2024 жылдың үздік ойындары туралы айтып қана қоймай, видео ойындардың өнер екенін дәлелдеуге тырысамыз
«Өнер дегеніміз не?» — постмодернизм дәуірінің аса өзекті, дилетанттық сұрағы. Ненің өнер, ненің өнер емес екенін анықтаудың екі негізгі тәсілі бар: еркін және элитарлық. Бірінші тәсіл не нәрсені өнер дей беруге жол ашса, екіншісі қатаң шектеу қояды. Қайсы дұрыс екенін нақты айта алмадық. Алайда біз видео ойындардың өнер екенін нақты білеміз және сіздердің де бұл тұжырымға сенулеріңізді қалаймыз. Мұны дәлелдеу үшін 2024 жылдың ең үздік, әсем әрі философиялық ойындарының жинағын әзірледік.
Arctic Eggs
Платформалар: Windows, Mac OS
Жинағымызға кірген ойындардың көбісі дене қызуы 39+ градусқа жеткенде көретін түстерге ұқсайды. Arctic Eggs ойыны да солардың қатарында болғанымен, мұнда сіз ҚазҰУ-дың философия факультетіне жаңа түскен студенттің түсін көресіз. Бұл ойында сіз бейтаныс бір индустриалды қала тұрғындарына жұмыртқа қуырып берумен айналысасыз. Сосын олар псевдофилософиялық түрде ой бөліседі. Мысалы: «Құптай беру эрозияға ұқсайды: ұлы идеялар, асқақтаған таулар секілді, қарапайым, бірақ майда құрылымға дейін ыдырайды».
Диалогтар ғана емес, іс-әрекеттер де абстрактылы. Қала тұрғындары сізден жұмыртқадан бөлек темекі не сыра бөтелкесін қуыруды сұрауы мүмкін. Мұның артында жасырын мағына жатуы болуы мүмкін, бірақ біз оны әлі түсіне қойған жоқпыз. Ойын жасаушылары айтқандай: «Arctic Eggs — заманымыздың Одиссеясы. Онда барлық сұрақтың жауабы бар».
Animal Well
Платформалар: Windows, PlayStation 5, Nintendo Switch
Жануарларды жақсы көретін, қараңғыдан қорықпайтын және пиксель-арт стилін бағалайтын жандарға арналған ойын. Бәрі жаппай ірі бюджеттің артынан қуған заманда мұндай жобалар сирек кездеседі. Animal Well — бір ғана адам жасаған туынды. Автор ойынның физикалық қозғалтқышын да, механикасын да өзі ойлап тауып, графикасын да өз қолымен салған екен. Нәтиже — ерекше әрі кей кезде қорқынышты атмосфера. Себебі бір жағынан қарапайым дизайнда, бір жағынан «төртінші қабырғаны» бұзуда жатыр. Мысалы, компьютеріңіз принтерге қосылып тұрса, ойын бір пазлды шешуге көмектесетін файлды басып шығаруға жібереді. Шыққан оригами қоянын жасау нұсқаулығы сол пазлдың шешімін табуға көмектеседі. Ойынды терезе қылып кішірейтіп, оны ары-бері қозғасаңыз, ойын әлемі де бірге қозғалады. Мұның бәрі ойыншыға артынан біреу аңдығандай не компьютері вирус жұқтырғандай болып көрінеді.