IMAGE Ethno Pop Up Store

Сауықкештер, көрмелер және этно поп-ап. Ең қызықты іс-шаралардан қапы қалмаңыз!

Күн жылып, айнала гүлге оранды! Серуендеп, көктемнің келуін тойлайтын уақыт та жетті. Наурыз айында түрлі мерекелер демалысыңызды пайдалы әрі қызықты өткізуге мол мүмкіндік сыйлайды. Ендеше Алматыдағы ең қызықты іс-шараларды топтастырдық: би билеп, жаңа нәрселерді үйреніп әрі мәдени тұрғыда көкжиегіңізді кеңейте түсесіз.

Ethno Pop Up Store

Ethno Pop Up Store – Орталық Азиядағы жалғыз этно-маркет, онда 100-ден астам дизайнер мен қолөнерші өз туындыларын ұсынады. Поп-ап жәрмеңкесі 15-16 наурыз күндері өтеді. Фестиваль бағдарламасына қыш жасаудан, киіз басудан шеберлік сабақтары, сондай-ақ стилистермен жұмыс та қамтылған. Бұл дәстүрлі өнер әлеміне сүңгіп, қазақстандық шеберлерді қолдаудың ерекше мүмкіндігі болғалы тұр. Шеберлік сабақтарына жазылу үшін осы сілтемеге өтіңіз.

ZVUK x Bassiani сауық кеші

ZVUK ұжымы әлемдік техно-музыка сахнасында өзіндік орны бар, Тбилисидегі аты аңызға айналған Bassiani клубымен бірлескен кеш өткізеді. Іс-шара 7 наурыз күні Forum сауда және ойын-сауық орталығының автотұрағында өтеді. ZVUK сахнасында Bassiani резиденттері Zitto мен Kvanchi өнер көрсетеді. Zitto терең әрі гипноздық диджей-сеттерімен танымал, ал Kvanchi – қарқынды және қуатты орындауымен ерекшеленеді. Оларға қазақстандық ұжымның резиденттері және Appolla, E.T., Mariya El, Nazira, Nikita, Tangbosh сияқты ZVUK сахнасындағы жаңа есімдер қосылады.

DBAD-тың соңғы кеші

Don’t Be a Dick (DBAD) – кемсітусіз орта қалыптастыруға, миноритар топтарды қолдауға және өзара ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған сауықкештер сериясы. 8 наурыз күні Алматыдағы Purple Bar-да DBAD-тың қоштасу кеші өтеді. Бұл – алғыс, музыка және бірліктің мерекесі. Кештен түскен барлық қаражат қиын жағдайға тап болған әйелдерді қолдау қорына аударылады.
Лайн-ап: Aisana, Akkujava, Altawestcoastjazz, Aydakosh, Ianiiiron, Mariya El, Milktea, Siamskaya, Sarqytqyz. Кіру тегін.

KEEP HUSH x VIHOD сауық кеші

20 наурыз күні VIHOD локалды қауымдастығы мен Ұлыбританияның андеграунд музыкасын насихаттайтын KEEP HUSH жобасының бірлескен кеші өтеді. Кештің хедлайнері – Jamz Supernova (BBC Radio 6 радиожүргізушісі, Future Bounce лейблының негізін қалаушы, диджей және подкастер). Одан бөлек сахнада AKEE, Midclassgypsy, Akkujava, Nurboogie, Altawestcoastjazz өнер көрсетеді. Билет сатып алу үшін сілтемеге сүңгіңіз.

«Махаббат, өлім және бір бөлке нан» көрмесі

«Махаббат, өлім және бір бөлке нан» – Виолетта Богданованың жеке көрмесі. Экспозиция тек үш туындыдан тұрады. Олар махаббат, өлім және тыныш ұйқы тақырыптарына арналған. Жас суретшінің көрмесі 27 ақпаннан 20 наурызға дейін Egin Art Space галереясында өтеді.

Темы