Мұхтар Әуезовтің мүсіні мен Әл-Фарабидің асқақ ескерткішін жаратқан дарынды қазақ мүсіншісі Ескен Сіргебаевтың өнер туындыларын өз көзіңізбен көрумен қоса, әлдебірін сатып алып, иесі атануға болатын сирек мүмкіндікті мүлт жібермеңіз!

Ескен Сіргебаев – Кеңес дәуірінің көрнекті мүсіншісі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері, «Парасат» және III дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегері, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының беделді профессоры. Оның қолынан шыққан танымал туындылары – Қазақ ұлттық драма театрының алдындағы Мұхтар Әуезовтің мәңгілік бейнесі және ҚазҰУ қалашығының (бұрынғы ҚазГУград) бас аллеясындағы Әл-Фарабидің кемеңгерлігін паш ететін ескерткіш.  

Алматыдағы сәнді декор мен асыл ыдыстарға арналған «Domingo» салонында Ескен Сіргебаевтың  «Шебердің оралуы» атты көрмесінің шымылдығы түрілмек. Мүсіншінің онға жуық таңдаулы еңбегі ұсынылатын көрменің ресми ашылуы 10 сәуірде шағын кеш түрінде өтеді. Ал барша өнер сүйер қауым теңдессіз туындыларды 11-18 сәуір күндері тамашалай алады. Көрме барысында көздің жауын алар барлық экспонаттарды сатып алуға болады. Бұл көрме – өнерге құштар коллекционер әрі «Domingo» салонының мейірімді иесі Әйгерім Қапардың жүрек түбінен шыққан бастама.

Tatler Asia
IMAGE Instagram @domingosalone @yesken_sergebayev

«Ескен Сіргебаевтың жұмыстарымен танысқан кезде нағыз інжу-маржанға тап болғанымды ұқтым, сондықтан да жанкүйерлері оның мүсіндерін сатып алуға ағылып келеді деген ой болды. Бірақ, өкінішке қарай, бүгінде Ескен Аманжолұлының Кеңес дәуіріндегі зор танымалдығы мен асқақ бағасына қарамастан, ғажайып туындыларын ешкім сатып алуға асықпайды. Мен оның шеберханасының алғашқы клиенті ғана емес, шапағатты шаңырағына да жиі қонақ болып барамын. Уақыт өте келе он саусағынан өнер тамған шебердің жұмыстарынан жеке көрме ұйымдастыру идеясы туындады. Ағамыз да қуана келісіп, жүзеге аса кетті», – деп ағынан жарылды Әйгерім Қапар.