Benetton-ның атышулы жарнама науқандарының авторы 82 жасында қайтыс болды.
Көрнекті фотограф әрі суретші Оливьеро Тоскани 83 жасқа қараған шағында емі жоқ амилоидоз дертінен қайтыс болды. Ақуыз алмасуының бұзылуымен байланысты ауру фотографтың бойында сексеннің сеңгіріне шыққан шақта анықталған еді. Өкінішке қарай, екі жылға созылған күрес тау тұлғаның қазасымен аяқталды. Тау тұлға деуіміз де бекер емес. Өзінің атышулы туындыларымен танымал болып, жарнама мен сән фотосуретінің мәні туралы түсініктерді түбегейлі өзгерте алды. Оның ең атақты жұмыстары 1980-1990 жылдардағы Benetton жарнамалық науқандары еді. Тоскани шығармашылығы нәсілдік кемсітушілік, АИТВ (ВИЧ) мәселелері және соғыс тақырыптарын қозғаған әлеуметтік мәлімдемелердің қуатты құралына айналды. Ол аудитория назарынан жиі тыс қалып жататын маңызды тақырыптарға көңіл аударту үшін елең еткізетін бейнелерді пайдаланып, жұртшылықты ойлануға итермелейтін. Оның шығармашылық мұрасы өнер мен жарнаманың қоғамдағы рөлін қайта қарауға әкеліп, пікірталастар тудырды. Өнердің басты миссияларының бірі осы емес пе...



