IMAGE «Болмаған балалық шақ» фильмінің постері | Кинопоиск

Ақберен Елгезектің автобиографиялық повесінің кинематографиялық бейнесі қазақстандық көрерменді қалай тәнті қылғаны туралы әңгімелейміз.

Бестселлер

«Болмаған балалық шақ» фильмінің айналасындағы ажиотаж 27 ақпан күні өткен премьерасынан басталды. Тіпті дүйсенбі күні Алматыдағы ел арасында танымал емес деген кинотеатрдың өзі көрерменге лық толы болды. Өз көзімізбен көріп қайттық. Оқырмандар «автор хикаяға артық дүние қосып, сүйікті кейіпкерімнің образын бүлдірген жоқ па екен?» деп, өздеріне таныс әдеби шығарманың кинонұсқасын тамашалауға асықты. Фильм әсерлігі жағынан түпнұсқадан кем болмай шықты.

Танымал қазақ жазушысы, ақын Ақберен Елгезектің 2008 жылы жарық көрген автобиографиялық повесі бірден бестселлерге айналды. Тиражы 40 мың данадан асқан кітап Amazon және Barnes & Noble платформаларында да оқылды. Елгезектің шығармасы негізінде спектакль қойған үш республикалық театрда да аншлаг болды. Кино шолушысы Ғалия Байжанова айтпақшы, бұл – «үлкен экранға баяғыда-ақ шығатын картина». Режиссері – қазақстандықтарға «Дос-Мұқасан» (2021) музыкалық байопигі арқылы таныс Айдын Сахаман.

Бала VS Құбыжық

«Болмаған балалық шақ» – болмай қалған балалық шақ туралы хикая. Жастайынан әкесінен айырылған Ақберен (жақындары Ақош дейді) анасымен қалады. Үйде үшеу, ағасы ауыр дертке шалдыққан. Анасы (Ақбота Рахат) ортаншы баласын емдетемін деп, ауылдың үрейін ұшырған жылқышы Тағаймен қосылады. Қатыгез Тағай балаға мейірім шуағын төкпек түгілі, күн көрсетпей қояды. Тағдырдың жазуымен (сондай-ақ қазақы дәстүрдің арқасында) Ақберенді марқұм әкесінің туыстары алып кетеді. Үйінен алшақтаса да, кішкентай бала анасын «құбыжықтан» құтқару туралы ойлай береді. Сөйтіп жүріп, Ақош қиял әлемінен пана табады. Ол әлем Ақошты әлсіз бала ретінде емес, көне күшті бағындырып, анасын арбаған құбыжықты жеңетін қаһарман ретінде қарсы алады. Ақиқат көзін ашып, Ақберен қамал атаулының барлығы күшпен алынбайтынын түсінеді.

Tatler Asia
IMAGE «Болмаған балалық шақ» фильмінен алынған кадр
Tatler Asia

«Әдеттегі мағынасыз комедия емес»

Әлеуметтік желідегі пікірлерге сенсек, қазақстандық көрерменнің бұл картинаға тәнті болуына отандық кинода өмірлік драма жанрындағы фильмдердің жетіспеушілігі себеп. Ең көп лүпіл жинаған пікір – «Ақырында мағынасыз комедиядан басқа бірнәрсе шықты ғой». TikTok желісінде көрермендердің фильмге қатысты реакциясы бейнеленген видеолар мен кинотеатрда телефонмен түсірілген үзінділер ондаған мың қаралым жинап жатыр. Ең танымал үзінді – бас кейіпкер (бала Ақоштың рөлін 11 жасар Шәкәрім Алмасбек сомдады) өзінің сүйікті «Сені ешкімге бермеймін! Сұрамасын!» өлеңін тебірене оқып отырған сәті. Өлеңнің авторы – Ақберен Елгезек (есіңізге сала кетейік, картина – ақынның автобиографиясы). Айтпақшы, сыншылар мен көрермендер шығарма кейіпкерлерінің әдеби, «таза» әрі «бай» тіліне баса назар аударып жатыр.

@gulsanna_nurlan 10/10💔💔💔 #болмағанбалалықшақ #рек ♬ Dunie - Qanay

Ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан травма

Отандық киношедевр көргісі келетін көрермен картинаға жоғары баға беруі үшін (қазір Kino.kz-те 9 жұлдыз жинаған) қызық сценарий, фэнтези элементтері бар арнайы эффект және мықты актерлер ғана керек сияқты. Алайда бұл киноның көрермен көзайымына айналуына басқа жайт себеп. Әркезде сан-қилы себеппен үйінен, ата-анасының махаббатынан айырылып, туыстарының қолында өскен қазақ баласының жан-дүниесін жеткізген каритина көптің көңілінен шыққан-ды. Әжесі бала Ақошты «Құдайдың баласы» деп атайды. Есейгенде Ақберен өзінің ата-анасыз өскендіктен, «Құдайдікі» болғанын түсінеді...

Картина касса тұрғысынан табысты болады деген болжам бар. Өзі продюсер қызметін атқарған автордың бақытына қарай, премьералық көрсетілім жалғаса түссе, ешкім таңғала қоймас. «Болмаған балалық шақтың» танымалдығын қазақстандықтардың халық арасында, әр адамның бойында бар үрейге, үміт, армандарға рефлексия жасайтын картиналарды аңсайтындығының белгісі деп түсінген жөн. Заманауи режиссерлер мен сценаристердің қаперінде жүрер туынды екені сөзсіз.