Дуа Липаға ұқсағыңыз келе ме? Ендеше оның оқырмандар клубына қосылыңыз. Актерлер, актрисалар және модельдер негізін қалаған ерекше клубтар топтамасын ұсынамыз.
Fifty Shades of Grey фильмі Э. Л. Джеймстың романына негізделген, ал Big Little Lies сериалының сценарийі Лиана Мориартидың туындысы бойынша жазылған. Актерлер, продюсерлер және әртістер кітаптардан жиі шабыт алатыны ақиқат. Бірі алған әсерін әлеуметтік желілерде сипаттаса, басқалар оқырмандар клубын ашуға бел буады. «Біреудің басынан өткен оқиғалардың үйретері көп», – дейді модель Кайя Гербер. Кітаптар адамның санасын ашады, қиял-ғажайып әлемдерге аттандырады, жүректің түбіндегі сыр-сандықты ашады. Әлемге танымал жұлдыздар құрған концепциясы ерек оқырмандар клубы туралы топтаманы ұсынамыз.
Reese’s Book Club
Legally Blonde ханым беллетристикаға қызығып, 2017 жылы оқырмандар клубының негізін қалады. Reese’s Book Club – фильм түсірумен айналысатын Hello Sunshine медиа компаниясының бөлігі. Риз Уизерспун кітап таңдайды да, оны бір ай бойы жазылмандарымен бірге оқиды. Соңында сол кітап бойынша кино түсіріліп қалуы да мүмкін. Осындай «табысқа жеткен» туындыларға Daisy Jones and The Six, Where the Crawdads Sing және Big Little Lies романдарын жатқызуға болады.
Бұл оқырмандар клубының назары әйел авторларға, әйел кейіпкерлерге және бинарлы емес тұлғаларға түседі. Сондай-ақ Риз Уизерспун жас авторларға арнап стипендия бөледі. Әркім өтінім бере алады. Бағдарламаға қатысу үшін клубтың ресми сайты мен Instagram-дағы аккаунтында жарияланатын жаңалықтардан қапы қалмауға тырысу керек.
Service95
Дуа Липаның оқырмандар клубының сайты мен Instagram-дағы аккаунты онлайн журнал форматында жүргізіледі. Айдың үздік кітабын талқылаумен қатар мұнда сән әлемі жаңалықтары, сондай-ақ ерекше жерлер және рецептілер топтамалары жарияланады. Жексенбі сайын шығатын The Sunday List аясында креативті индустриялардың өкілдері өздерінің сүйікті кәсібі мен айрықша ұнататын дүниелері туралы әңгімелейді. Self-Service рубрикасы психикалық денсаулыққа арналған: мұнда секс, ұйқы және жеке шекара тақырыптары көтеріледі.
Дуа Липа 2023 жылы оқырмандар клубының негізін қалады. Оның аясында әнші әлеуметтік тақырыптарды да қозғайды. Соңғы рет америкалық сыртқы көмек көрсету ұйымы – USAID-тің жабылуы талқыланды. Әнші кітап талғамайды, көпшіліктің айтуына сенеді. Сонымен қатар ол заманауи жазушылармен онлайн сессиялар өткізіп, олардың туындыларын талдайды.