Тері табақтар, геометриялық костюмдер және ойыншық декор. Аты аңызға айналған кештердің атмосферасын жаңғырту турасында.
Tatler журналының редакциясы үшін костюм кешін өткізуге арнайы себептің қажеті жоқ. Жаңа жылға бір айдан аз уақыт қалғанда тіпті достардың әдеттегі кездесуін де маскарадқа айналдыруға болады.
Трумэн Капотенің 1966 жылы Нью-Йорктегі Plaza қонақ үйінде өткен ақ-қара түсті балы талғампаздық символына айналған еді. Кеш қонақтары, оның ішінде танымал актёрлер, жазушылар және суретшілер ақ-қара түсті киім мен маска киіп келіп, сол заманның нәзіктігін айқындаған болатын. Ал біз сіздерге арнап одан да ерекше әрі батыл кештерге арналған идеяларды топтастырдық: баронесса Ротшильдтің сюрреалистік маскарадтарынан бастап, Bauhaus стиліндегі кештерді де қамтимыз.
Кіл мықтының басын қосып, зәулім залдарға жан бітірген ең ерекше әрі батыл деген сауық кештерден шабыт алып, дәстүрлі басқосулардан әлдеқайда ерек мереке ұйымдастырамыз.
Surrealist Ball
1972 жылдың желтоқсанында Ферьер қамалында өткен баронесса Мари-Элен де Ротшильдтің Сюрреалистер балы тарихтағы ең ерекше әрі батыл іс-шаралардың бірі болып есептеледі. Оғаш бейнелер, маскалар, символдар. Бұл кешке келген әрбір қонақ абсурд пен құпияға деген өзіндік көзқарасымен ерекшеленген еді. Аса қадірменді меймандардың бірі Сальвадор Дали костюмсіз келіп, сюрреализм дегеннің нағыз өзі екенін паш етті. Ал кешті ұйымдастырушы көзінен гауһартас тамшылаған бұғының образын сомдаса, Одри Хепбёрн ел алдына торға қамалған құс кейпінде шыққан екен. Сондай-ақ үстелдерге тері табақтар, ал қасық пен шанышқының орнына өлі балық қойылыпты. Нағыз сюр.