IMAGE Паапа Эссиеду ( Северус Снейп) | kino-teatr.ru

HBO студиясы Джон Литгоу, Ник Фрост, Паапа Эссиеду, Джанет Мактир, Пол Уайтхаус және Люк Тэллонның Хәрри Поттер туралы жаңа телехикаяға түсетінін растады.

Түсірілімі ұзақ жылға созылатын телехикаяға түсуден бұрын, поттерхедтердің қап-қап сынына шыдас беруге барынша дайындалып жатқан актерлердің тізімі белгілі болды. HBO студиясы Джоан Роулингтің әйгілі «Хәрри Поттер» романдар жинағын телехикая қылып қайта түсіретінін жариялағалы тура бір жыл өтті. Түсірілімі биылғы жазда басталып, келесі жылы жарыққа шыға бастайтын киноөнімнің белгілі болған актерлік құрамы мынадай: 

• Альбус Дамблдор — Джон Литгоу

• Северус Снейп — Паапа Эссиеду

• Минерва Макгонагалл — Джанет МакТир

• Рубеус Хагрид — Ник Фрост

• Квиринус Квиррелл — Люк Тэллон

• Аргус Филч — Пол Уайтхаус 

Енді актерлер туралы қысқаша айта өтейік. Джон Литгоу — «Эмми» және «Тони» сыйлықтарының иегері, The Crown телехикаясындағы Уинстон Черчилль рөлімен танымал. Паапа Эссиеду I May Destroy You және Black Mirror жобаларындағы рөлдерімен белгілі. Ник Фрост Shaun of the Dead және Hot Fuzz фильмдеріндегі күлдіргі кейіпкерлерді сомдаған, сондықтан Хагридтің біз үйренген аңғал да ақкөңіл болмысынан алшақтамауы әбден мүмкін. Люк Тэллон — Корольдік Шекспир театрының актері, жақында Гамлет рөлін сомдады. Пол Уайтхаус бес мәрте BAFTA сыйлығын алған Ұлыбританияның танымал комигі. Джанет МакТир бұған дейін екі рет Оскар сыйлығына ұсынылған. 

Әзірге Хәрри Поттер, Хермиона Грейнджер мен Рон Уизлиді ойнайтын актерлер анықталған жоқ. Естеріңізде болса, HBO компаниясы бұл рөлдерге ашық кастинг жариялаған. Нәтижесінде романдағы басты үштікті сомдауға ниет білдіргендердің саны 30 мыңнан асып жығылды. Болжам бойынша, 10-12 жас аралығындағы балалар таңдалуы мүмкін. Себебі түсінікті: мұнда да фильм түсіргендегі әдіс қолданылмақ. Актерлер кейіпкерімен бірге өседі. 

Әлеуметтік желі қолданушыларының тұспалына сүйенсек, Хәрридің рөлі британиялық жас актер, BBC арнасының балаларға арналған жобаларынан көрініп жүрген Ной Эвансқа бұйыруы мүмкін. Ал «Питер Пен мен Уендиде» ойнаған Джошуа Пикеринг шашын қызғылт сарыға бояса, Рон болып шыға келе ме, қалай ойлайсыз? «Уинни Пух» ертегісінің экранизациясына қатысқан Бронте Кармайкл да осал емес», — дейді желідегілер. Актрисаның, Эмма Уотсон сияқты, британиялықтардан тарағанын ескерсек, бұл болжамның шындыққа айналуы ғажап емес.