Гибридті анимация: суретшілер қалай 2D мен 3D-ні біріктіріп, бірегей визуалды жауһар туынды жасайды

2018 жылы «Өрмекші адам: Ғаламдар арасында» мультфильмін жасаған креативті ақыл-ой иелері нағыз фурор жасап, әлемге заманауи анимацияның қаншалықты креативті бола алатынын көрсетті. Жоба аясында әлемнің түкпір-түкпірінен келіп, бірлесіп жұмыс істеген 177 аниматор бірегей, революциялық әрі жанды нәрсе жасауға ұмтылған болатын. Ауқымды Sony Pictures Animation командасы бұған дәстүрлі емес тәсілдеме қолдану — компьютерлік графика (CGI), комикс салу техникалары, сел-шейдинг, бейнелеу өнері сияқты бірқатар әдістерді үйлестіру арқылы жетті. Әдетте процесс былай жүреді: CGI аниматорлары дайындаған материалдарды суретшілер 2D форматында қайта өңдеп, ерекше әрі жаңашыл көрініс жасайды.

«Өрмекші-адам: Ғаламдар арасында» мультфильмі көрермендерге қатты ұнап, «Оскар», «Сыншылар таңдауы» және «Алтын глобус» сыйлықтарының «ең үздік толықметражды анимациялық фильм» номинацияларының иегері атанды. Бұл жетістік көптеген авторлар мен студиялардың анимацияға деген көзқарасын өзгертті. Осылайша гибридті 2D/3D анимация тренді пайда болып, ізбасарлар жыл сайын көбейіп келеді. Осы ерекше стильде жасалған бес мультфильм мен анимациялық сериалды іріктеп, оларды жасаған студиялар туралы қысқаша айтып бермекпіз.

1. Аркейн (2021–2024 жылдар)

Сиқырға толы стимпанк әлемінде бір-біріне қарсы шыққан екі қала — зәулім ғимараттары жарқыраған Пилтовер мен жер астындағы Заун. Технология мен сиқыр түйіскен бұл әлемнің хикаясы адамдарға, әсіресе элитаға, сиқырлы энергияны басқаруға мүмкіндік беретін Хекстек атты қуатты ресурстың пайда болуынан басталады. Алайда Заунның қараңғы көшелері мен оның қаналған тұрғындарының өз қаруы бар — адамды ессіз құбыжыққа айналдыра алатын «Жарқыл» есірткісі. Осы тартыс пен қастықтың айналасында апалы-сіңлілі Вай мен Джинкстің күрделі хикаясы көрініс табады. Олардың арасы үздіксіз шайқасқа айналады, ал көрермен олардың туыс болып қалатынын не мәңгі жауласатынын білу үшін сюжетке тереңдей түседі. Айтпақшы, 23 қарашада мультфильмнің екінші маусымы аяқталды. Оны Netflix-тен көруге болады.

Fortiche — негізі 2009 жылы Парижде қаланған, Монпелье мен Испаниядағы Лас-Пальмаста филиалдары бар, ең жаңашыл әрі өршіл студиялардың бірі. Fortiche өзінің ерекше стилін #ForticheTouch деп атайды. Fortiche Gorillaz және басқа да әртістердің бейнеклиптері, Riot Games ойындарына жасалатын кинематографиялық трейлерлер және Marvel-дің «Ракета мен Грут» атты сериалы сияқты бірқатар жобаларды жүзеге асырып келеді. 2013 жылы Fortiche Get Jinxed музыкалық бейнеклипін — сол кезде гибридті анимация тәсілімен жасалған аз ғана жобалардың бірін әзірлеген болатын. Содан кейін Riot Games Fortiche-ке студияны әлемге танымал еткен «Аркейн» мультсериалын түсіруге тапсырыс берген екен.

2. Көк көзді самурай (2023 жыл)

Жапония, Эдо дәуірі — ел шетелдіктерге жабық, ал жергілікті заң қатал болған уақыт. Алайда көк көзді Мизу ережелерді өзіне мәлім мақсатпен бұзады. Бойында жапондық және еуропалық қан араласқан, жұмбақ самурай қыз басынан өткерген қиындықтары үшін кек алуға, сондай-ақ өз тұқымының рухтарымен күресуге әрдайым дайын. Әр шайқас, әр оқиға ақиқатты айқара ашатын қылыш секілді. «Энни» және «Шығармашылық өнер саласындағы Эмми» сыйлықтарымен марапатталған бұл мультсериалдың екінші маусымы шықпақ екен. 2026 жыл, Netflix.

Blue Spirit — 2004 жылы құрылған студия әрі продакшн. Кеңселері Францияда (Анже, Париж) және Канадада (Монреаль) орналасқан. Студия Marvel-дің «Былай болса ше...?» анимациялық антологиясының 10 эпизодын жасап, комикстер стиліне келетін, ерекше анимациясымен танылды.

3. Ағыс (2024 жыл)

Су басқан, жануарлар тіршілік ету үшін құрлық іздеген әлемде біз тастанды қалалар мен ну ормандарды саяхаттап жүрген, қаңғыбас қара мысықты кездестіреміз. Ол жолдан капибара, лемур, құс және ит сияқты дос табады. Тағдырлары сынақ барысында тоғысып, әрқайсы тірі қалуды, сенім артуды және өзгелердің ерекшеліктерін қабылдай білуді үйренеді. Мультфильм жан тебірентерлік әрі әсерлі хикаяларды сүйетіндер үшін must-see. «Ағыс» саладағы ең беделді сыйлықтардың бірі — Ансидегі халықаралық анимациялық фестивальде бірнеше марапатқа, соның ішінде қазылар алқасының және көрермендердің ықыласы сыйлықтарына ие болды.

Take Five пен Sacrebleu Productions — Бельгия мен Францияда құрылған студиялар. Take Five 2009 жылы Брюссельде, ал Sacrebleu Productions 1999 жылы Парижде пайда болды. Sacrebleu Productions 90-нан астам қысқа метражды фильм түсіріп, Канн, Берлин, Венеция және Хиросима фестивальдерінде бірнеше рет марапатталған болатын.

4. Ниндзя тасбақалар: Мутанттар бүлігі (2024 жыл)

Нью-Йорк, канализация және мутаген — Леонардо, Микеланджело, Рафаэль және Донателло атты төрт ағалы-інілі тасбақалар мен Сплинтер есімді дана егеуқұйрықты қалыптастырған элементтер. Бұл жасөспірім тасбақалар жер астында өсіп, жер үстіндегі адамдарды мойындатқысы келеді. Мутанттар тобы мен олардың көсемі — Суперфлай есімді мутант шыбынмен күресіп, қоғамға пайдалы бола алатынын дәлелдегісі келеді. «Ниндзя тасбақалардың» жаңа нұсқасы 1987 жылғы мультсериалдан, режиссердің мектептегі эскиздерінен және жасөспірімдердің басынан өтетін әр түрлі оқиғалардан шабыт ала отырып жасалған.

Mikros Animation — 1985 жылы құрылған, Монреаль, Париж, Бангалор қалаларында кеңселері бар продакшн. «Ниндзя тасбақалар: Мутанттар бүлігін» жасау үшін студия Cinesite студиясының Ванкувер және Монреаль қалаларындағы филиалдарымен бірігіп жұмыс істеген болатын. Autodesk Arnold бағдарламасының негізінде арнайы шейдер-прототип әзірлеген Mikros Animation детальдер мен жарққа баса көңіл бөліп, «боялған» эффект жасаған екен.

5. Жабайы робот (2024 жыл)

Қатты дауыл кезінде ROZZUM-7134 немесе жай ғана Роз атты робот иесіз арал жағалауына шығып қалады. Жергілікті тұрғындар роботтан қорқып, оған ашулана түседі. Алайда Роз жаңа әлемді зерттеп, оның тұрғындарымен байланыс орнатып, жұмыртқадан шыққан балапанды Сарытұмсық деп атап, оны асырай бастайды. Уақыт өте келе балапан бүкіл аралдың тағдырына әсер етеді. Жабайы робот жөніндегі бұл хикая сыншылардың да, көрермендердің де көңілінен шықты.

Жоғарыда аталған студиялармен салыстырғанда DreamWorks Animation студиясы — таныстыруды қажет етпейтін, сала алыбы. «Шрек», «Кунг-фу панда», «Мадагаскар» сияқты туындыларымен танымал студия үшін «Жабайы робот» өз күшімен жасаған соңғы жобасы болды. Болашақта студия мультфильм жасауға сыртқы өндірушілерді тартпақ.

Темы