2024 жылдың ең жақсы музыкалық өнімдері туралы сөз қозғап, есте қалған орындаушылар мен авторларды жинап қойдық
2024 жыл тыңдармандарды ерекше музыкалық релиздермен һәм жаңалықтармен қуантып келеді. Өнер иелері музыка шығару тәсілдерін жаңғыртқан болып, жанрлармен эксперимент жасап, туындыларына жүрдім-бардым қарамай, терең мағынамен құнарлы ете түсуді мақсат еткен. Әсіресе ішкі толғаныс пен жеке басының оқиғалары әннің сөзіне, рэптің тармақтарына арқау болған. Оған қоса, өткен дәуірдің танымал әртістері ұзақ үзілістен кейін сахнаға қайта оралып, өздерінің культ статустарын тағы бір мәрте дәлелдеп, шығармашылықтағы үзілістердің пайдасын да көрсеткенін дүйім жұрт байқамады емес, байқады. Сонымен қатар, жас әрі енді танылып келе жатқан музыканттар тың жанрлардың тасын өрге домалатып, тыңдарманның жүрегін жаулағанына да куә болдық. 2024 жылдың ең үздік музыкалық релиздерінің қатарына әдеттегі поп-музыка мен хип-хоптан бастап, сирек танылатын артхаустау жанрлар да енді. Ал, кеттік!
BRAT – Charli XCX
Charli XCX-тің алтыншы студиялық альбомы 2024 жылдың басты музыкалық жаңалықтарының бірі болып танылды. Британдық әншінің бұл еңбегі сыншылар тарапынан жоғары бағаланып, тыңдармандардың ыстық ықыласына бөленді. BRAT арқылы Charli XCX жұрт құлағына бөтендеу гиперпоп жанрын кең аудиторияға жеткізіп, оны танымал етті. Бұл альбом тек музыкалық туынды ғана емес, сонымен қатар мәдени феноменге айналып, көптеген мемдер, трендтер мен индустриядағы жаңа тенденцияларға жол ашты. Осы еңбегі үшін Шарлотта Эйтчисонды қазіргі поп-музыканың ең креативті және көрнекті өкілдерінің бірі деп атай бастады. Жастарға арналған гиперпоп стиліне және альбомның еркін әрі тентектеу мінезіне қарамастан, оның лирикасы тереңдігімен және кемелдігімен ерекшеленеді. Альбом арқылы Charli ішкі жан сырын, сезімдері мен толғаныстарын ашық түрде жеткізе алған.
