Кофеханадағы таңғы билер Нью-Йорктен Сингапурға дейін бүкіл әлемді жаулап алып, Алматыға да келіп қалды
Әдетте кофеханаға жұмыс бабымен кездесулерге немесе әдемі өрнегі бар латте ішуге баратынбыз. Ал қазір ол күндізгі клубқа айналды: алкогольдің орнына матчаны алып, өзіңізді күн шуағы төгілген шақта дискотекадамын деп сезінетін жер. Билеп, рахаттану үшін алкоголь емес, керемет бариста мен диджей қажет.
Жаһандық тренд: таңғы дискотекалар
Morning coffee raves тренді алғаш рет Амстердам, Лондон және Нью-Йоркте пайда болып, бүкіл әлемге жылдам тарады. Үндістанда кофеханалар таңғы 7-де диджейлері бар шағын клубтарға айналады, Сингапурда таңғы уақыт электрондық музыкалық сеттермен өтеді. Қазақстанда таңғы дискотекалардың пионері – Арсен Рысдәулет, ол 2016 жылы Aurora кафесінде алғашқы morning rave-тарды жексенбі сайын ұйымдастырған. Ал басқа кофеханаларда бұл қозғалыс енді-енді қарқын ала бастады. Өткен демалыс күндері Popcorner мен Tangy Club-та таңғы кофе рейвтері ұйымдастырылса, Fika кофеханасы матча рейвін жасап, жасыл шайдың сергітетін қуатын паш етті.
Morning coffee raves несімен баурап алды?
Coffee raves форматының артықшылығы сол, ешкімді шектетпейді: жасөспірімдер, жас аналар, ішімдіктен бас тартқандар немесе таңертеңнен дұрыс вайбты сезінгісі келетіндер үшін тамаша мүмкіндік. Коктейльдердің орнына эспрессо ұсынылып, қапырық болып тұратын түнгі клубты жылы атмосфера алмастырады. Мұнда билеп, энергия жинап, өзіңді жайлы сезінуге болады.
Бұл таңғы рейвтер ішімдіксіз өмір салтын қолдайтын қозғалыстың бір бөлігіне айналды. Қазіргі 13-28 жастағылар олардың алдыңғы ұрпақтарына қарағанда денсаулық пен саналы өмір салтын алға қоятыны мәлім, ал таңғы рейвтер осы философияға толық сәйкес келеді. Бұл – көңіл көтерудің жаңа форматы, ол кофе, денсаулық пен жақсы музыканы біріктіреді.
Таңғы дискотека уақытша хайп па?
Біреулер таңғы рейвтерді уақытша хайп дейді. Бірақ солай болған күннің өзінде неге дәл қазір осы атмосфераны толық сезініп, ләззат алмасқа? Егер сіз әлі күнге дейін матчаменен хаус-музыка ырғағына билеп көрмесеңіз, мұндай мүмкіндікті мүлт жібермеңіз! Бәлкім, таңғы рейвтер күндердің бір күні Sunday Brunch сияқты қала мәдениетінің ажырамас бөлшегі болар. Бұл кофеханалардың хит жоспары ма? Әлде бір ғана капучиномен ноутбук алдында телміріп отыратын фрилансерлерге «орынды босат» деген сыңай танытудың тапқыр жолы болды ма екен?