2024 жылы сюрреализм 100-ге толды. Өнертанушы Александра Кудряшовадан осы бағыттағы әйелдер туралы айтып беруді сұрадық
Осыдан жүз жыл бұрын, 1924 жылы Парижде сюрреализм манифесі жарияланған болатын — бұл өнер тыйым салынған және көзге көрінбейтін нәрсеге алғаш рет тура қараған кез еді. Андре Бретон жазған «Сюрреализм манифесі» жаңа көркемдік қозғалыс декларациясы ғана емес, сондай-ақ қалыпты нәрсенің бәріне сын көзбен қараудың, автордың өзі айтқандай, «жаңа айыптың», яғни жаңа өмір салты ұраны болды. Бретонның өзі былай деп жазған еді: «Ішкі әлеміміздің ұзақ уақыт бойы байқалмаған, еленбеген және де, менің ойымша, ең маңызды бөлігі кездейсоқ түрде қайта жарыққа шықты».
Адамзаттың ұзақ уақыт бойы жабырқап, рационалды ойлаудың кесірінен тығырыққа тығылған бейсаналығы бір мезетте құқықтарын жүзеге асыра бастағандай болды. Бұл аймақты зерттеуге батылдық танытып, бұрын-соңды болмаған әдістерді қолдануға бел буған сюрреализм еді. Ол дәуірдің суретшілер бояумен, сөзбен және фотографиямен бейнелеген ұжымдық түсіне, терапиясына айналды. Шын мәнінде өнер мұндай қорқынышты, соғысқа оранған, шынайы мен иррационалды арасындағы шекарасы өше бастаған әлемді алғаш рет кескіндеді. Адамзат қалайтын және қорқатын заттарымен бетпе-бет келуі керек болды. Бірінші дүниежүзілік соғыс үйреншікті тәртіпті бұзып, құрбан болған миллиондаған адаммен бірге бұрынғы құндылықтардың да жойылғанын, сондай-ақ «құдайы жоқ» әлемде өмір сүру мүмкін емес екенін ұқтырды. 1920 жылдардағы Париж жаңа көркемөнер революциясы орталығына айналды. Монпарнас кафелерінде жаңа тіл мен өнер философиясын іздеген богема — кубистер, дадаистер және сюрреалистер жиналатын. Олардың кездесулері идеялар мен провокациялар тоғысқан, өнер сөз емес, әрекет болған кеңістікке айналды. Олар арман мен қиялды күнделікті шындықпен теңдей көретін, балама шынайылық құрастырды.
Сюрреализм әйел көзқарасымен жаңа бағыт алды. Әйелдер сюрреалистік философияны жай бейімдеп қана қоймай, жаңа сұрақ қоя бастады. «Әйел әлсіздігінің емес, күшінің арқасында сүйетін күні, өз-өзінен қашу үшін емес, өз-өзін табу үшін сүйетін күні, өз-өзінен бас тарту үшін емес, өз-өзін мойындату үшін сүйетін күні — ол әйел үшін махаббат, ер адамға сияқты, қауіпке емес, керісінше өмірдің қайнар көзіне айналады» – деп жазыпты Симона де Бовуар. Әуелде әйелдерге муза немесе эротикалық бейсана ретінде қараған қозғалыстағы сюрреалист әйелдер үйреншікті рөлдерден бас тартып, өнерді жеке тұлғасын, қорқыныштарын және қалауларын зерттеу алаңына айналдырды. Олар үшін сюрреализм тек эстетикалық бағыт емес, сондай-ақ тұлғалық, интимді және травмалық нәрселер туралы түсіністікпен айтуға мүмкіндік беретін философиялық қадам болды.