Нолан «Одиссеясының» сюжеті, актёрлері, шығатын күні және басқа да қызықтары туралы әңгімелейміз
Universal Pictures студиясының X желісіндегі аккаунтында Кристофер Ноланның жаңа фильмі туралы ақпарат жарияланды. Бұл — Гомердің «Одиссея» поэмасы негізінде түсірілген туынды. Эпик әрі мифологиялық экшеннің режиссёрі де, сценарисі де — сэр Ноланның өзі.
Британ-америкалық режиссёрдің соңғы түсірген «Оппенхаймер» фильмі «атом бомбасының атасы», америкалық физик әрі теоретик Роберт Оппенхаймер туралы биографиялық драма еді. Туынды «Оскар» премиясының жеті номинациясында жеңіске жетіп, бес «Алтын глобус» сыйлығын алып, 2023 жылдың үздік фильмі атанды.
Желіде Кристофер Ноланның ауқымды жобасы туралы деректер көптеп пайда бола бастады. Ендеше рет-ретімен баяндайық.
Сюжет
Сюжет бойынша Одиссей Троя соғысынан кейін үйіне қарай бет алып, қауіпке толы он жылдық саяхатқа шығады. Бас кейіпкер жолында алып циклоп Полимефті, Сиреналарды, сиқыршы Цирцеяны кездестіріп, ақыр соңында жұбайы Пенелопамен табысады.
Түсірілім
Нолан «Одиссеясының» түсірілімі 2025 жылдың басында басталып, әртүрлі елде таспаланады. IMAX компаниясының бас директоры Ричард Гелфондтың айтуынша, Кристофер Ноланның жаңа фильмінде бұған дейін болмаған IMAX технологиялары қолданылады.