатында ашқан жоқпыз. Егер бизнеске тек ақша үшін кіріссең, үнемдей бастайсың. Дыбысты, жарықты және басқа да нәрселерді арзанға алуға тырысасың. Ал біз Бакуде шын мәнінде керемет жер ашқымыз келді. Индустрияны жаңа деңгейге көтергіміз келді, – дейді Анастасия, – FOMO уақытында ашылғанын айта кету керек. Оның ашылуы әбден жоспарланды. Мәскеу – ТМД-дағы түнгі өмір орталығы. Аймақтағы үздік орындар да, жұлдыздар да сонда еді. Алайда қақтығыстың кесірінен адамдар Мәскеуге барудан қалды. Еуропалық диджейлер онда қаласа да, бара алмайды. Агенттіктері мен компаниялары оларға рұқсат бермейді. Баку болса Мәскеу мен Ыстамбұлдан екі сағат, ал Дубайдан екі жарым сағат жерде орналасқан. Мәдени орталық десе де болады. Қаламыз әсем, туристік инфрақұрылымы ыңғайлы. Мұнда әлемдік деңгейдегі іс-шаралар өтеді, мысалы, Әзербайжан Гран-приі («Формула-1» әлем біріншілігі этапы – Tatler). Бәрі бір тілде сөйлейді. FOMO сынды орын жетіспейтінін түсіндім. Ел астанасының қонақтары көбейіп келеді, бірақ кешке олар баратын жер аз. Дәл сол кезде жергілікті клуб мәдениетін ерекше бір дүниеге айналдыруға болатынын түсіндім», – дейді Рамин. 

Tatler Asia
Tatler Asia

Аймақ пен бәсекелестік туралы ойлағанда, ең алдымен ТМД-дағы техно мәдениетінің орталығы – Тбилисидегі Bassiani ойға түседі. Рамин Грузияның бұл тұрғыда бірнеше қадам алда екенін мойындайды. Себебі жергілікті халық ашық-жарқын, жаңашылдықты жақсы қабылдайды. Олар – ұзақ қыдырыстарға, алуан түрлі музыка тыңдауға бейімделген жандар. Сондықтан да ондағы орындардың да деңгейі жоғары. Әзербайжанда мұндай мәдениет әзірге қалыптасып үлгерген жоқ. Дегенмен Рамин FOMO-ны Bassiani-мен салыстыруға болмайды деп ойлайды. Бұлар – екі түрлі концепциядан шыққан орындар. Bassiani – нағыз әрі терең андерграунд. FOMO-да техно белгілі бір кештер аясында ғана ұсынылады.

Tatler Asia

Бакуде қандай музыка тыңдайды?

FOMO-дағы музыканы коммерциялық деуге келмейді. Мұнда әртүрлі әртістер өнер көрсетеді. Клуб саясатының негізгі аспектілерінің бірі – шетелден шақырылатын диджейлердің әралуандығы. Бір ғана жанрмен шектеліп қалудың орнына мұндағы әртістер техно, мелодик-техно, тек-хаус және инди-дэнс сынды стильдердің бәрін қамтиды. «Әр стильдің үздік өкілдерін шақырып, аудиторияны электрондық музыканың түрлі бағыттарына баулуға тырысамыз. Андерграундты және ауыр музыканы да, әрине, ұмытпаймыз. Жергілікті комьюнитимен коллаборация жасап тұрамыз», – дейді Анастасия. Айтып отырғаны – iN жергілікті комьюнитиі, лейблы және кештер сериясы. Раминнің айтуынша, олардың да Бакудегі түнгі өмірге қосатын үлесі зор. Айтпақшы, FOMO x iN ортақ кештерінің өзіндік ережелері бар. Мысалы, кіреберісте келушілердің телефондарының камераларына қағаз жапсырылады. «Баку трендтерден қалыс қалмайды деп ойлаймын. Бір кезде Black Coffee-нің арқасында афро жанры танымал болды. Қазір Kenny Musik өте танымал. Оның есімін тіпті бұрын-соңды электрондық музыка тыңдап көрмеген жандар да біледі», – дейді Рамин.

Темы