Жаңа нұсқадағы «Той жырының» ырғағына билеуге дайынсыз ба?

Қазақстандық диджей Арсен Superfly «Дос-Мұқасан» тобының сирек кездесетін «Той жыры» әніне эдит жасап, тыңдарман назарына ұсынды. Бұл нұсқа алғаш рет 1989 жылғы «Алтын алма» фестиваліне арнайы жазылған болатын. Әнді сол уақытта топ құрамында болған Әбит Қалиев орындаған. Біз Арсенмен сөйлесіп, эдит жасау идеясы қалай пайда болғанын сұрадық.

Ізденіс

1980 жылдардың ортасында «Дос-Мұқасан» тобы жас құраммен тың серпін алды. Заман талабына сай болу үшін топ жетекшісі Мұрат Құсайынов бірнеше әннің жаңа нұсқасын жазуды қолға алды. Әбит Қалиевтің орындауындағы «Той жырының» сирек нұсқасы сол кездегі «Алтын алма-89» фестиваліне арнайы жазылған. Кейін бұл фестиваль атақты «Азия дауысы» атауына ие болды.

«Дос-Мұқасан»

Маған 1970-ші жылдардың басы мен 1990-шы жылдардың алғашқы кезеңіндегі музыка өте жақын. Бұл әуендер менің балалық шағыммен, Алматыдағы Ақсай-4 ықшам ауданындағы музыкаға толы көпқабатты үймен байланысты. «Дос-Мұқасанның» жаңартылған құрамы 1985 жылдан бастап 1990-шы жылдардың басына дейін өнер көрсетті. Сол құрамда Әбит Қалиев, Ерлан Көкеев, Болат Құсайынов және басқа да өнерпаздар болды. Кейін Болат Құсайынов Алматы филармониясына қарасты жаңа «Арқас» тобына қабылданды.

Әбит Қалиев

Әбит Қалиев 1980 және 1990 жылдары белсенді өнер көрсетті. Қуат Шілдебаев шығармашылығынан шығып, Батырхан Шүкенов шырқаған («Аялаған арман-ай», «Отан ана», «Сәуле») танымал әндер алғашында дәл осы Әбит Қалиевтің даусымен жазылған. Оны сол кезеңнің алтын даусы деуге болады. Әсем тембр, қарлығыңқы үн, жоғары диапазон – осы ерекшеліктердің арқасында әрбір ән айрықша стильде орындалып, жүрекке жететін. Бүгінде ол жайында нақты ақпарат жоқ, өнер сахнасынан ғайып болған. Қазіргі жағдайы беймәлім. Бір кездері аты аңызға айналған музыкант Сиксто Родригестей тылсым бір бейнеге айналды. Ән айтуды баяғыда доғарған деген де алып-қашпа әңгіме бар.

Эдит

Жақын құрбым DJ Akkujava-мен әңгімелесіп отырған едік, ол жуырда Берлинге барып, HÖR видеоплатформасында диджейлік сет жазатынын айтты. Мен оған музыкалық қоржынын толықтыру үшін ескі қазақ әндері мен өзімнің бұрыннан сақтап жүрген эдиттерімді «құпия қару» ретінде ұсындым. Келесі күні таңертең бұл ремиксті асығыс жасап, оған жолдадым. Қолдана ма, қолданбай ма – ол жағы белгісіз. Бірақ SoundCloud-қа жүктегеннен кейін, бұрын бұл нұсқаны естімеген көптеген тыңдарманнан жылы пікір алдым. Соңғы уақытта Алматыда өнер көрсететін шетелдік диджейлер мен музыканттар арасында түпнұсқа «Той жырына» ремикс жасау дәстүрге айналып келеді.

1980 жылдардағы қазақстандық эстрада

Мен ғана емес, көптеген музыканттар ұлттық музыканың бастауына қайта-қайта оралып отыратыны анық. Әсіресе 1980-ші жылдардың шығармашылық тәжірибелердің тұтас бір дәуірі ретінде орны ерекше. Қазақ музыкасының әлеуеті әлі толық ашылған жоқ. Алда талай тың әрі ғажап музыкалық жаңалықтар күтіп тұр деп сенемін.

Темы