IMAGE Instagram @cbs

Атышулы «Эйфория» сериалының жалғасы 2026 жылы жарық көреді

Төрт жылдық үзілістен кейін Лос-Анджелесте «Эйфория» сериалының үшінші маусымының түсірілімі басталды. Бұл маусым сегіз эпизодтан тұрады. HBO стримингілік сервистің драма бөлімінің жетекшісі Франческа Орси үшінші маусымның сериал үшін соңғысы болатынын және көрермендердің үмітін ақтайтынын мәлімдеді. Сюжет бойынша кейіпкерлер бірнеше жылды бір-ақ артқа тастайды, олардың орта мектептен кейінгі өмірі баяндалады. Үшінші маусым тек 2026 жылы жарыққа шығады, яғни сериалдағы алдыңғы оқиғаларды еске түсіруге уақыт жетіп артылады.

Зендея, Джейкоб Элорди және Колман Доминго «Эйфориядағы» рөлдеріне қайта оралады. Өкінішке қарай, Фес рөлін сомдаған Ангус Клауд 2023 жылы есірткіні шектен тыс қолдану салдарынан қайтыс болған еді. Басқа актерлердің сериалға қатысуы не қатыспауы туралы ақпарат жоқ әзірге.