Мамырдың 22-31 күндері Лондонның Barbican бруталист өнер орталығы өз автотұрағының бірінде иммерсивті шоу ұйымдастырмақ
Лондонның Barbican бруталист өнер орталығы кезекті экспериментке дайын! Биыл мамыр айында Feel the Sound көрмесі үшін музей өз автотұрақтарының бірін нағыз рейв кеңістігіне айналдырмақ. Музыка, қозғалыс және адамның денесі арасындағы байланысты зерттейтін бұл иммерсивті шоу сіздің сезімдеріңізді оятуға уәде береді.
Көрме бағдарламасында 11 инсталляция мен бірегей өнер туындылары бар. Олардың ішінде ең таңғаларлық кеңістік Car Park 5-тегі Joyride болмақ. Оны дублиндік Temporary Pleasure сәулет студиясы рейв мәдениетінің рухында жасақтайды. Бұл студия өзін «түнгі өмір, музыка, өнер мен мәдениет үшін уақытша тәжірибе ұйымдастыратын сәулеттік зертхана» ретінде ұсынады. Мұнда «boy racer» субмәдениеті мен DIY raves элементтері бірігіп, музыка көліктердің модификацияланған аудиожүйелерінен тікелей беріледі.
Дәл осы автотұрақта барселоналық Domestic Data Streamers зерттеу және дизайн студиясының Forever Frequencies инсталляциясы да орнатылады. Авторлары жобаны «Excel кестелерін эротикалық өлеңдерге айналдыратын 30 тіршілік иесі» деп сипаттайды.
Көрмеде сонымен қатар Evan Ifekoya, Miyu Hosoi, Boiler Room, MUTEK және үндістандық Murthovic & Thiruda секілді танымал суретшілердің де жұмыстары ұсынылады. Ал ең әсерлі бөлімдердің бірі – әлемдегі алғашқы кәсіби транс-вокалдық ұжым Trans Voices-тің ILĀ және MONOM дыбыс өнері студиясымен бірлескен UN/BOUND жобасы. Бұл инсталляция «голографиялық хор» ретінде сипатталады, онда келушілер өз даусын қосып, үнемі өзгеріп отыратын музыкалық ағымға ене алады.
Feel the Sound көрмесі 22–31 мамыр аралығында Barbican-да өтеді. Лондондықтар мен қала қонақтары үшін бұл қала брутализмі мен рейв мәдениетінің тоғысқан таңғажайып тәжірибесі болмақ. Ал ең шыдамды жанкүйерлер 2026 жылы осы көрмені Токиодағы The Museum of Narratives-те тамашалай алады.