IMAGE David Lynch: The Art Life | imdb.com

Дэвид Линч бірегей киномен қатар Calvin Klein, Dior, Giorgio Armani сынды брендтерге арнап жарнама да түсірген болатын.

Америкалық режиссер, актер, музыкант әрі суретші Дэвид Линч 78 жасқа қараған шағында өмірден озды. Ол әлемге өзінің сюрреалистік, сырлы әрі гротескілік өнерімен танылған болатын. Бір қызығы, Blue Velvet, Twin Peaks, Mulholland Drive сынды еңбектерімен қатар режиссер 1990-2000 жылдар аралығында әртүрлі брендтерге арнап бірқатар жарнамалық ролик түсірген екен. Арасында Calvin Klein, Adidas, Sony, Gucci, Barilla, Dior, Georgia Coffee, Michael Jackson, Armani, YSL, Nissan, Lagerfeld, Lancome және басқалар бар. Дэвид Линч түсірген ең қызық жарнамаларды және шебердің мансаптық жолын еске алайық.

Obsession by Calvin Klein (1988)

Дэвид Линчтің алғашқы жарнамалық тәжірибесі – Фрэнсис Скотт Фицджеральд (The Great Gatsby), Эрнест Хемингуэй (Fiesta), Дэвид Герберт Лоуренс (Women in Love) және Гюстав Флобердің (Madame Bovary) еңбектерінен алынған үзінділерінің визуализациясы. Түсірілімге кейіннен Twin Peaks сериалының жұлдыздарына айналған актерлер Лара Флинн Бойл, Джеймс Маршалл және Хизер Грэм, сондай-ақ Бенисио дель Торо және басқалар қатысқан болатын.

Georgia Coffee (1991)

Сюжеті Twin Peaks әлеміне негізделген, жапондық Georgia кофесіне арнап түсірілген роликтер сериясы. Сценарий бойынша сериалдың басты кофеманы – арнайы агент Дэйл Купер жапон жігітке хабар-ошарсыз кеткен әйелін табуға көмектеседі. Түсірілімге Twin Peaks сериалының бас актерлерінің бәрі қатысты деуге болады.

We Care About New York (1991)

Нью-Йорк қаласындағы қоқыс мәселесі мен егеуқұйрықтар туралы әлеуметтік жарнама. Қоюшы оператор – Eraserhead, Blue Velvet және Wild at Heart фильмдерін түсіруге қатысқан Фредерик Элмс.

Who is Gio? (1992)

1992 жылы Джорджо Армани Дэвид Личтен жаңа Gio хош иісіне арнап жарнама түсіруді сұрапты. Режиссер ұсынысты қабылдап, модельерге кішігірім поэмадан тұратын сипаттама жіберген екен. Who is Gio? – Линчтің толық шығармашылық еркіндікке жетіп түсірген роликтерінің бірі.

Barilla: Cafè (1993)

Бас рөлді Жерар Депардье сомдаған Barilla макарондарының жарнамасы. Сюжеті әрі қарапайым, әрі түсінікті. Кафеде газет оқып отырған ер адам велосипедтен құлап қалған кішкентай қызды көреді. Оның көңілін көтермек болған ер адам дәмді паста пісіруге кіріседі. Бірақ мұндағы басты сұрақ – «Депардье сомдаған кейіпкер кім?» Бәлкім, дәмхананың иесі болар, бәлкім, жай ғана жақсылық жасағысы келген келуші шығар.

Adidas: The Wall (1993)

Инновациялық түтікті Adidas технологиясының 1993 жылғы жарнамасы. Роликте ешқандай қиындыққа мойымай, жақсы нәтижеге ұмтылған желаяқтың хикаясы баяндалады.

PlayStation 2: The Third Place (2000)

Sony PlayStation 2 ойын консолінің жарық көруіне орай түсіріліп, Еуропа кинотеатрларында көрсетілген жарнама. Жарнамалық науқанға дайындық барысында Sony компаниясы 18 ай бойы зерттеу жұмысын жүргізген көрінеді. Фокус-топтардың назарына бес түрлі жарнамалық науқан ұсынылған екен. Респонденттердің көзінің жауын алған жалғыз ролик The Third Place болыпты. Лос-Анджелесте өткен екі күндік түсірілім барысында Дэвид Линч әр кадрға небәрі екі-ақ дубль жасаймын деп шешіпті. Сондай-ақ жарнаманы түсіру барысы туралы әзірленген жеті минуттық ролик бар, мына сілтеме арқылы көре аласыз. Жарнама Twin Peaks сериалының үшінші маусымына қатты ұқсайды.

Lady Blue Shanghai (2010)

Lady Blue Shanghai қысқаметражды фильмі – актриса Марион Котийяр түскен Lady Dior жарнамалық роликтер сериясының бөлшегі. Туындыға шебердің стилі әбден сіңгені байқалады: сырға толы сюжет, оператордың жұмысы, жан түршіктірер саундтрек, арнайы эффектілер. Атмосферасы және сценарийі жағынан Inland Empire триллеріне қатты ұқсайды. Сонымен қатар фильмнен Twin Peaks-ке нұсқайтын ашық көк түсті раушан гүлін, яғни сериалдағы құпия ФБР бөлімшесінің нышанын байқауға болады.

Rouge Louboutin (2014)

2007 жылғы биік өкше киген, жалаңаш бойжеткендердің мистикалық фотосуреттерінен құралған фетиштік көрме аяқ киім дизайнері Кристиан Лубутен мен Дэвид Линчтің бірінші коллаборациясы болды. 2014 жылы Кристиан флаконы классикалық «өзі қара, табаны қызыл» Louboutin туфлиіне ұқсатып жасалған Rouge Louboutin атты алғашқы тырнақ лагын шығарады. Оның релизіне арнап Дэвид Линч өзіне жат 3D форматын сынақтан өткізіп, ролик түсіреді. Кейін 2016 жылы Лубутен Twin Peaks сериалы мен культтік сипатқа ие болған So Kate туфли моделінен шабыт ала отырып, Shoepeaks клатчін шығарды.

Режиссердің тарихы

Дэвид Линч өнер саласында жұмыс істегісі келетінін 15 жасында танысының әкесі еңбек ететін шеберханаға барғанда түсінген екен. 1965 жылы Пенсильвания көркемөнер академиясында сурет салу өнерін меңгерген Линч 1966 жылы өзінің алғашқы анимациялық фильмі Six Men Getting Sick картинасын әзірлейді. Содан кейін 1967 жылы режиссер камера сатып алып, The Alphabet фильмін түсіреді де, 1977 жылы толықметражды Eraserhead фильмімен дебют жасайды. Нью-Йорк және Лос-Анджелес қалаларындағы түнгі сеанстарда үш жылдан астам уақыт бойы көрсетілген бұл фильм өзінің шағын ғана бюджетін ($10 000) 700 есе ақтап үлгерген екен. Дэвид Линчтің The Elephant Man атты келесі фильмі сегіз түрлі «Оскар» номинациясына ұсынылғанымен, бірде-біреуін жеңіп ала алмапты. Алайда осы сәттен бастап режиссердің аты шыға бастайды.

Tatler Asia
IMAGE imdb.com

Кейіннен Дэвид Линчке Star Wars сагасының алтыншы бөлімін түсіру жөнінде ұсыныс келіп түседі, алайда Dune фильмін түсіріп әлек болып жатқан режиссер ұсыныстан бас тартады. Фрэнк Герберттің кітабына негізделген фильм коммерциялық тұрғыдан да, сыншылар арасында да сәтсіздікке ұшырағанын айта кету керек. Линч фильмнің соңғы нұсқасын көре алмағанын айтады. 1986 жылы режиссер Blue Velvet фильмінің көмегімен шелектеп шашқан абыройын қайта қасықтап жинай бастайды. 1990 жылдың сәуірінде ABC телеканалының эфиріне Twin Peaks сериалы шығады. Time журналының Дэвид Линчке дарытқан «Гротеск Патшасы» (Czar of Bizarre) «атағы» осы кезде пайда болған екен. Сол жылдың мамыр айында режиссердің Wild at Heart фильмі Канн фестивалінің «Алтын пальма бұтағы» сыйлығына ие болады. Бір қызығы, екі жылдан кейін дәл осы сахнада Twin Peaks сериалының приквелі – Twin Peaks: Fire Walk with Me фильмі жеңіліс табады. Линчтің келесі туындысы, яғни Lost Highway фильмі әлі күнге дейін режиссердің ең бір түсініксіз еңбегі саналады. 1999 жылы Walt Disney Pictures компаниясы «Гротеск Патшасының» керісінше ең бір түсінікті фильмдерінің бірі The Straight Story картинасын шығарады, көрермен жасына қарай белгіленген рейтингі – 0+. ABC каналы Дэвид Линч 2000-шы жылдары түсірген Mulholland Drive сериалынан бас тартқанымен, режиссер жобаны тастап кетпеуді жөн көріп, оның пилоттық сериясын толықметражды фильмге айналдырады. Ақырында Mulholland Drive көптеген сыйлықтарға, оның ішінде «Оскар» номинациясына ие болды. Inland Empire (2006) картинасына келгенде Дэвид Линч одан әрі еркінсіп, фильмді арзан ғана цифрлық камераға түсіріп, оны өзі насихаттаған-ды. Қарапайым жарнамалық науқан аясында сиырмен бірге келе жатқан режиссер жолдың жиегіне шығып, Лора Дерн бейнеленген кадрды ұстап отырады. 2017 жылы Twin Peaks сериалының үшінші маусымы жарық көргенде, Дэвид Линч кинематографтан кететінін жариялайды. Байқасаңыз, мансабы «америкалық таулар» аттракционына ұқсағанымен, бірде абыройы асқақтап, енді бірде орға құлаған режиссер өзіне ғана тән көзқарастан еш алыстаған емес.

Tatler Asia
IMAGE imdb.com
Tatler Asia

David Lynch: The Man from Another Place кітабының авторы Дэннис Лим Дэвид Линчтен «линчтік» терминін сипаттауды сұрағанда, ол былай депті: «Әр адам оны өзінше түсінеді. Досым Чарли (Лутса) бірде «Бәліштің ортасындағы ойыққа емес, өзіне қара» деген болатын. «Линчтік» сынды концептілерді сол ойыққа қатысты зат деп білемін. Ол туралы ойға шому – мен үшін қауіпті нәрсе».

Темы